
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігі артады. Мемлекет-жекеменшік серіктестігі арқылы 2019 жылы 500 балабақша салынды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 7 мың 678 мектепке дейінгі білім беру ұйымы (71,6%) ішкі және сыртқы бақылау камераларымен жабдықталған. Білім беру органдарының қатысуынсыз балабақшаларға жолдама беру рәсімі автоматтандырылды. Мектеп педагогтеріне үстемеақы қосу тәртібі енді мектепке дейінгі ұйым қызметкерлеріне де енгізілді.
Орта білім беру. Биыл 150 мыңнан аса педагог біліктілік санаттарын растап, 30-50%-ға дейін қосымша ақы алып жатыр. Мектеп директорларының жалақысы үстемеақы есебінен артады. Директорларды және олардың орынбасарларын аттестаттаудан өткізу институты енгізіледі, одан өткен басшылар жалақысына 30-дан 100 пайызға дейін қосымша үстемеақы алады. Сонымен қатар мұғалімдер қағазбастылықтан арылады, өйткені министрлік білім беру ұйымдарындағы қызметкерлердің жүктемесіне сай қандай есеп толтыратыны көрсетілген бұйрықты енгізді. ҰБТ биыл санитарлық талаптар сақталып, дәстүрлі түрде өтеді. Талапкер сәтті тапсырғанда электронды сертификат алады. Сондай-ақ осы жылғы өзгерістерге сай талапкерлерге калькулятор қолдануға рұқсат беріліп отыр. Дегенмен құрылғының тек тест тапсыру орнында берілген қарапайым түрін ғана алып кіре алады.
Кәсіптік-техникалық оқыту. Колледждерге академиялық еркіндік беріледі. Типтік оқу бағдарламасының мазмұны кәсіби стандартқа сай болуы аса маңызды. Бізде көбіне осы сәйкестік болмағандықтан түлектеріміздің білім-білік дағдылары нарықтағы жұмыс берушіні қанағаттандырмайды. Сол себепті министрлік кәсіптік-техникалық оқу орындарына академиялық еркіндік беруді қолға алып отыр. «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасымен 300 мың адам, дуалды оқыту бағдарламасымен 55 мың студент қамтылған. Биылдан бастап колледж оқытушылары да балабақша мен мектеп педагогтері секілді аттестаттаудан біліктілік санаттарын иеленіп, соған сай пайыздық үстемеақы ала алады.
Жоғары білім. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында берген тапсырмасына сәйкес, ЖОО оқытушыларының жалақысы көбейеді. Президент тапсырмасымен биылдан бастап грант құны көтеріледі. Оның бағасы 10 жыл бойы өзгермеген-ді. Енді министрлік оқытушылардың жалақысын көтеруді мемлекеттік ЖОО-ларға міндеттемек. Сонымен қатар ведомство білім беру бойынша сапалы қызмет көрсетпейтін жоғары оқу орындарын оңтайландыру бойынша жұмысты жалғастырады. Осыған дейін бірнеше ЖОО-ның жабылғаны және бірқатар университет ішінара мамандықтардың лицензиясынан айырылғаны белгілі.
Ғылым. «Қазақстан ғылымы» бірыңғай ақпараттық жүйесі жасақталады. Онда ғылыми қызметкерлердің деректер базасы мен ғылыми дәйексөздің қазақстандық индексі ұсынылады. Жүйеде әрбір отандық ғалымның өз жарияланымдарының тізімі, аяқталған және іске асырып жатқан зерттеулерінің қысқаша сипаттамасы берілген өзекті профайлы болады. Сондай-ақ гранттың немесе бағдарламаның мақсаты, қаржыландыру сомасы, нәтижелері, бастапқы өтінім мен есептерге өзгерістер енгізу кезеңдері көрсетілген, мемлекеттен қаржыландырылған барлық жобаның ашық базасы құрыла бастады. Докторантураға бөлінген грант саны биыл осыған дейінгі рекордтық көрсеткішке жетіп, 2355-ті құрады.