
Сөз бен істің арасы
Жалпы, алдағы ҰБТ-да санитарлық талаптардың қалай сақталатынын Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жақында өткен онлайн брифингтің бірінде: «Барлық ҰБТ өткізу орындары тепловизор, дезинфекциялық тоннель және аяқкиімді зарарсыздандыруға арналған кілемшелер, медициналық пункттер, санитайзерлер, маскалармен қамтамасыз етіледі», деп айтқан болатын. Сондай-ақ Е.Тоғжанов ҰБТ-ны өткізудің санитарлық-эпидемиялық талаптары бойынша нұсқаулықты әзірлеу қажет екеніне, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, санитарлық талаптарды міндетті түрде орындау, оқушыларды тестілеу орындарына жеткізудің қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруға тоқталған.
Дегенмен сөз бен істің сай келуі дәл қазір маңызды мәселеге айналып тұр. Себебі аттестат тапсыру рәсімін өткізу бойынша да Білім және ғылым министрлігі тарапынан арнайы ұсыным жариялаған еді. Онда: «Рәсімге әрбір түлекпен 1 немесе 2 ата-ана ғана қатыса алады, одан көп болмауы керек. Сонымен қатар санитарлық талаптар мен адамдар арасындағы арақашықтық сақталып, шараға қатысушылардың барлығы маска тағуы тиіс», деп көрсетілген-тін. Бірақ маусым айының 3-4 күндеріне белгіленген рәсімді көру үшін редакция маңындағы 1-2 мектепті сырттай бақыладық. Сонда оқушылардың аулада топ-топ болып жиналып тұрғанын көрдік. Әрі біразы маскасыз жүр.
Бұл ретте ата-аналардың аз болғанын айта кеткен жөн. Ал өңірлердегі таныс-туыстардың әлеуметтік желілерде таратқан видеоларынан түлектердің емін-еркін вальс билеп жүргені арақашықтықтың қаншалықты деңгейде сақталғанын анық көрсететіндей. Әлбетте, өмірде бір болатын шарада көңілдегіні жасаған жақсы, алайда адамның өмірі бәрінен бірінші тұруы тиіс.
Нақты нәтижеге келгенде осындай сөз бен істің алшақтығы, аттестат тапсыру рәсіміндегі тәжірибе ҰБТ-ны биыл екі есе күшейіп тұрған талапқа сай өткізуге сабақ бола ала ма?
Дезинфекциялаудың 5 кезеңінен өтеді
Жоғарыдағы салмақты сауалмен Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұловқа хабарластық. Ол бізге биылғы тестілеуді өткізу дайындығына екі есе күш салып жатқанын жеткізді. Бұл жолғы ҰБТ-да негізгі талаптардың бірі ересектерден бастау алып тұрғандай. Себебі алдағы тестілеуде ҰБТ өткізу пунктінің аумағында ата-аналардың, мұғалім және басқа адамдардың болуына рұқсат етілмейді. Бәрін бақылау үшін әр аудиториядан онлайн трансляция жүргізіледі. ҰБТ-ға талапкерлерді баррикадты ленталар арқылы 2 метр қашықтықты сақтай отырып өткізеді.
«Коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында аудиториядағы тестілеуге қатысушылардың саны 50%-ға қысқартылды, олардың арасында кемінде 2 метр қашықтық сақталады. Сонымен қатар талапкер дезинфекциялаудың 5 кезеңінен өтеді. Бірінші тоннель арқылы түрлі инфекциядан бойын тазартады, содан соң аяқ- киімдерін арнайы кілемшемен дезинфекциялайды. Үшінші қолдарына антисептик себеді. Артынша дене қызуын өлшетіп, маскамен қамтамасыз етіледі. Қатысушылар арасындағы 2 метрлік арақашықтық отыратын орындарда ғана емес, тестілеуге кіргізуде де сақталуы тиіс», дейді Д.Смағұлов.
Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы директорының мәлімдеуінше, ҰБТ өткізу жоспары аймақтардағы бас санитарлық дәрігерлермен келісілген. Медициналық қызметкерлер мен жедел жәрдем машиналарының кезекшілігі қарастырылады. Осыған қоса ҰБТ-ның өткізілу барысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттінің жанынан құрылған Арнайы мониторингтік топ (АМТ) бақылайды. Бұдан бөлек бақылау ісіне ахуалдық және call-орталықтар атсалысады.
Қандай өзгерістер күтіп тұр?
Бір жылдары талапкер қыздың орнына тест тапсыруға кірген студент жігіттің жайы жұртты біраз шулатқан еді. Енді талапкерлер өзінің орнына ҰБТ-ға басқа адамды кіргізе алмайды. Өйткені биылдан бастап тестілеу пункттерінің кіреберісінде талапкер жеке тұлғаны бет-әлпетінен танитын (Face ID) бағдарлама арқылы сәйкестендіруден өтеді.
Биылғы ҰБТ-ның екінші бір ерекше өзгерісі сертификатта болып тұр. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев бұл туралы: ҰБТ-дағы тағы бір өзгеріс сертификатпен байланысты. Маусым айында өтетін тестілеудің қорытындысында бұрынғыдай қағаз түріндегі сертификат емес, электронды сертификат беріледі», деген-ді. Айтпақшы сертификатпен қоса білім грантын беру туралы куәлік те электронды нұсқада болмақ.
Педагогикалық мамандықтарға тапсыратын талапкерлер енді ең аз дегенде 70 балл жинау керек. Бұл шешім педагогикалық мамандықтың тартымдылығын арттыру мақсатында қабылданды. Осы тұрғыда педагогикалық мамандықтар бойынша оқуға түсу үшін шекті баллды 70 балға дейін көтеру қарастырылған. Сондай-ақ педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысы 42 мың теңгеге дейін артады.
ҰБТ-дағы тағы бір елеулі өзгеріс калькуляторға қатысты болып отыр. Алдағы тестілеуді тапсырушылар ҰБТ кезінде калькулятор қолдана алады. Ұлттық тестілеу орталығы мұндай қадамға ата-аналардың қалауымен барғанын хабарлады. Бірақ талапкердің қалаған құрылғыны үйінен алып келуіне болмайды. Тестілеуге алып кіруге болатын қарапайым калькуляторды тек ҰБТ тапсыру орындарында ғана беріледі.
Қазіргі таңда жас буын шетелдік университеттердің талапкерлерге беретін мүмкіндігін пайдалануға және түрлі әлемдік білім байқауларында бақ сынауға бейім. Осы ретте талапты талапкерге ҰБТ-ны тапсырмай-ақ білім беру грантының конкурсына қатысуға жағдай жасалып отыр. Бұл үшін талапкер SAT, ACТ және IB халықаралық стандартталған тестілеулерді тапсырып, сертификат иеленген болуы керек. Себебі Ұлттық тестілеу орталығы биыл аталған тестілерді тапсырған талапкердің балын ҰБТ балына ауыстыру шкаласын енгізуге шешім қабылдады.
Қоса кетейік, биыл ҰБТ-ны 131 мың 755 адам тапсырады. Оның 111 мың 109-ы биылғы бітірушілер болса, колледж және өткен жылғы бітірушілерден 20 мың 646 өтінім түскен. Талапкерлердің 98 мың 169-ы тестілеуді (74,5%) қазақ тілінде, 33 мың 368-і (25,3%) орыс тілінде және 218-і (0,2%) ағылшын тілінде тапсыруға ниетті.