
Байқаудан бағы ашылса..
Білім және ғылым министрлігінің «Ғылым қоры» карантин кезінде еліміздегі ғалымдар арасында «Стоп-коронавирус» атты байқау ұйымдастырды. Еліміздің әр өңірінен қатысқан авторлар онлайн режімде өткен ғылыми байқауға өз жобаларын ұсынып, тікелей эфирде жұмыстарын қорғады. Бұл карантиндік талаптарды сақтаумен қатар жобаларды бағалау үрдісінің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етті деуге болады. Өйткені аталған байқауға қалыптасқан ғалымдар ғана емес, докторанттар, студенттер, кәсіпкерлер, стартаперлер, сондай-ақ барлық ниет білдірген қазақстандықтар да коронавирусқа қарсы күресуге бағытталған идеяларын ұсынды.
Қоғам арасында отандық ғалымдардың әлеуетіне сенімсіздікпен, болмаса сын көзбен қарайтындар көп. Шынында біздің ғалымдар қауқарсыз ба? Пандемияның алдын алуға, тіпті тоқтатуға мүдделі мамандар мен ғалымдардың белсенділігіне, бәсекеге қабілеттілігіне қарап олай демес едік. Мәселен, «Стоп-Коронавирус» ашық әрі онлайн-байқауына белгіленген 10 күннің ішінде әр облыстан 141 өтінім келіп түскен. Айта кетейік, байқауға жеке тұлғалармен қатар 12 жоғары оқу орны,14 ғылыми зерттеу институты, сондай-ақ түрлі ұйымдардың өкілдері қатысты. Алдын ала іріктеуден кейін мәселені ашу, шешу жолдары мен механизмдері; жаңалығы мен бірегейлігінің болуы сынды критерийлерге сай келетін 39 өтінім қорғау кезеңіне жіберілді. Байқау жөнінде «Ғылым қоры» АҚ Төрағасының орынбасары Бақытжан Сәркеев: «Іріктелген жобалар жұқпалы аурулардың алдын алу саласында мемлекет пен бизнес үшін тартымды, назар аударуға лайықты шешімдер ұсынып отыр. Бұл байқау – ең алдымен қоғамдық бастама. Мұнда ақшалай ынталандыру немесе тікелей қаржыландыру жоқ. «Ғылым қоры» зерттеушілер мен ғалымдарға тез арада коммерцияландыру үшін өзінің ғылыми әлеуеті мен әзірлемелерін ұсынуға мүмкіндік берді», деді. Осыдан-ақ ғалымдарымыздың отандық ғылымға, өз кәсібіне деген жанашырлықтан туған жанкештілігін анық көруге болады. Өйткені жобаларына грант бөлмесе де, идеяларына инвестор тартуға кепілдік бермесе де ашық алаңда еңбектерін ұсынып отыр. Бұл қадам – негізінен жұмысын әлі патенттеп үлгермеген зерттеушілер үшін үлкен тәуекел. Себебі интернет заманында идея ұрлау кәнігі «кәсіпке» айналып бара жатқандай. Ғалымдардың осындай еңбегін ескеріп, жобаларын жан-жақты насихаттауды жөн көрдік. Өйткені зерттеулерінің байқаудан бағы ашылып, ғылымға қаржы құюды қалайтын кәсіпкерлердің көзіне іліктіруге атсалыссақ деген ниеттеміз.
Жеуге жарамды дәрі
Сонымен байқауда қорғалған ерекше жобалардың бірі – COVID-19-ға қарсы нутрицевтиктердің әлеуетті формуласын дайындау (080-2020-СК). Жоба жетекшісі Жанар Жеңіс зерттеу өнімінің табиғи заттардан құралған дәрумен секілді адамның вирусқа қарсы иммунитетін көтеретін күшке ие екенін айтады. «Осы формулаға сәйкес бұған дейін Гонконгта, Сауд Арабиясынан шыққан коронавирустың түрлеріне құрамындағы қосылыстардың белсенділігі бар өсімдіктер анықталған. Мен солардың басын біріктіріп, оған Т жасушасының қосылысын қостым. Әдетте бұл жасушадан жұқпалы ауруларға қарсы вакцина жасайды. Өйткені Т жасушасының қосылысы ағзаның инфекцияға төтеп беру қабілетін арттырады. Біздің өнімнің басты артықшылығы, адам оны кәдімгі тамақ секілді жей алады. Себебі зертханамызда әзірленген ботаникалық формула жеуге жарамды 3 түрлі өсімдіктен жасалған», дейді Ж.Жеңіс. Автордың айтуынша, өнімі инфекцияға қарсы тұру қабілетін арттырып қана қоймай, ағзадағы қан айналымын жақсартады, құрамындағы әртүрлі протеиндер қуаттандырады, қан аздықты жоюға жәрдемдеседі. Өнімді жеуге болатын, зиянсыз дәрі, өсімдік препараты деуге болады.
Жапония, Корея мен Қытайда жұмыс істеп келген кейіпкеріміз бұған дейін шетелдердегі 10 жылға жуық еңбек жолында өсімдіктерді зерттеп, түрлі дәрілік шайлар мен қоспаларды әзірлеген.
«Қазақстанда технологиялық тұрғыда іске асыруға кедергі жоқ. Коронавирусқа қарсы қуатты, улылығы төмен дәрілік әрі тағамдық өсімдіктер қоспасынан тұратын ботаникалық формула жасалады. Табиғи дәрілік және тағамдық өсімдіктерден жалпы тұнба алу, экстракциялау арқылы биологиялық белсенді кешендерді (ББК) бөліп алу, алынған ББК-нің антимикробты (in vitro) белсенділігін бағалау қажет. Бұл – емделушілерге қысқа жолды қамтамасыз ететін дәрілік өсімдіктерден жасалған қауіпсіз өнім. Дәрілік өсімдіктерден дайындалған препараттар қазіргі жағдайда жүргізіліп жатқан емдеу әдістеріне қарағанда шығыны аз, экономикалық тұрғыдан тиімді. Бұл препарат COVID-19-ға белгілі қарсылыққа қабілетті, сонымен бірге иммундық жүйені арттыру арқылы қорғаныс жолын қамтамасыз етеді. Вирусқа қарсы әлеуетті терапиялық белсенділігі бар дәрілік препараттың молекуласы анықталады, құрылымы оңтайландырылады және in vitro эксперименттерінің көмегімен функциясы тексеріледі, содан кейін жануарларға клиникалық сынақтар жүргізіледі», дейді ғалым. 20 жылдық еңбек өтілі бар Ж.Жеңіс қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу орталығының» директоры, 80-нен аса ғылыми еңбектің авторы. 3 мемлекеттік және 3 халықаралық жобаға қатысқан кейіпкеріміз аталған жұмысын жүзеге асыруға Миссисипи университетінің профессоры мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы мен докторанттарын тартып отыр.
Жабайы ақжелкен вирусты жоя алады
«Стоп-коронавирус» байқауының финалисі Марита Тұрғанбайқызы лептонин негізінде кең спектрлі жаңа отандық вирусқа қарсы препаратты, жабайы ақжелкен (халық арасында жабайы сәбіз деген атаумен танымал) lomatium Dissectum өсімдігінің тамырларында болатын биологиялық белсенді затты жасау жөніндегі жобаға жетекшілік етеді.
Шетелдік 5 университетте Lomatium dissectum жақсы зерттелген. Сол зерттеулерді жүргізген ғалымдар аталған өсімдіктің тамырында бар эфир майларының вирусқа қарсы және антибиотиктік қабілетке ие ингредиенттен тұратынын, сондай-ақ бактерияға қарсы және антигрибтік қасиеттері бар екенін анықтады. Lomatium dissectum сығындысының вирусостатикалық әсері ағзадағы барлық вирустардың, бактериялар мен зеңнің өсуін тоқтата алатынын білдіреді. Бұл ағзаның табиғи иммундық жүйесі зиянды микробтар арқылы денсаулыққа пайдалы микроорганизмдерге зақым келтірмей тиімді күресуге мүмкіндік береді. Lomatium dissectum инфекцияларды жою және табиғи иммундық жүйені қалпына келтіру жағынан да тиімді.
М.Тұрғынбайқызы бастаған ғалымдар осы негізде жаңа вирусқа қарсы препаратты синтездеуге кірісті.
Жоба артықшылықтарының бірі – шикізат базасының болуы, яғни препаратқа қажетті өсімдіктер Қазақстан аумағында өседі. Сол себепті өндірістің барлық кезеңін елімізде жүзеге асыруға болады. Құрамында қосымша фитохимиялық зерттеулер жүргізу, вирусқа және бактерияға қарсы белсенділікті зерттеу, оны in vitro және in viva тестілерімен растау қажет.
Отандық ғалымдардың идеясына АҚШ-тағы ғылыми ұжымдар да қызығушылық танытып жатыр. Негізі жобаны фармацевтикалық компаниялар, жеке инвесторлар да қаржылық тұрғыдан қолдауға мүдделі.
«Егер фармацевтикалық бизнес пен мемлекет тарапынан қызығушылық болса, жоба Қазақстанда толығымен іске асырылуы мүмкін. Біз зерттелетін өсімдік пен әзірленіп жатқан жаңа препарат үлкен перспективаға ие екеніне сенімдіміз. Өйткені бүгінде адамзат өміріне енген SARS-CoV2 жаңа вирусымен күресу өзекті мәселеге айналып отыр. Аталған вирус біздің өмірімізде болады, жоғалмайды және бұл барлық аурумен адамзаттың күресі сияқты жалғасады. Ал емдеудің тиімділігі дәрілік препараттарға байланысты», дейді идея авторы әрі жоба жетекшісі Марита Тұрғынбайқызы. Ол бүгінде фармацевтика ғылымының кандидаты және Назарбаев Университеті University Medical Center корпоративтік қорының ядролық медицинаны дамыту секторының меңгерушісі болып еңбек етеді. Жоба жетекшісінің жанында ғылыми-техникалық жобаларды жүзеге асыру бойынша тәжірибесі бар 4 маман бар. Ол мұндай топпен нақты нәтижеге қол жеткізе алатынына сенеді.
Айта кетейік, байқау қорытындысы бойынша іріктелген жобалар Үкіметтің, сондай-ақ мүдделі инвесторлардың қарауына жіберіледі.