
Ұйым әлемдік 700 жоғары оқу орнын 2004 жылғы әдістеме бойынша зерттеп, жыл сайынғы рейтингін шығарып отырады. Бұл сұрыптау қорытындысының көрсеткіші көптеген талапкерлердің таңдау жасауына және жоғары оқу орындарының беделіне ықпал етіп келеді. Сол рейтингте біздің бірқатар отандық университеттер үздіктер қатарынан көрінді.
QS жоғары білім беру саласындағы сараптамалық агенттігі жақында QS World University Rankings әлемнің үздік университеттерінің жыл сайынғы тізімін жариялады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аталған тізімге енген әлемдегі үздік 1000 жоғары оқу орнының ішінде 165-орынға табан тірепті. Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 365-орынды иеленген.
Мүмкіндік аясы кең мегаполистердегі осындай ұлттық деңгейдегі университеттерден бөлек өңірдегі ЖОО-ның әлемдік үздіктер арасынан көрінуі үлкен жетістік. Соның бір дәлелі болар, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 490-орында және Қарағанды мемлекеттiк техникалық университетi 801-қатарда тұр. Бұл көрсеткіш мұндай тізімге енбей қалған, десе де халықаралық статусты иеленіп отырған кейбір университеттерге үлгі болуы керек.
Осы тізімді әрі қарай Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті 541-550-қатардан орын алып жалғастырады. Осы ретте техникалық ЖОО-ның беделі бізде жаратылыстану және техникалық мамандықтарға көп көңіл бөлінген соңғы 5-7 жылдың көлеміндегі нәтижені көрсетіп тұр деп айтуға болады. Себебі әлемдік үздік ЖОО тізіміне енген еліміздегі техникалық университеттердің қатарын осыдан соң Қазақ ұлттық аграрлық университеті (591-600 орын) мен Қазақ-Британ техникалық университеті (751-800 орын) толықтырады.
Ал QS қорытындысы бойынша іріктелген үздік 1000 ЖОО-ның қатарына қосылған қазақстандық университеттердің тізімін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – 601-650; Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (KIMEP) – 751-800; Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті – 800-1000 орынмен қорытындылайды.
Айта кетейік, QS сараптамасы университеттерді академиялық эксперттік бағалау (40%); рекрутерлік эксперттік бағалау (10%); факультеттегі студенттер саны (20%); факультет бойынша цитаталар (20%); халықаралық бағыт (10%) санаттары бойынша бағалайды.