
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов ең алдымен пандемия жағдайында ҰБТ-ны өткізудің басты ерекшеліктері мен қолға алынған дайындық жұмыстарының барысына тоқталды. Орталық басшысының айтуынша, талапкер тестілеуге кіру алдында дезинфекциялаудың 5 кезеңінен (тоннель, аяқ киімін тазартатын кілемше, қолын антисептикпен сүрту, дене қызуын өлшеу) өтеді. Осыдан соң тест тапсырушы өзінің бет әлпетін арнайы бағдарлама арқылы сәйкестендіріп, өзі тағып келген медициналық маскасын кіреберісте берілетін жаңасымен алмастырады. Әрі қарай жылдағыдай тексеріспен (ҰБТ-ға рұқсат етілмейтін заттардың бар-жоғын бақылау) тестілеуге кіріп, аудиториядағы арақашықтығы сақталған орынға отырады. Ал тестілеу өткізілетін аудитория уақтылы желдетіліп, тестіленушілердің әр легінен соң тазартылуы тиіс.
Биылғы ҰБТ-ның негізгі өзгерістеріне келсек, енді мемлекеттік грант тілге емес, білім беру бағдарламасына бөлінеді. Бұл шындығында қоғамда ең көп талқыланған және Мемлекеттік білім гранттарын тағайындау жөніндегі конкурстық комиссия жыл сайын көтеретін, бірақ осыған дейін шешімі табылмай келген мәселе болатын. Себебі орыс тілінде тест тапсырушылар небәрі 50 балмен грантқа түссе, дәл сол мамандыққа қазақ тілінде тапсырған талапкерлер 70 балмен грантқа ие бола алмай жататын еді. Осыдан соң грант бөлінісінде даулы пікірталастар орын алып отырды. Міне, биыл ата-аналар мен талапкерлер тарапынан айтылған сын өз нәтижесін берген сыңайлы.
2020 жылғы тестілеуде талапкерлерге жасалған мүмкіндіктер аясы кеңейді. Айталық, Ұлттық тестілеу орталығының сайтында әр пән бойынша дайындық тестілерінің бір-бірін қайталамайтын 70 нұсқасы тегін орналастырылды. Сондай-ақ биылғы мектеп түлектерінің қашықтан оқытуға байланысты мемлекеттік бітіру емтихандарынан босатылғаны ҰБТ-ға көбірек көңіл бөлуге жағдай жасады. Әрі талапкерлерге биыл алғаш рет ҰБТ өткізу пунктінде берілетін қарапайым калькуляторды қолдануға рұқсат берілді. Тестілеу уақытының былтырғыдан тағы 10 минутқа ұзартылуы тестілеу жұмысын тиянақтауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.