
Түркістан қаласының шетінде тұратын 3-сыныптың оқушысымен WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы сөйлестік. Қарақат Құттыбай мектепке барғысы келсе де амалсыз үйде қашықтан оқып жүр. Біз интернеттің жағдайын білу үшін әдейі видео қоңырау шалғанымызда: «Мұғаліміміз бұлай сіз секілді видео қоңыраумен шығып сабақ түсіндірмейді. Тек анамның WhatsAppына тапсырма жібереді, соны орындап қайтадан жолдаймыз. Мектепке барып оқыған жақсы еді», деген үш сөйлемнің өзін үзік-үзік жеткен даусынан әзер естідік. Мұғалімі онлайн режімде сабақ түсіндіргісі келсе де болмайтын секілді. Себебі байланыс өте нашар. Ал осындай жағдайда платформа білім бере ала ма? Осы мақаланы жазу барысында сөйлескен бірнеше педагог қашықтан білім берудің сапасын арттыруға платформаның жоқтығы емес, байланыстың әлсіздігі қолбайлау болып отырғанын жеткізді. Десе де өткен «төтенше» тоқсандағы тәжірибеден көргеніміздей, кейбір білім беру платформаларын интернет тарифсіз пайдалануға болады. Ал неліктен бірыңғай білім беру платформасын осылай әзірлемеске?
Сөйтсек, оның өзі оңай емес екен. Өйткені платформаны сайт ретінде домен алып аша салу оңай болғанымен, онда сапалы контент жасау қиын. Оған салынатын материалды әуелі електен өткізу керек. Министр А.Аймағамбетов Жолдаудағы жоспарларды іске асыру бойынша өткен Үкіметтің жиынында:
«Білім беру платформалары оқулықтар секілді педагогикалық сараптамадан өтуі тиіс. Қазір уақыттың өте тығыз екені түсінікті, оған қоса сабақтың саны да көп. Соған қарамастан біз педагогикалық сараптама жүргіземіз», деді.
Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстанда қашықтан оқыту аясында 8 онлайн-платформа жұмыс істейді. Алайда олардың барлығы функционалы мен мүмкіндіктері бойынша ерекшеленеді. Оқу процесін толыққанды іске асыру үшін Білім және ғылым министрлігі білім берудің онлайн-платформаларына бірыңғай талаптар әзірлейді.
Иә, платформадағы материалдардың және жалпы кирберқауіпсіздік жағдайы жақсы болуы керек. Мұны неге айтып отырмыз? Оқу жылының бірінші аптасында елордадағы ата-аналар онлайн сабақ кезінде оқушыларға порнографиялық видео көрсетілгенін айтып дабыл қақты. 5-сынып оқушыларына математика сабағы өткізіліп жатқанда әдепсіз видео шығып кеткен. Қыркүйектің 3-і күні болған оқиғаға қатысты министрлік:
«Білім және ғылым министрлігі онлайн сабақта көрсетілген порнографиялық видеоның кесірінен сабақ туралы деректі Ішкі істер министрлігіне жіберді. Елімізде кеше 2 миллионға жуық сабақ өтті, оның ішінде 80 мыңға жуығы стриминг конференциясын қолдану арқылы педагогтер оқушылармен видео байланыспен сабақ өткізді. Өкінішке қарай, сабақтардың бірінде әдепсіз материалдар көрсетілді. Оқиға процеске қатысушылардың кінәсінен болды: әлдебіреу бөтен адамдарға эфирдің сілтемесін жіберіп әзілдегісі келген. Үйде балаларға стриминг жүйелерді қолдану мәдениетін түсіндіріп айту керек», деп жауап берді.
Міне, осындай жағымсыз жайт тағы қайталанбас үшін де жіті сараптама, сапалы жұмыс керек. Ал жақсы, қауіпсіз, қолжетімді, бір сөзбен айтқанда, сапалы білім беретін бірыңғай онлайн платформаны әзірлеу үшін не істеу керек?
«Kundelik.kz» ЖШС бас директоры Мұхтар Ілиясов бірыңғай платформа бәріміз күткендей, лайықты нәтижеде әзірленуі үшін оны Үкімет жалғыз жасамауы керегін айтады.
«Біздің Үкіметте Президент айтқан бірыңғай платформаны 2011 жылы әзірлеуге мүмкіндік болды. Бірақ сол күйі іске аспады. Оның үстіне жекеменшік серіктестікпен бірлесе қолға алса, бәсеке болады. Оған қоса аз уақыттың ішінде ойдағыдай платформаны жасақтап шығу мүмкін емес. Біз, мысалы, қазіргідей миллиондаған қолданушысы бар платформаға 4-5 айда емес, 4-5 жылда қол жеткіздік. Әрі осы үшін ешбір үкіметтік ұйымдардан кейбір платформалар секілді ақша алып отырған жоқпыз. Мұғалімдер мен ата-аналар, оқушылар платформаны компьютерде тегін қолданады. Бірақ арасында жарнама беріліп отырады. Жарнаманы міндетті түрде електен өткіземіз. Егер жарнамасыз қолдануды қаласа, бір жылға 2700 теңгеге қосымшаны жүктеп ала алады. Біздікі – жалпы мектептердегі құжат айналымы. Екінші бір платформада видео сабақтар, келесісі онлайн сабақтар ұйымдастыратын шығар. Әрқайсысының бағыты, осы жолдағы жемісті жұмысы бар. Сол себепті министрлік қазір қолда бар, лайықты жұмыс жүргізіп, білім беру кеңістігінде өзінің жемісін беріп үлгерген платформалардың басын біріктіруіне болады», деген М.Ілиясовтың ойынша, осындай шешім шығарғанда және платформалардың шығармашылық бағыты сақталғанда іс өнімді болмақ.
Бір ғана платформаның негізінде әзірлеуге немесе қазір нарықта бар өнімді қайта шығаруға мемлекет қаржысын жұмсаудың қажеті жоқ. Бұл жемқорлыққа жол ашады. Бүгінде жұмысын көрсетіп отырған платформаларға мемлекетпен серіктестікте жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, бірдей талап қарастырса, бірігіп алынбайтын қамал қалмайды. Бірыңғай платформа әзірлеуге қарастырылатын қаржыны одан да педагог жалақысын өсіруге, мектептерге жақсы техникалар алуға, мектептерді салуға жұмсаған жөн.
Расында да мемлекеттік білім беру платформасын жасақтау тәжірибесі сәтсіз болған. Әрі сол уақытта сәтсіз жұмысқа бөлінген қомақты қаржының есебін ешкім нақты бермеді. Әйтеуір сұраған адамдар болды. Үш күн бұрын ғана 35 млрд теңгенің есебі берілген болды. Бірақ былтыр мәжілісмен Мұхтар Ерман:
«Есеп комитетінің хабарлауынша, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының бірқатар іс-шаралары толығымен орындалмаған. Білім және ғылым министрлігі жасаған, құны 35 млрд теңге тұратын e-learning электрондық оқыту жүйесі пайдалануға қабылданбады. Мемлекеттік органдар бағдарламаға 217 млрд теңге бөлетіндігін жариялады, ал іс жүзінде шығындар көлемі республикалық және жергілікті бюджеттерді, сондай-ақ ұйымдардың жеке қаражатын қосқанда 371 млрд теңгені құрады», деп мәлімдеме жасады. Бірақ 2011 жылдан 2014 жылға дейін әзірленіп, аяғында сараптамадан өтпей, көлеңкесін де көрсетпей кеткен e-learning жүйесін қазір қалай іздесеңіз де таппайсыз. Естеріңізге сала кетейік, жүйесіз жүйеге миллиардтаған ақша бөлінген кезде (2011 жылы) Бақытжан Жұмағұлов, жоба аяқсыз қалып, соңында депутаттардың шу көтеруімен жабылып тынған уақытта (2014 жылы) Аслан Сәрінжіпов (2013-2016жж) Білім және ғылым министрі болды.
Ал «Daryn.online» порталының негізін қалаушы Айбек Қуатбай еліміздегі білім беру платформаларына қойылатын талаптардың астарында ұлттық қауіпсіздік және ұрпақ мәселесі тұрғанын жеткізді. «Негізі, Жолдауда айтылған тапсырманы тек мемлекеттік платформа деп қабылдаған жоқпын. Меніңше, Президент бұл жерде бірыңғай талаптарға негізделген, білім алу процесіне қатысушы барлық тарапты қанағаттандыра алатын платформаның жоқтығын және осы мәселені шешуді айтты. Білім берумен, ең басты жұмыспен айналысып отырған кез келген, мейлі ол мемлекеттік немесе жеке платформа болсын, барлығы бірдей жауапкершілік жүгін арқалауы тиіс. Бірыңғай талаптарды орындағанда ғана бірыңғай платформа нарықта қалыптасады. ІТ нарығындағы тәжірибеме сүйеніп, мәселен, ең негізгі үш талапты айтайын. Біріншіден, серверлеріміз Қазақстан аумағында болуы керек. Себебі бұл – қанша бизнес болғанымен, әлеуметтік жоба. Қазақстандық балалардың қай пәнді қалай меңгергенін, әлеуетінің қай деңгейде екенін, қайсы мамандыққа жақындығын шетелдердің бақылауына болмайды. Әйтпесе өзге елдер ең үздік оқушыларымызды өздеріне тартып әкетуі мүмкін. Түптеп келгенде мұнда ұлттық қауіпсіздік мәселесі тұр», дейді.
Өзі де ІТ мамандығын тәмамдаған А.Қуатбайдың пікірінше, білім беру платформаларына қатысты екінші талап – интернет проблемасын шешу. Біздің таңғалғанымыз – сарапшымыз жауыр болған сөзді айтып, тағы да «тасбақа» интернеттің түйткілін Үкіметтің сылдыр сөз, құр есеппен шешуін емес, платформа иелеріне талап ретінде қойып отырғандығында болды. Себебі интернет проблемасын интернеті нашар, тіпті жоқ жерде де шешуге болады екен.
«Көп адам қазір қаланың картасымен жол көрсетіп тұратын 2GIS қосымшасын қолданады. Себебі аталған қосымша интернет болмаған кезде де қолжетімді. Міне, біз де өзіміздің платформамызды осындай жағдайға жеткізу жолында жұмыс істеп жатырмыз. Кез келген қолданушы платформамыздағы өзіне керекті дүниені, айталық 1 тоқсанның барлық материалдарын аудан орталығына немесе интернеті жақсы жерде өзінің смартфонына жүктеп алады. Содан соң интернет болмаған кезде де материалдарды, жалпы платформаны еркін қолдана алады. Мен айтқан бірыңғай платформаның екінші талабы – білім беретін платформалар оқыту процесіне қатысушы кез келген қолданушыға оның түрлі жағдайына қарамастан контентін қолжетімді ету», дейді А.Қуатбай. Ол ұсынған үшінші талап – білім беру платформаларының қолайлылығына байланысты болып отыр. Бұл талап әлбетте қолданушылармен күнделікті кері байланыста орындалады.
P.S. Мемлекеттік жобалар мемлекеттің қаражатына жасалатыны белгілі. Ал мемлекеттік қаражат дегеніміз – сіз бен біздің, яғни халықтың салған салығынан жиналған ақша. Демек, мемлекеттік жобалардың жемісін халық көруі керек. Үкімет білім беру платформасын мемлекеттің қаражатына әзірлей ме, әлде жекеменшік секторға иек арта ма, әлі белгісіз. Дегенмен серіктестіктің артында да мемлекеттің қоржынынан шығын шығарылуы әбден мүмкін. Сондықтан қандай жағдайда да халықтың салығы жұмсалған жұмыстың игілігін көру үшін халық та бақылауда белсенді болғаны абзал. Біздіңше, оқу процесіне ата-ананың да араласуына мәжбүр еткен, қашықтан оқудың проблемаларын қоғам болып талқылауға жеткізген пандемия бәріміз белсенді болмайынша, құндылықтарға деген көзқарастарымызды түзетпейінше тыншымайтын секілді...