
Біршама кәсіптің түрімен айналысып көрген тәжірибелі кейіпкеріміз екі жыл бұрын жұмысын бастаған кәсіпорында ай сайын 1 млн биоқапшық шығарады. Оның өнімі 250 күнде шіріп, топыраққа толығымен сіңіп кетеді екен.
«Полиэтилен пакеттер 100 жылға дейін шірімейді, сол қалпы жата береді. Ал өртесек, ауаға зиянды заттар бөледі. Соның салдарынан қоршаған ортамыз үлкен зардап шегіп отыр. Біз өндіріп отырған қапшықтар – зиянсыз. Сондай-ақ бұл қалталарда тамақты сақтау ыңғайлы. Өйткені өнімнің құрамында бірде-бір химиялық қоспа жоқ, керісінше сүт қышқылы, целлюлоза мен крахмал бар. Тиімділігі де осында. Сондықтан да бұл қапшықтардағы азық-түліктер бұзылмайды», дейді М.Аббасов.
Кейіпкеріміз Қазақстанда пайдалы өнімге деген сұраныстың аздығына қынжылады. Тауарының 90 пайызы Ресейге, қалғаны Қытай мен Украинаға жіберіледі. Елімізде болмашы бөлігі ғана қалады екен. Forbes.kz порталының 3 жылдай бұрынғы таратқан ақпаратына қарағанда, бас қалада ай сайын шамамен 30 миллионға жуық полиэтилен пакеттер қолданылып, қоқыс полигондарына жөнелтіледі. Соған қарамастан биоқапшықтарға елордадан тапсырыс аз түседі, оның жанында алматылықтар экологиялық таза өнімді тұтынуға көбірек ықылас танытатын көрінеді.
«Біздің тұрғындар қарапайым полиэтилен пакетке азық-түлік сақтаудың ағзаға қаншалықты зиян келтіретінін білмейді. Тіпті сондай пакеттердегі тамақты микротолқынды пеште ысытады. Мұндайда адамды қатерлі ісікке шалдығуға алып келетін қауіпті заттар бөлінетінін бағамдай бермейді. Міне, сол себепті де тегін немесе біздің биоқапшықтардың бағасымен салыстырғанда анағұрлым арзан полиэтилен пакеттерді сатып алады. Экологиялық таза қапшықтарымыздың стандартты өлшемдегі түрі қазірде 50 теңге тұрады. Оны бірнеше рет қолдануға болады. Бірақ адамдар 10 теңгелік зиянды пакетті қолданады. Сонда денсаулығын, өзі жұтатын ауаның тазалығын 40 теңгеге бағалап тұр ғой...», дейді М.Аббасов.
Биоқапшықтың нарықтағы полиэтилен пакеттерден қымбат болу себебі, өнімді жасауға қажетті целлюлоза мен крахмал шетелден алынады. Осы бір целлюлоза мен крахмал алынатын жүгері, картоп пен мақта бізде де өндіріледі. Ендеше, неге биоқапшықты отандық дәнді дақыл, көкөністердің крахмалы мен целлюлозасынан жасамасқа? Бұл сұраққа кейіпкеріміз: «Мұндай жағдайда әлбетте өнімнің бағасы тұтынушыларға қолжетімді бола түседі. Алайда бұл үшін бізге сол жүгері, картоп пен мақтадан қажетті целлюлоза, крахмалды алумен айналысатын зауыт ашу керек», деп қысқа қайырды. Оның ойынша, бұның бәрі жалпы біржақты емес, кешенді жұмыс пен маңызды шешімдер қабылдауды қажет етеді. Айталық, елімізде тұтынушылардан ақырындап сауда-саттық орындарында полиэтилен пакетті келушілерге 10 теңгеден сатып алуды міндеттеп жатыр. 5-10 теңге деген сатып алушыларды полиэтилен пакеттерді аз пайдалануға, үнемдеуге немесе экологиялық таза қапшықтарды тұтынуға ықпал етпейді.
Эко-амбассадор сөзінің соңын: «Біз күткен нәтижеге қол жеткізу үшін полиэтилен пакеттердің бағасын биоқапшықтармен теңестіруіміз керек. Тұтынушының таңдауы қайсысына түсетінін сонда көреміз. Сонымен қатар полиэтилен пакеттердің зияны туралы ақпарат көбірек таратылуы тиіс», деп түйіндеді. Айтпақшы, М.Аббасов кәсібімен табиғатты қорғап қана қоймай, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алып, әлеуметтің әлеуетін арттыруға да септігін тигізіп отыр.