
Міне, енді осы жұмыс мәресіне жетті. Министрлік осыған байланысты жақында таратқан ақпаратында:
«Студенттерге құжаттарды рәсімдеу барысында ЖОО-ның виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жеңілдетілген формат ұсынылды. Шетелдік жоғары оқу орындарының басым бөлігі қазақстандық ЖОО сияқты оқу жылын қашықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып бастады. Алайда кейбір шетелдік ЖОО өз студенттеріне қашықтан оқытуды жалғастыру үшін платформалар ұсына алмады. Тамыз айының басында Білім және ғылым министрлігі оқуын жалғастыру үшін өзіне байланысты емес себептер бойынша елден шыға алмаған студенттерге көмек көрсете бастады. Алдын ала қабылдан шешімдер арқылы 2 мыңнан аса қазақстандық студент отандық жоғары оқу орындарына ауысуға ниет білдірді. Осы санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында арнайы жедел желі іске қосылып, құжаттарды қабылдау ресімі жеңілдетілді», деп хабарлады.
Ләйлә Абдакимова – Қарағанды облысының тумасы. Мектепті бітірген соң Чехия Республикасының астанасы Прагаға білім алуға кеткен. Ондағы оқуын екінші жыл жалғастырып жатқанда елге ауысуға шешім қабылдады.
«Бұл шешімді қабылдауыма пандемия әсер етті. Негізі, вирус Еуропа елдерінде өршіп тұрғанын білесіздер. Әлбетте, бұл вирус біздің елге де таралып үлгерді. Бірақ мен Отанымда өзімді қауіпсіз сезінемін. Чехияда вирус өршіген сәтте бізді қысықтау көзімізге қарап қытайлықтарға ұқсататын еуропалықтар көшеде кәдімгідей қолдарын шошайтып «коронавирус» деп айғайлайтын. Оларға өзіңнің қытай ұлтына қатысың жоқ екенін түсіндіре алмайсың. Маған осы жағдай қатты әсер етті. Әлемдік проблемаға өзіңді кінәлі сезіну – тым қиын. Оның үстіне оқушы кезімнен өзім қалаған университетімде оқуыма мүмкіндік туды. Сол мүмкіндікті қолдан жібермеуді жөн көрдім. Ал құжат қабылдау жұмысы жылдам бітті», дейді Л.Абдакимова.
Шетелден елге оқуын ауыстырған студент енді Еуразия ұлттық университетінде өзінің ІТ мамандығы бойынша оқуын жалғастырады. Шетелдегі оқуында ағылшын тілінде материалдарды тауып, чех тіліне аударып жүрген ол Қазақстандағы оқуында қиналмайтынын айтады.