
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанындағы Байланыс саласындағы мемлекеттік саясат және инфрақұрылым департаментінің директоры Гүлнәр Бөкеева қашықтан оқытуды қолдау мақсатында байланыс операторларымен бірлесе отырып «Білім» атты тарифтік жоспардың шарттарын қайта пысықтап шығарғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл тарифтік жоспардың абоненттік төлемі 990 теңгені құрайды. Аталған тарифтік жоспар отандық білім беру ресурстарының бәрін шексіз қолдануға мүмкіндік пен қосымша 1 Гбт интернет береді.
Ал «Daryn.online» білім беру платформасының өкілі Ержан Оңалбаев:
«Біздің платформа қызметкерлерінің тынымсыз жұмысы нәтижесінде қазақ сыныптарына арналған видео сабақтар толығымен түсіріліп, сайтқа орналастырылды. Орыс сыныптарына арналған видео сабақтардың 95 пайызы порталымызда тұр. Қазіргі таңда «Daryn.online» платформасымен 500 мың қолданушы білім алып отыр. Күніне 200 мың девайс арқылы «Daryn.online» сайтына кіреді. Бұл дегеніміз – бір телефон, планшет немесе компьютер арқылы 2-3 адам қолданып отыр деген сөз. Бір тәулік ішінде платформамызда 5 млн видео қаралып, 50 млн тест сұрақтарына жауап беріледі», деді.
«Күнделік» жобасының бас директоры Мұхтар Ілиясов өз кезегінде «Күнделік.kz» платформасының мемлекет-жекеменшік серіктестік ретінде 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын жеткізді.
«Мектептер, мемлекеттік мекемелер, білім басқармалары платформамызды тегін қолданады. Біз өткен IV тоқсандағы тәжірибеге сүйеніп ІТ жүйенің жұмысын жақсарттық. Осылайша барлық жүйенің инфрақұрылымы 30 пайызға кеңейтілді. Соның нәтижесінде жаңа оқу жылында техникалық ақаулар болмады. Қазіргі таңда біздің жүйені 6 200 мектеп қолданады. Нақты айтқанда, 332 600 мұғалім, 2 838 563 оқушы мен 2 млн 16 990 ата-анаға қызмет көрсетіп отырмыз. «Күнделік.kz» атауында көрсетіліп тұрғандай, 1-11 сыныптарға арналған академиялық процесті толығымен қамтиды», деді М.Ілиясов.
«Гардекс Қазақстан» ЖШС директоры Алтынбек Күмісбеков «Сфера» платформасының жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, аталған білім беру платформасы қашықтан оқытуды тиімді жүргізуге көмектесуді көздейді. Әзірге «Сфера» платформасы тек Алматы қаласы бойынша жұмыс істейді. Соған қарамастан қазірдің өзінде «Сфераның» қолданушылар саны 160 мыңнан асқан. Күніне шамамен 1,5 мың сабақ өтеді. Болашақта Қазақстанның басқа да өңірлеріндегі білім беру ұйымдарымен жұмыс істеуді жоспарлап отыр.