
Талаптан талап туады
Қоғам, ата-ана, мұғалімдер, тіпті талапкерлер әрдайым ҰБТ-ның әділ өтуін талап етеді. Осы талаптан Білім және ғылым министрлігі талапкерлерге арналған жаңа бір талапты енгізді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов:
«Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу ерекше болды. Бастысы, ашықтық пен әділдікті барынша қамтамасыз етуге тырыстық. Өткен жылы академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін ережелерді қатаңдату туралы шешім қабылдадық.
Осылайша қолданып үлгерсе де, үлгермесе де тыйым салынған заттармен тестілеуге кірген талапкерлердің нәтижелерін жою туралы жаңа норма енгізілді. Тіпті тестілеуде қолдануға тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет еткендер емтиханға мүлде жіберілмейтін болды», деді.
Иә, бәріміз білетіндей, бұрын кіреберістегі тексеру кезінде металл іздегіш құралдар арқылы телефон табылса, оны сондағы жауапты адамдар алып қалатын. Бірақ талапкер тестілеуге жіберіле беретін. Осындай ереже бұзушылар саны жыл сайын еліміз бойынша 100-150 мыңнан асады. Егер емтихан кезінде телефонмен ұсталып қалса, комиссияда оның телефонды қолданып үлгергені дәлелденуі керек еді. Тек сонда ғана талапкердің нәтижелері жойылатын. Әрі бұл процесс тестілеудегі басқа талапкерлерге кедергі келтіріп, уақытын алатын еді. Ал қазір қалай?
Биылдан бастап аудитория түгілі кіреберісте-ақ тестілеуде қолдануға тыйым салынған заттар, айталық, телефон табылса, талапкер тестілеуге жіберілмеді. Осы норманың нәтижесінде тыйым салынған заттарды емтиханға кіргізуге әрекет ететіндердің саны 70 есеге азайды, 2019 жылы 128 мыңнан аса телефон табылса, 2020 жылы олардың саны 2500-ге жуықтаған.
Жазалаушы да жазаланады
Талаптан талап туып, тестілеуді ұйымдастырудың жаңа нормалары енгізілген соң бұрынғы көрсеткіштерде едәуір өзгерістер байқалды. Мәселен, емтихан қорытындысын жою фактісі 100 есеге көбейді. 2019 жылы 128 телефон алып кіру фактісі орын алып, 24 талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылған. Ал 2020 жылы тыйым салынған заттар табылған барлық 2500 адамға қатаң шара қабылданып, олар тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Міне, осының негізінде ҰБТ-ның орташа ұпайы да төмендеді, пайыздық мөлшерде шекті балл жинаған талапкерлердің саны айтарлықтай азайды.
ҰБТ-ның бір жыры – жемқорлық. Біз бұл туралы тестілеу туралы мақалаларымыздың бәрінде дерлік жаздық. Ең сорақысы да сол, тестілеу кезінде көбіне жемқорлыққа жол беретіндер жемқорлық жағдайларының орын алмауын қадағалау үшін тағайындалатын комиссия мүшелері еді. «ҰБТ-2020: талапты бұзған талапкердің тағдыры» атты мақаламызда комиссияға мүше болған белсенді мұғалім Айман Сағидулла кіреберістегі тексерісті жүргізетін адамның әлдебір талапкерді арнайы аппарат онда телефонның бар екенін білдіріп шиқылдаса да тестілеуге кіргізіп жібергенін айтып еді. Мұндай фактілер жетерлік. Ал жақында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов тестілеудің барлық бейнежазбаларын тексеру кезінде әлденеден көшіріп отырған талапкерді камерадан көрсетпей көлегейлеп тұрған комиссия мүшесінің әрекетін видеодан (бетін бұлдыратып) көрсетті. Мысалға келтірген дәл осы екі жауапты адам шын мәнінде талапты бұзған талапкерлерді жазалауға міндетті еді. Бірақ талапкердің тәртіпті сақтауын қасақана бақыламағандар және сондайға жол берген комиссия мүшелерінің өздері жазаланды.
«Бұл – тестілеудің әділ өтуі үшін жасалған қадам. Биыл ҰБТ өткізу ережелерін бұзғаны немесе жұмысты нашар ұйымдастырғаны үшін 20-дан аса комиссия мүшелері мен басшылары жазаланды. Күн сайын ҰБТ пункттеріндегі комиссиялардың құрамына өзгертулер енгізуге, міндетіне немқұрайды қараған әріптестерімізді ауыстыруға немесе бұл жұмыстан шеттетуге тура келді. Бұған қоса бірнеше пунктте жаппай бұзушылықтардың ашық және өрескел түрде орын алуына байланысты тестілеуді мүлдем тоқтатуға және басқа күндерге ауыстыруға мәжбүр болдық. Мұндай жағдай Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында кездесті. Дегенмен Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті мен Арнайы мониторингтік топтағы әріптестеріміздің белсенділігі, бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қажетті тәртіпті орната алдық. Мұндай шешімдерді қабылдау оңай емес. Талапкерлердің әлі бала екенін түсінеміз, десе де оларды ережені сақтауға, өз күшіне ғана сенуге үйрету – маңызды», деді министр А.Аймағамбетов.
Сұраққа да сұрақ көп
Кейбір пысық талапкерлер тестілеудегі мән-мағынасы жоқ сұрақтарды қосымша берілетін қағазға түртіп немесе еске сақтап шығатын. Содан соң оны әлеуметтік желілерде жариялайды. Биыл тестілеуге телефон алып кірген кейбір талапкерлер сырттағы «сынаққа сақадай сай мұғалімдерінен» көмек сұрап, WhatsAрр желісіндегі чаттарға сынақ кітапшаларын суретке түсіріп жіберген. Оны біз де көрдік. Расымен, ондағы сұрақтарға, тіпті мұғалімдер қиналып жауап беретін шығар. Себебі сұрақтардың өзі түсініксіз. Біздіңше, ҰБТ-дағы ең оңай сұрақтар – жауабын жаттап алуға болатын тапсырмалар. Ал жауапты тек жаттап алған талапкер қандай маман болады?
Министрдің мәлімдеуінше, алдағы уақытта ҰБТ сұрақтары SAT, PISA секілді тестердің үлгісі бойынша толық жаңартылмақ. Осыған байланысты А.Аймағамбетов: «Сұрақтардың мазмұны әлі де көңілімізден шықпайды. Соңғы бірнеше жылда тестілеу сұрақтарының базасын жаңарту бойынша жұмыс жүргізілгендігіне қарамастан, сұрақтардың басым бөлігі әлі де қажетсіз фактілерді жаттап, есте сақтауға бағытталған. Сыни ойлау мен функционалдық сауаттылықты бірінші орынға қоймаса, оқу процесінің маңыздылығы жоғалады. Функционалдық сауаттылыққа және білімді өмірде қолдануға басымдық беретін кез келді. Осыған орай енді алдымызда тесттің базасын SAT, PISA секілді тесттердің үлгісі бойынша толық жаңарту мәселесі тұр. Бұл – мүлде басқа сипаттағы тапсырмалар, яғни ҰБТ-да жаттап алуға, көшіруге мүмкіндік бермейтін сұрақтар болуы керек. Аталған шараның барлығы алдын ала ғылыми деректердің негізінде сарапшылар мен педагогтердің талқылауы арқылы қабылданатыны сөзсіз. Содан кейін ғана нақты шешім қабылданады», деді.
Мағынасыз сұрақтар – ҰБТ-ның тағы бір жыры. Бұл мәселе министрдің осы айтқан шешімінен кейін біржола біте ме, белгісіз. Оны уақыт көрсетеді.
Жасанды интеллект жемқорлыққа жол бермейді
Сенесіз бе, тестілеудің әділ өтуін қамтамасыз ету үшін құрылатын комиссия мен комиссия мүшелерінің жұмысына миллиардтаған ақша бөлінеді. Ал комиссия мүшелерінің кейбірі, жоғарыдағы жағдайдан көз жеткізгеніміздей, мемлекеттің қаражатын желге шашып отыр. Сонда қайтпек керек? Ведомство басшысы А.Аймағамбетовтың айтуынша, цифрландыру дәуірінде комиссия құрамында бірнеше мың адамның болуын қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд теңге жұмсауға жол берілмеу керек, оның үстіне бұның нәтижесі тиімсіз. Сондықтан мұндай рәсім енді заманауи прокторинг пен бейнебақылау жүйесі қамтамасыз етілген электронды форматқа өтеді. Шыны керек, бұл жұмыстың бастамасын биылғы ҰБТ қорытындысынан және нәтижесінде грант иеленіп тұрып қайтадан айырылып қалғандардың шыққанынан көріп отырмыз.
Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Д.Смағұлов тамыз айының аяғында қолдағы гранттан қайта қағылғандарға қатысты:
«ҰБТ бейнежазбаларының қорытындысы бойынша 158 тестіленушінің нәтижелері жойылды, олардың 97-сі грант иегері атанған еді. Өкініштісі, сол грант иеленген 97 тестіленушінің ішінде 138 балл алған түлек те бар. Осыған орай енді әділ тапсырған, бірақ грантқа өтпеген 97 бала 2 апта ішінде грант иегерлері атанып, тіркеледі. Өкінішке қарай тәртіпті қамтамасыз ететін кезекшінің өзі қылмыстық әрекетке байланысы бар екені туралы фактілер анықталды. Қараңыздаршы, сұрақ кітапшасын асқан «батырлықпен» фотоға түсіріп отырған баланы денесімен камерадан қалай жауып тұрған сол бейнежазбадағы комиссия мүшесінің ең болмағанда білім беру саласынан жұмыстан босатылуын, ал одан бетер шара ретінде қатал жауапкершілікке тартылуын талап етеміз. Адамдарға сенбеймін. Бірақ технологияларды жақсы көремін, өйткені технологиялар сатып кетпейді», деп жазды.
Кейін белгілі болғандай, бейнежазбалардың қорытындысы бойынша грантынан айырылған 97 талапкердің орнына тестілеуді әділ тапсырған 97 талапкердің грант иеленгені жарияланды. Жемқорлықтың жолын кесуді қаласақ, шынымен де ҰБТ-ны толықтай автоматтандыру керек-ақ.