
Ведомство таратқан хабарламада: «2021 жылдан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының түлектеріне жаңартылған қосымшалары бар диплом беріледі. Аталған қосымшада елімізде алған жоғары білім біліктілігінің еуропалық біліктілік санатымен сәйкес келетіні міндетті түрде көрсетіледі. Болон процесінің хатшылығы Қазақстанның Жоғары білім беру ұлттық біліктілік шеңберінің өздігінен сертификаттау бойынша есебін қабылдады. Енді еліміздегі жоғары оқу орындарының дипломдары Еуропа елдерінде жарамды болады. Бұл шетелдік азаматтар тарапынан қазақстандық жоғары білімге деген қызығушылықты арттырады», делінген.
Болон процесінің хатшылығы қабылдаған Өзін-өзі сертификаттау бойынша есепті дайындау үшін Білім және ғылым министрінің бұйрығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, салалық қауымдастықтар және қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері кірді.
Министрліктің мәлімдеуінше, Өзін-өзі сертификаттау бойынша есеп Жоғары білім беру үшін ұлттық біліктілік шеңберінің Еуропалық жоғары білім беру кеңістігімен (ЕЖБК) үйлесімділігі, сондай-ақ салыстырмалылығын көрсетті. Бұл – Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жөніндегі ұлттық жүйенің еуропалық жоғары білім беру кеңістігінің білім беру жүйелерімен сәтті үйлесімділігінің айқын дәлелі.
Айта кетейік, Болон процесі еңбек нарығында азаматтардың ұтқырлығын дамыту, еуропалық жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жоғары білімнің ұлттық жүйелерін үйлестіру мақсатында 1999 жылы 29 елдің Білім министрлерінің бастамасымен құрылды.