
Жалпы елімізде кадр даярлау мақсатында мамандар мен студенттерді шетелдерде тағылымдамадан өткізу тәжірибесі қалыптасқан. Біз көбіне тек «Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өтуге болатынын білеміз. Дегенмен отандық жоғары оқу орындарының талабына сәйкес, магистранттар 2 аптаға, ал докторанттар 2 аптадан 3-6 айға шетелдерде тағылымдамадан өтеді.
Эльмира Уайдуллақызы жақында Түркиядағы тағылымдамасын тәмамдап елге оралды. Анкара университетіндегі 1 жылдық оқуында жоғарыда жазылғандай, тағылымдаманың уақытын құр қыдырумен өткізген қазақстандықтарды көп кездестіргенін айтты.
«Бұл мәселені көтеріп жүргеніме 4-5 жыл болды. Өйткені тағылымдамадан өтетін елдің мемлекеттік немесе қарым-қатынас тілін білмей баратындар өте көп. Ең басты проблема – осы. Оқыту тілін білмеген адам ештеңе үйренбей келеді. Мысалы, Түркияда жүргенде Қазақстанның әртүрлі университеттерінен келген студенттерді кездестірдім. Не түрік тілін, не ағылшын тілін білмейді. Олар өздерінің ғылыми жетекшілерімен байланыс орната алмайды.
Ал ғылыми конференцияларға қатысу туралы мүлдем сөз қозғамай-ақ қоюға болады. Міне, сондықтан келешекте жыл сайын 500 ғалымды шетелдерде іс-тәжірибеден өткізуді қаласақ, олардың тіл білуіне қатаң талап қойылуы қажет. Бұл сол тағылымдамаға жіберілетін ғалымдарды таңдаудың талабында, арнайы ережеде бекітілуі тиіс», дейді Э.Уайдуллақызы.
Оның ойынша, тағылымдамада әр маманның өз саласына қатысты ғылыми тәжірибеден өтуі ғана емес, арнайы тілдік курстарды қатар оқып келуі де қамтамасыз етілуі қажет. Сонда ғана кадр даярлауға бөлген мемлекеттің қаражаты өз нәтижесін, жемісін береді.
Спикердің сөзінен отандық ЖОО-да магистратурада білім алып жүрген бір танысымыздың Еуропаға барып келгені, әрі оның тым болмаса нан сұрап жейтін ағылшыншасы жоқ екені есімізге түсті. Ол шетелдік жетекшісінен білмегенін, түсінбегенін қалай сұрайды? Негізі мұның астарында тағы да жемқорлық жатыр. Себебі магистратураға түсу үшін өз мамандығынан бөлек шет тілінен тест тапсыру керек. Ал шет тілін орташа деңгейде меңгермеген адам магистратурада қалай жүр? Докторантура туралы, тіпті бірдеңе деудің өзі қисынсыз. Себебі былтырдан бастап докторантураға түсуден үмітті талапкерлер кем дегенде 4,5 балдық халықаралық IELTS сертификатын көрсетуге міндетті. Ал биыл бұл көрсеткіш 5,5 балға көтерілді. Бір кездері дәл осы халықаралық сертификатты сатып алған медицина университетінің студенттері оқудан шығарылған еді. Тағылымдамадан бұрын біз осы түйткілдің түйінін түбегейлі тарқатуға тиіспіз.
Ұлыбританияның Лестер университетінде тағылымдамадан өткен Бердібай Тұрлыбек тағылымдаманың талапкерлерді іріктеу талаптары қатаң болып, ең үздіктер іріктелсе де үлкен нәтиже шықпауы мүмкін екенін жеткізді. Оған көп жағдайда іс-тәжірибеден өтушінің талапшыл болмауы себеп екен.
«Англияға тағылымдамадан өтуге барғанда өзіме ең алдымен тіл білу деңгейімді көтеруді мақсат еттім. Сондықтан бара сала тіл курсынан өтуге мән бердім. Және мұны жауапты жетекшімнен талап еттім. Негізі тағылымдамадан өтуші өзі талап етпесе, көп нәрсені үйрете бермейді. Мәселен, өзім университетте оқытушы болғандықтан, маған оқу бағдарламасын шетелде қалай құратыны қызық болды. Сол себепті оқу бағдарламасын жазуды үйретуін талап еттім. Содан мені бір деканның тобына қосты. Сол кісінің арқасында өзім еңбек ететін жоғары оқу орнына қажетті үш пәннің оқу бағдарламасын алып келдім. Үш пәннің моделін, студенттерге қалай оқыту керегін меңгеріп, университетке енгіздім. Қазіргі таңда сол пәндерден сабақ беріп жүрмін. Желтоқсан айының 15-інен кейін Ұлыбританияда 1 ай демалыс болады. Осы демалыста ондағы қоры өте мол, заманауи техникалармен жабдықталған кітапханаларда оқулық жазып шықтым», дейді Б.Тұрлыбек.
Оның айтуынша, шетелде тәжірибе жинауға өзі тағылымдамадан өтуге барғалы тұрған саласында кемі 5-6 жыл еңбек өтілі бар мамандарды жіберу керек. Өйткені мұндай мамандар шынымен де білімін іске жаратуды, өзі жұмыс барысында кездестірген проблеманың шетелдік тәжірибеде шешімін табуды көздейді. Ал оқуды (мейлі, магистратура, докторантура болсын) жаңа бітірген, жұмыс істеп, білімін әлі тәжірибеде қолданып көрмеген адам мемлекет қаражатын желге шашып келеді.
Шынында, тағылымдама – тәжірибеден өту. Демек, оған сөзсіз белгілі бір деңгейде тәжірибесі бар және соны жетілдіруді көздейтін адам баруы керек. Сондықтан шетелде іс-тәжірибеден өтуге отандық тәжірибені салыстыра алатын, жоғын түгендеп, барын толықтырып, жиғанын елдегі істе тиімді, ыңғайлы бағытта қолдануға қабілетті адам баруы қажет.
500 ғалымды жыл сайын тағылымдамадан өткізудің шарттары мен талаптарын әзірге қай органның және қандай мамандардың әзірлейтінін білмейміз. Бірақ шарттары мен талаптарын әзірлеуде «Болашақ» бағдарламасының қалыптасқан қағидаларына сүйенеді деп болжап отырмыз. Егер болжамымыз дәл келсе, онда шынымен де тағылымдаманың туризмге айналуына өзіміз қолдан жағдай жасап берген боламыз. Неге? «Болашақ» бағдарламасы үміткерден, айталық, ағылшын тілін меңгергенін растайтын сертификатты талап етпейді. Ал тіл білмеудің кесірі, әсіресе оқыту тілін меңгермей барғанның зияны қандай болатыны белгілі. Дегенмен «Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өтуді қалайтын үміткерлерге қойылатын бірқатар талапты енгізуге болады. Мәселен, үміткердің кемінде 3 (үш) жыл, оның ішінде таңдап алынған мамандану саласында соңғы 12 (он екі) айда жалпы жұмыс өтілі болуы қажет. Ал конкурстық іріктеуде үміткерлердің Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен дербес анонимді сұқбаты болады. Міне, бұл тамыр-таныстыққа, ең аяғы жемқорлыққа жол бермейді.
Тағы бір маңызды шарт бойынша «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде тағылымдамадан өткендер міндетті түрде елге оралуы керек. Дәл осы талап 500 ғалымға арналған тағылымдаманың талаптарына да енгізілгені жөн. Әйтпесе инвестицияны өзге елдің, бөтен мемлекеттің дамуы мен болашағына салып бергенмен бірдей болып шығады. Магистратурадан немесе бакалавриаттан кейін тағылымдамадан өтуге кетіп, шетелдерде қалып қойып жатқандар жетерлік. Шетелден оқып келген студенттердің көбі тағылымдамадан өткен елде магистратураға немесе докторантураға қалатындардың басым бөлігі техникалық, жаратылыстану бағытындағы мамандар екенін айтады. Мұндай маңызды салалар мен бағыттарда ғылымды дамыту елімізге аса қажет. Сондықтан осындай олқылықтың орын алуына жол бермейтін шарт болғаны абзал.
Интернеттегі ашық деректер мен ғаламдық тілді меңгеру білім іздеген адамға шексіздік сыйлайтыны рас. Осы екі мүмкіндікті пайдаланып біз де шетелдік тағылымдамадан өтудің талаптарын іздеп көрдік. Көзімізге іліккен тағылымдама түрлерінің бәрінде бірінші іс-тәжірибеден өтетін елдің тілін, көбіне ағылшынша жетік білуді талап етеді. Ал екінші, жұмыс жоспарын сұрайды. Әдетте оны «proposal», яғни жоспар, ұсыныс деп атайды. Тағылымдамадан өтуге үмітті азамат осы екі талапты орындағанда ғана грант алады. Әсіресе екінші талап – өте қатаң әрі аса маңызды. Себебі жоспар немесе ұсыныста үміткер өзінің кемі 5 талапкердің ішінде осы грантқа лайық екенін дәлелдей білуі тиіс.
Осыған бір мысал ретінде америкалық азаматтық зерттеулер және даму қорының (CRDF Global) осы жылдың басында денсаулық сақтау саласындағы зерттеушілер мен ғалымдарды АҚШ-тағы Ұлттық денсаулық институтында (NIH) тағылымдамадан өтуге шақырған хабарламасын алайық. Қор бұл тағылымдамаға грант ұтып алғандардың кәрі құрлыққа бару-қайту жол шығынын, пәтерақысын төлеп береді. Тағылымдамадан өткен соң, міндетті түрде еліне оралып жоспарын өзінің жұмыс орнында (ғылыми орталық, әлде университет) іске асыруы тиіс. Ал талапкердің «proposal», яғни жұмыс жоспарында әрқайсысы жарты беттен тұратын денсаулық саласындағы еңбек өтілі; дәл осы институтта іс-тәжірибеден өтудегі мақсаты; адамзат өміріндегі нақты қай проблеманың шешімін ғылым арқылы табуды көздейтіні; күткен нәтижесіне қол жеткізу үшін өз командасына қандай мамандарды қосқысы келетіні мен себебі туралы ақпарат болуы керек. Ең аяғы «Сізді жіті қадағалап жүрген және кәсіби тұрғыда жақсы танитын әріптесіңізден ұсыныс хат алыңыз» депті.
Ұлыбританиядағы кейбір ғылыми орталықтар мен институттар осындай жұмыс жоспарының жартысын алдымен өз елінде, қалғанын іс-тәжірибеден өтетін елде орындауды ұсынады. Бұл енді ғалымдарға арналған тағылымдамаға ең қажет ұсыныс секілді. Сонда нәтиже өздігінен көрінеді емес пе?..