
Scopus – 5 мыңнан аса ғылыми журналдар құрамына кіретін алпауыт база. Бұл базаға қандай да бір ғылыми журналды енгізудің өзі үлкен еңбекті қажет етеді, себебі талаптары жоғары. Сол журналдарға мақалалары жарияланған ғалымдардың жұмысы Scopus базасында сақталып, өзге зерттеушілердің қолдануына тегін немесе ақылы түрде қолжетімді болады.
Ал Web of Science – әлемде, әсіресе ғалымдар арасында «Ғылым желісі» деген атпен танымал, ғылыми еңбектер мен патенттерді іздеп табуға арналған ауқымды платформа. Білім беру бағытындағы Thomson Reuters медиакомпаниясының бастамасымен құрылған «Ғылым желісінде» қолданушылардың қараған, оқыған және мәлімет алған ғылыми жұмысына сілтемелер беріліп отырады. Ал ғылымдағы сілтеме – ғалым еңбегінің еленуі және ғылыми жаңалығының өміршеңдігі.
Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ғылым комитетінің таратқан ақпаратына сүйенсек, соңғы 5 жыл ішінде қазақстандық ғалымдардың әрбір бесінші жарияланымы әлемдегі ең үздік журналдардың 25%-ына енді. Бүгінде Web of Science мәліметтер базасындағы жарияланымдардың жалпы саны 28 973-ті құрайды, Scopus мәліметтер базасында бұл көрсеткіш 33 116 еңбекке жетіп отыр.
2019 жылы өздерінің пәндік саласы бойынша әлемдегі ғылыми жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған авторлардың 1%-ына Ержан Өтеулиев, Максим Здоровец, Артем Козловский, Жақсыбай Жұмаділов, Самат Қожахметов, Андрей Халимон, Төлеген Сейілханов сынды қазақстандықтар қосылды. Жарияланым белсенділігі ғалым жұмысының өнімділігін, оның ғылымға қосқан үлесін көрсетеді. Мәселен, 2019 жылдың соңында Web of Science дерекқорында 3 704 жарияланым индекстелді, бұл 2011 жылмен салыстырғанда 8,7 есе көп. «Scopus» мәліметтер базасында бұл көрсеткіш 8,5 есеге өсті.
Web of Science пен Scopus-қа отандық журналдардың енгізілуі Ғылым комитетінің халықаралық деректер базаларымен ынтымақтастығы нәтижесінде іске асырылды.