Руханият • 08 Қазан, 2020

Абыралы ардақтыларына мүсін қойылды

463 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семей қаласына қарасты Қайнар ауылында көрнекті әдебиет­та­нушы ғалым Рымғали Нұрғалиұлы мен тарих ғылым­да­рының докторы Төлтай Балақаевтың мүсіндері ашылды.

Абыралы ардақтыларына мүсін қойылды

Семейде және Қайнар ауылында өткен салтанатты шараға ғалымдардың ұрпақтарымен қатар Болатбек Нәсенов, Бауыр­жан Жақып, Жанат Әскер­бекқызы, Дәулеткерей Кәпұлы, Серікзат Дүйсенғазин сынды сыйлы қонақтар келді.

Ғалымдардың еңбектері туралы өткен конференцияда Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев жазушы Рымғали Нұрғалиевтің атына көше беру керектігін айтты.

– Өткен жылы қалалық ономастикалық комиссияның отырысында Семей қаласы көшелерінің біріне Рымғали Нұрғалиевтің есімін беру туралы сөз қозғалған. Бірақ мораторий жарияланғандықтан кідіріп тұрған. Қазір рұқсат беріліп жатыр. Енді қолға аламыз, – деді қала әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев.

Бұл – өте орынды мәселе. Өйт­кені Семей рухани қала бол­ғанымен, Рыков, Щорс, Тереш­кова, Морозов сынды көшелер әлі бар.

Сондай-ақ жиында сөз алған филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып марқұм ға­­лымдардың еңбектерін айта келе, Абайдың ұстазы Жанақ ақын туралы да ой айтты. Бауыр­жан Өміржанұлының айтуынша, Жа­нақ­ Сағындықұлы Абайдың ақын болып қалыптасуына зор ықпал ет­кен адам. Алайда хакімнің ұс­тазы туралы еш жерде айтылмай­ды.

Ертесінде бір топ делегация бұрынғы Абыралы ауданының орталығы Қайнар ауылына аттанды. Мұндағы орталық алаңда «Абыралы-Дегелең» қоры­ның қолдауымен Рымғали Нұр­ғалиұлы мен Төлтай Балақаевтың ескерткіштері ашылды.

Төлтай Балақаев – Абыралы өңірінен шыққан алғашқы ғалымдардың бірі. Ол өмір-бақи Ш.Уәлиханов атындағы институтта қызмет атқарған. Ал Рымғали Нұрғалиұлы – Алаш қайраткерлері туралы тың деректер жинастырып, қазақтың тарихын түгендеген ғалым. Олардың артында қалған ұрпақтары туған жерлерінде тұғырына қонсын деген ниетте кеудемүсін орнатуды қолға алған. Ертіс Тәтиевтің қолынан шыққан бұл мүсіндер «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының қолдауымен орнатылды. Жұдырықтай жұмылған Абыралы өңірінің тумалары іс-шараны елдегі жағдайға байланысты барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырды.

 

СЕМЕЙ