Тарих • Бүгін, 08:50

«Қазақстанды» кімдер қаржыландырды?

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

1911 жылғы 16 наурызда қазақтың алғашқы басылымдарының бірі «Қазақстан» газеті оқырманға жол тартты. Биыл газеттің жарыққа шыққанына 115 жыл толады. Басылымда қазақ, орыс және татар тілдеріндегі мақалалар жарияланды. Газеттің орысша нұсқасына Елеусін Бұйрин, ал қазақша нұсқасына Ғұмар Қараш жауапты болды.

«Қазақстанды» кімдер қаржыландырды?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алғашқы кезде газет редакциясы Шәңгерей Бөкеевтің иелігінде орналасып, бас­тапқы екі саны Астрахандағы «Апре­сянц и Окур» баспаханасында басылды. Шәңгерей сонымен қатар газетке қаржылай да қолдау көрсетті. Зерттеуші ғалым Мақсат Тәж-Мұрат Шәңгерейдің «газетке байғазым» деп алдымен 500 сом, кейін «көмегім» деп 1000 сом бергенін жазған еді. Ол уақытта үлкен қойды 5 сомға сатып алуға болатынын ескерсек, 500 сом дегеніңіз аз ақша емес. Соңыра газет редакциясы Орал қаласына көшті. Сөйтіп, қайта тіркеуден өтіп, алғашқы бес саны Щелкова баспаханасында, қалған саны «Қазақстан» газетінің өз баспаханасында басылды. Осылайша, барлығы газеттің 18 саны оқырманға жол тартты. Соның 16-сы бізге белгілі, 2012 жылы қазіргі қаріпке көшіріліп, жеке жинақ болып шықты.

«Қазақстан» газетінің №1 саны 16 наурызда шықса, №2 саны 27 мамырда жарық көрді. Екінші санының араға екі ай салып шығуы басылымның қиындыққа душар болғанынан хабар береді. Бұл жайында осы сандағы «Хұрматлу оқушыларымызға» деген мақалада: «Қазақстанның» екінші нөмірі кешігіп шықты, шығарушылардың не халде болғаны бір Аллаға, екінші өздеріне аян. Қайғылы күндердің, ұйқысыз түндердің талайы бастан кешті, алдарында да тар жерлер, тайғақ кешулер жатыр, алайда шығарушылардың келешектегі қиындықтардан қашуға ойлары жоқ, Алла саламатшылық берсе, мәшһүр генерал Зайнал Ғабидин Тақиуф жанаблары ейкден бір көтеріб жіберді, йағни бір мың сом казитіміз файдасына жәрдем етті», деп жазылған.

Әсілінде, №2 саннан кейін газеттің №3 саны шығуы керек еді. Алайда редакцияның Оралға (Теке) көшірілуіне байланысты, келесі нөмірі тағы да кешігіп, 15 қарашада бір-ақ шыққан. Елеусін Бұйрин 1912 жылғы №5 сандағы «Мұхтарам оқушыларымызға!» деген мақаласында бұл жайында: «...Газитімізді Текеге көшіреміз деб бес айдай тоқтатыб алдық», деп жазды. Сондай-ақ ол «Қазақстан» газетінің шығуын Семей, Жетісу, Сырдария, Ақмола облысының да қазақтары жақсы қабылдап, қолдау білдіріп жатқанын атап өтті. Елеусін 1912 жылғы №6 сандағы хабарында Ишанғали Меңдіғалиевтің 100 сом, Біләш Шолтыровтың 30 сом көлемінде қаржылай қолдау көрсеткенін жазса, №8 сандағы тағы бір хабарында: «...Былайғы жерлерден біраз хат келді. Һәр жерде де осындай жинаб жіберуге ыждиһад етіб жатқан азаматдар бар көрінеді», дей келіп, Бөкей ордасынан Есенғали Тұрмұхамедовтің 10 адамды газетке жаздырғанын хабарлайды. Сол секілді 1911 жылғы №1 сандағы бір хабарда Орынбордың ауқаттысы Ғабдулхамид Құсайыновтың «Қазақстан» газетіне деп 25 сом аударғаны айтылған.

Осындай қаржылай қолдаулар ар­қасында газеттің шығуы бір ретке кел­тіріліп, жағдай қалыпқа түсе бастады. Әсіресе екі меценаттың «Қазақстан» газетіне қомақты жәрдем бергені қайырымды іс ретінде бағаланды. Олар жайында газет бетінде жылы пікірлер жарияланды. Соның бірін Бақытжан Қаратаев жазды. Ол газеттің 1912 жыл №5 санындағы «Азаматтарға және бір-екі ауыз сөз» мақаласында: «Қазақстанның» шығуына себеб болған Баку шахарының мұсылманы генерал Зейнелғабиден Тағиев һәм Жаһангир ханның немересі сұлтан Шһангирей деген мұсылман болады», деді. Сондай-ақ ол қазақтың өнер-білім жолында басқа халықтардан кейін қалып бара жатқанына қынжылып: «...Данышман мұсылман қарындасдарымыз ғинарал Тағиев, Йауишов һәм сұлтан Шһәңгирей хазратлары қазақ сықылды қарындас халқын айаб, көзін ашар үшін ұйқысынан ойатар үшін өнер-білім жолына айдар үшін дәулетдерін айамай, «Айқаб» һәм «Қазақстан» ғазиталарының шығуына жәрдем беріп жатыр. Енді шылбыр беріп, бәйгі атындай көтермелеген данышмандарға ілесе алсақ жарар еді», – деді. Ол осылайша қазақтың байларын Зейнелғабиден мен Шәңгерейден үлгі алып, «Қазақстан» газетінің үзбей шығып тұруы үшін қаржылай көмек беруге шақырды.

Қаратаевтың мақаласына алғаш болып Жұбакен Тілеубергенов үн қосты. Ол газеттің 1912 жылғы №9 санындағы мақаласында қазақ басылымына қаржы бөлген Зейнелғабиден мен Шәңгерейдің игі ісін көзге жас алып қабылдағанын айта келіп: «...Басқа мұқтажымыз келешекте ретіменен жазыла берер, қазірге айтылмыш данышмандарымызға тәшкүр етіп, халықтың ыхласын білдіріп қаламын», деп жазды. Сондай-ақ Жұбакен газеттің №10 санындағы «Азаматтардың ыжтиһады» деп аталатын мақаласында қаржысы һәм қаламымен қолдау көрсеткен жандарға тағы да тоқтала келіп: «...Кавказ татары генерал Тағиев қазақ үшін мың сом бергенде, өзі үшін «Қазақстан» менен «Айқабқа» бір қойдың бұлын қимау жөн болар ма?» – деп сөзін түйіндеді.

Бақытжан көтерген бастаманы іліп әкеткен тағы бір қазақ – семейлік Ғабдрахман Жүсіпұлы. Ол газеттің 1912 жылғы №8 санындағы «Мұхтарам «Қазақстан» оқушылары» деген ма­қаласында: «...Өзім саудагер адаммын, уа һәм қадим бірлен оқыған йазу парад­касінде артық білмеймін. Бірер адам басшы болса, шамамнан кел­генше қадари-хәлімше пұл (ақша) йардамға мен дайармын», дей келіп, өзі секілді басқа да байларды газетке қолдау білдіруге шақырды. Ғабдрах­манның осы ұсынысынан кейін Бақытжан Қаратаев қайтадан үн қатып: «...Бұ мезгілге лайық азаматдар біреуі қолына қаламын ұстап, біреуі малын ұстап, жер-жерден шығып жатыр. Сол азаматтың біреуі Ғабдырахман Йусуфов болды», дей келіп, оның газет жұмысына жәрдемдесейік деген бастамасын қуана қолдап, «мұндай сөзді тек өсер елдің адамы жазар болар» деп мерейін өсірді. Бақытжан Ғабдрахманға: «...Өзіңіз басшы болыңыз һәм өзіңізден артық басшы керек де емес. Артыңызда қостаушы біздей ағаңыз тұрғанда, ізгу көңіліңізден іздеп тоқтамаңыз», – деген ұсыныс-тілегін де айтты.

1912 жылғы 31 мамырда газеттің №12 саны шықты. Ал одан кейінгі №1 саны араға 7 ай салып, 1913 жылғы 27 қаңтарда бір-ақ басылды. Осы санда жарияланған «Хұрмет иесі оқушыларымызға!» деген бас мақалада: «Қазақстан» газетасы мұхтаждықтан өліп, қайтадан тірілгендей болды. Жаздайғы көрген күні бек жаман болды. Жаздай газет басатын машинамыз өзінің борышы үшін жазылып-сызылып тұрды. Алла деп борыштан жаңа бір арылып, азырақ сома түсіріп алып, тәуекел етіп қайта бастадық», деп жазылды. Осындағы «азырақ сома» дегенді зерттеуші Мақсат Тәж-Мұрат ұйымның жиған ақшасы деп түсіндірген. Себебі «Қазақстан» газетінің уақытында шығуы үшін қазақтың 30-ға жуық зиялы азаматы астыртын бас қосып, ұйым құрған еді. Ұйым мүшелері қатарында газет шығарушыларынан бөлек Сейітқали Меңдешев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Нұғыман Залиев, т.б. азаматтар болды. Олардың басы 20, соңы 5 сомнан жарна аударып, ай сайын жалпы 175 сом жарна жиюға келісті. Мәселен, Жетісудің атақты байлары Мамановтар әулетінің «Қазақстанға» қолұшын созуына осы ұйымның мүшесі Ғабдолғазиз Мұсағалиев араағайын болды. Бұл жайында газеттің 1912 жылғы №11 санында: «Семиреченски облысынан Сейітбаттал қажы Маманов, Хұдайберген Тұрысбеков, Ишанғұл қажы Маманов, Ғайдмахмуд Тұрысбековтердің «Қазақстан» казитасының файдасын берген жәрдемі мағлұм Ғабдул-Ғазиз Мусин арқылы жетіп еді. Бұларға милет адамдары Алла риза болсын айтады», – деген хабар жарияланды.

«Қазақстан» газетіне қаржылай қол­дау тоқ­тамағанымен, 1913 жылғы №2 саны­нан кейін басылым жарық көрмей қалды. Бұл жағдай оның цензура салдары­нан жабылғанын аңғартады. Бар-жоғы 18 саны ғана шыққан газет 1913 жылы, «Қа­зақ» газеті жарық көрген тұста, өз жұмы­сын тоқтатты. Соған қарамастан, «Қазақ­стан» газеті қазақ баспасөзінің алғашқы қар­лығаштарының бірі ретінде тарихта қалды.

Соңғы жаңалықтар