
– Иә, менің өмірімнің көп бөлігі қаламгерлердің ортасында, қандастардың арасында өткені рас. Осы орайда, мына бір жайға тоқтала кеткім келеді. Мен адамның маңдайына алдын ала жазылған тағдыр болады дегенге сенетін кісімін. Осы жасыма дейін атқарған қызметтеріме күтпеген, мүлдем ойламаған жерден барыппын. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына баруым тура осылай. 15 жылдан астам уақыт шетел қазақтарына арналған «Алтын бесік» журналын шығардым; бұл да менің о баста өңім түгілі түсіме де кірмеген дүние. Біраз марапат пен атаққа ие болыппын, олар да осылай күтпеген жерден келді.
Қазіргі Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясындағы қызметім туралы да осыны айтуға болады. Кезінде бұл академияда Құдайберген Болатбаев дейтін азамат жұмыс істеді. Мені қояр да қоймай үгіттеп, жұмысқа шақырған осы кісі. Алғашқы кезде студенттерге не айтамын, қайтіп дәріс беремін деп кәдімгідей уайымдап жүрдім. Ал қазір атам заманнан бері ұстаз болып келе жатқан адам сияқтымын. Маңдайыма жазылып қоймаса, осының бәрі қалай кездейсоқ болады? Тіпті менің қаламгерлікке келіп, жазушы болуым да қызық. Шамамен бес жастағы кезім. Жайлауда, Сарысу өзені бойына көшіп келіп, үй тігіп жатқанбыз. Мен шаңырақ көтерген бақанды сүйемелдеп тұрып шешеме: «Апа, мен өскенде ақын боламын» дедім. Ол кезде интернет те, теледидар да жоқ. Үйімізде, тіпті кітап та жоқ. Бірақ мен «ақын болам» деген сөзді неге айттым, қалай айттым – оны әлі күнге түсінбеймін. Соны ойлағанда жазушылық о баста маңдайыма жазылып қойғандығына кәдімгідей сене бастаймын.
– Жайлау... Сарысу өзені деп қалдыңыз. Бұл туған жеріңіз болды ғой. Ендеше, сол туған жеріңіз туралы да айта кетсеңіз.
– Менің туып-өскен жерім – Сыр бойы, Қызылорда қаласына жақын, Сұлутөбе теміржол бекетімен іргелес «Бірінші май» дейтін ауыл. Батысында – Сырдария өзені, шығысында – мыс тақырлар мен сексеуілді төбелер кезек алмасып, Сарысу өзеніне дейін созылып жатқан жапан дала. Әкем Базарбай мен шешем Балшай өмір бойы қой бағып далада көшіп-қонып жүрді. Қыстауымыз Сырдария жағасына жақын Әулиетораңғыл деген жерде. Атақты Мұстафа Шоқайдың да туған жері осы Әулиетораңғылға жақын Наршоқы деген жер. Сондықтан өзімді Мұстафа Шоқайдың ең жақын жерлесімін деп айта аламын.
Осы қыстауымыздан көктем шыға үйімізді үш-төрт түйеге артып, төбелердің арасымен бірнеше күн бойы Сарысуға қарай көшетінбіз. Төрт-бес жасар кезімде түйенің қомында, басым қылтиып кетіп бара жатқаным әлі есімде. Алты жасымнан бастап тай мініп, қой айдасуға жарадым. Сөйтіп 20 жасқа толып, жігіт атанғанға дейінгі өмірім осы жапан далада көшіп-қонумен өтті. Кейін жазушы болуыма осы даланың әсер еткені анық. Прозалық шығармаларым даладан көрген-білгендеріме арналған.
– Шаңырақ көтерген бақанды сүйемелдеп тұрып: «Апа, мен өскенде ақын боламын» дедіңіз. Одан әрі не болды?
– Сөйтіп бес жасымда «ақын болу» үшін қолыма іліккен қағаз атаулыны оңды-солды шимайлай беретінді шығардым. Өзімше сөз құрастырып, өлең жазатын сияқтанамын. Әкемнің қара танитын сауаты бар еді, менің талабымды байқаған соң әріп үйрете бастады. Сөйтіп мектептің бетін көрмей-ақ оқып-жазуды меңгеріп алдым. Ал мектепке барған соң өлең жазуға белсене кірістім. 1958 жылы 5-сыныпта пионерлердің аудандық слетіне, қазіргі тілмен айтқанда, өнер байқауына қатысып жас ақын ретінде жүлдегер атандым. 1962 жылы 9-сыныпта сол кездегі аудандық комсомол комитетінің хатшысы, қазіргі белгілі ақын Надежда Лушникова қол қойған мақтау қағазын алдым. Сөйтіп өзімнен болашақта ақын-жазушы шығатынына кәміл сенетін болдым. Ол кезде ақын-жазушы болу үшін міндетті түрде Алматыдағы Қазақ университетінің журналистика факультетіне түсіп оқу керек деген түсінік бар еді. Бірақ оған түсу үшін міндетті түрде екі жылдық еңбек өтілі керек екен.
Мектепті бітірген соң ауылда әкемнің таяғын қолға алып, екі жыл қой бақтым. Бірақ өлең жазуымды жалғастыра бердім. Бір күні өлеңдерімді алып Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда бөлімшесінің жетекшісі, атақты ақын Асқар Тоқмағанбетовтің алдына бардым. Жарықтық жылы қабылдады. Өлеңдерімді оқыды да, бір кісіні шақырып: «Мына баладан бірдеңе шығады. Өлеңдерін жариялап, қолдау көрсет» деді. Сөйтсем, ол кісі – облыстық «Ленин жолы» газетінің бөлім меңгерушісі, белгілі ақын Қомшабай Сүйенішов екен. Көп ұзамай газетте «Балауса жырлар» атты тақырыппен бір топ өлеңдерім, суретім, қысқаша өмірбаяным жарқ ете қалды. Іле-шала аудандық «Сырдария» газеті де «Сәт сапар, Сұлтанәлі!» деген тақырыппен жырларымды жариялады. Қазақ радиосының облыстағы тілшісі Зұлқарнай Сахиев мені жас шопан, ақын деп бүкіл республикаға таныстырды.
Осылай ақын ретінде кәдімгідей таныла бастадым. 1966 жылы жас ақындардың республикалық фестиваліне қатысып, лауреат атандым. Осы жылы Алматыға келіп бала күнгі арман – КазГУ-дың журналистика факультетіне түстім. Бесінші курстың басында бірге оқитын Баққожа Мұқай досым бас редакторы Қалдарбек Найманбаевқа айтып «Білім және еңбек» журналына жұмысқа орналастырды. Содан бастап біржолата Алматыда қалып қойдым.
– Ал шынайы кәсіби прозашы ретінде қашан, қай кезде қалыптастым деп есептейсіз?
– Жетпісінші жылдардың ортасында Алматыда жастарға арналған «Жалын» атты баспа ашылды. Бастығы Қалдарбек Найманбаев тағы да мені шақырып, қызмет ұсынды. Шынымды айтсам, бұрынғы жұмысым өзіме ұнайтын, тыныш, табысы да жақсы. Бірақ Қалакеңнің көңілін қимадым. Сөйтіп күтпеген жерден баспаға ауыстым. Осында істеген жылдарым мені жазушы ретінде қалыптастырды. Әуелі өлеңдерім «Көктем тынысы» атты жас ақындар жинағына кірді, одан кейін «Тұңғыш» дейтін жеке кітабым жарық көрді. Бұдан кейін біржола қара сөзге көштім. 1978 жылы «Жұлдызың жансын!» атты деректі повестер мен әңгімелерден құралған кітабым жарық көрді. 1979 жылы «Алтын сағым» дейтін повестер мен әңгімелер жинағым оқырман қауымның қолына тиді. Бұдан кейін «Құм мен қызғалдақ», «Шөл», «Дала мен дария», «Қазақтың қызыл кітабы», орыс тілінде «Красная гармонь» атты кітаптарым бірінен соң бірі жарық көре бастады. 2009 жылы «Сыр мен Сарысу», «Ғажайып көктем» атты екі томдық таңдамалы шығармалар жинағым шықты.
– Дәл қазір алдыңғы қатарлы драматургтердің бірісіз. Қарасөзді қайырып қойып, пьеса жазуға неге ойыстыңыз?
– Расын айтсам, пьеса жазып, драматург атану отыздан асқанша қаперіме кірмеген еді. Ал драматург атануыма жол ашқан – атақты режиссер Райымбек Сейтметов. Сексенінші жылдардың басында бағымды сынап көрейін деп, «Қыз жиырмаға толғанда» атты пьеса жазып, Мәдениет министрлігіне ұсындым. Бұл тұңғыш пьесамды Р.Сейтметов оқып көріп, бірден театр репертуарына қабылдапты. Ұзамай өзімді де осы театрға әдебиет бөлімінің меңгерушісі етіп жұмысқа алды. Сөйтіп күтпеген жерден, әдебиеттегі жаңа өмірім басталып, драматург болып кеттім.
Осыдан бастап «Біз де ғашық болғанбыз», «Ғажайыптың қазынасы», «Ең әдемі келіншек», «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Мен сізді түсімде көрдім» т.б. жиырмадан астам пьеса жаздым. Бұл пьесалардың басым көпшілігі Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан бастап республикамыздың барлық өңірлеріндегі қазақ театрларында сахналанды. Өзбек, қырғыз, ұйғыр, қарақалпақ театрларында қойылды.
– Қаламгер ретінде бүгінгі қазақ әдебиетінде қандай күрделі мәселелер бар деп есептейсіз?
– Әдебиетіміздегі ең күрделі мәселе – кітап шығару мен таратуды нарық заңдылығына бейімдей алмауымыз. Бұл туралы сонау 1991 жылдың қыркүйек айында «Егемен Қазақстан» газетіне «Жазушы болған обалың өзіңе» деген мақала жарияладым. Онда нарықтық қатынастарға біржолата бет бұрғанымыз, соған орай кітап шығару мен таратуды осыған бейімдеу керектігі, ондай болмаған жағдайда қаламгерлер қиындыққа ұшырап, «Жазушы болған обалың өзіңе» дейтін табалаушылық сөз естуіміз мүмкін екендігі айтылған.
Арада 30 жыл өткенде айтқаным айнымай келді. Бұған қаламақының мөлшері айқын дәлел. Мысалы, жазушы бір жыл бойы тапжылмай отырып көлемі 20 баспа табақ шығарма жазып, онысы мемлекеттік бағдарламамен жарық көрсе, осы бір жылдық еңбегіне алатын қаламақысы ең көп дегенде 200 мың теңге. Тіпті көшеде алақан жайып тұратындардың жылдық табысы бұдан әлдеқайда жоғары шығар.
Кітап шығару мен тарату мәселесі «Мәдениет туралы» заңға тікелей қатысты. Бұрын бұл заңда кітап мәселесі тек «әдебиетті шығару» деген баппен ғана шектелетін. 2016 жылы Заңға толықтырулар мен өзгерістер жасау туралы мәселе көтерілгенде осы бапқа өз тарапымнан «Әдебиетті сатып алу мен тарату» деген мәтінмен толықтырып, кітап таралымын 2 мыңнан 5 мыңға көтеру керек деп ұсыныс жасадым. Бұл ұсыныс Жазушылар Одағының сол кездегі басшылары тарапынан толық қолдау тауып, заңға енді. Бірақ жағдай сонда да түзелмей тұр. Әдебиетті сатып алуға мол қаржы бөлінеді, бірақ ол неше түрлі жемқорлық жолмен талан-таражға түсуде. Бұған Мәдениет және спорт министрлігінің осы мәселеге тікелей қатысы бар лауазымды екі қызметкерінің істі болып, сотталғаны айқын дәлел.
Биылдан бастап кітап шығару кіші бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптың таралымы қайта құлдырап 3 мыңға түсті. Оның бірде бір данасы кітап дүкендеріне бармайды. Және бұл 3 мың таралым Қазақстандағы 15 мыңнан астам кітапхананың бестен біріне де жетпейді. Яғни халықтың кітапқа деген сұранысын мүлдем өтемейді. Не жазушыға дұрыс қаламақы төлемейтін, не халықтың сұранысын өтемейтін мұндай бағдарламаға мемлекеттің қаржысы неге босқа шашылады? Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып осы мәселені реттеп, бір жүйеге түсіруі керек.
– Сіздің өмір белесіңізде аттап өтуге болмайтын оқиға – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында атқарған қызметіңіз. Бұл жұмысқа қалай тап болдыңыз, ендігі әңгіме желісін осылай бұрсақ.
– 1989 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне «Еншіміз бөлінбеген ел едік» атты көлемді мақала жарияладым. Мақалада Қарақалпақстанда тұратын қазақтардың мәдени-рухани ахуалы, оқу-білімі жайында толғақты мәселелер жан-жақты айтылды. Мақала мені шеттегі қазақтар мәселесін көтеретін қаламгер ретінде танымал етті. Содан 1991 жылдың соңында жақында ғана Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы болып сайланған Қалдарбек Найманбаевтың кеңсесіне бардым. Қалекең бірден «Сен шетел қазақтары мәселесін жазып жүрсің, соған байланысты бір жұмыс тапсырсам» деді. Сөйтсем, сол тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға барған сапарында сондағы ағайындармен кездесіп, дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізу туралы шешім қабылдапты. Осыны ұйымдастыруды Жазушылар одағына тапсырған. Қалекең осы іске атсалысуымды өтінді. Сөйтіп 1992 жылдың күзінде тұңғыш құрылтай сәтті өтіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылып, Төралқа Төрағалығына Нұрсұлтан Назарбаев сайланды, бірінші орынбасарлығына Қалдарбек Найманбаев бекітілді. Көп ұзамай Қалекең маған Қауымдастық Төрағасының орынбасары қызметін тапсырды. Содан бастап тура 25 жыл осы қызметті үзбей атқардым. Қазір де бұл жұмыстан толық қол үзген жоқпын. Қауымдастық жанынан құрылған «Отандастар» қорының жұмысына сарапшы ретінде атсалысып тұрамын.
– Енді осы жөнінде кеңірек айта кетсеңіз. Қазіргі таңда шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс жасау және оларды атажұртқа оралту шарасын қалай бағалайсыз?
– Бұл жөніндегі жағдай онша мақтанарлықтай емес. Соңғы үш-төрт жылда қандастарымыздың атажұртқа қоныс аударуы күрт азайды. Мысалы, биыл қандастарға арналған көші-қон квотасы бар болғаны 3,5 мың адамға, яғни 500-600 отбасына ғана бөлінген. Ал кезінде мұндай квота жылына 20 мың отбасына, яғни 100 мың адамға дейін берілетін еді. Осының нәтижесінде атажұртқа бір миллионнан астам қандасымыз оралып, Қазақтанның өсіп-өркендеуіне үлес қосты. Осындай игілікті істен бас тартып, қандастарға берілетін квотаны азайтудағы мақсаттың неде екендігі маған түсініксіз. Басқаны былай қойғанда, еліміздің біраз өңірлерінде көптеген елді мекендер бос қалып жатқаны, мұндай жағдай, әсіресе, шығыстағы шекаралық аудандарда жиі байқалатыны қалай ойландырмайды?
– Бұл жұмыстарға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қоры» қалай қатысуы керек деп ойлайсыз?
– Барынша жан-жақты әрі тікелей қатысуы керек. Бұл жөніндегі ой-пікірлерім мен ұсыныстарымды «Егеменде» жарық көрген «Оралмандар үміті – «Отандастар» қоры» және «Елбасы, қазақ диаспорасы және Ел болашағы» атты проблемалық мақалаларымда жан-жақты ашып көрсеткенмін. Оның бәрін қайталап айтып жату орынсыз, тек бір-екі мысал келтірейін.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылған алғашқы күннен бастап шетелдегі қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыс орнатып, оларды атажұртқа көшіріп әкелу жұмыстарына белсене қатыстық. Қауымдастық қызметкерлері диаспоралар тұратын елдерге жиі шығып, ол жақтағы ағайындармен кездесіп, Қазақстанға оралудың жөн-жобасын таныстыратын. Атажұртқа келемін деушілерді тізімге алып, көші-қон мекемелеріне өткізетін. Келген ағайындарды қарсы алып, олардың жаңа ортаға тезірек бейімделуін үнемі назарда ұстап, қиындықтың шешілуіне тікелей ықпал ететін.
Сондай-ақ оқуға келетін шетелдік қазақ жастарына арнап алғаш рет Қаратау қаласынан 60 орындық дайындық бөлімін аштырып, кейін оған қабылданушылардың санын 1500-ге дейін жеткізуге ықпал еткенбіз. Бұған қоса шетелдегі өнерге бейім қазақ жастарын Қазақстандағы оқу орындарына қабылдату мәселесін де шешуге үлес қосқанбыз. Соның нәтижесінде Қытайдан бір топ өнерпаз қазақ жастары Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияға түсіп еді. Алғашқы кезде Қытайдағы ағайындармен байланыс жасау күрделі болды. Бірақ біртіндеп бұл мәселе де өз шешімін тапты.
Мұның бәрін әуелі Қалдарбек Найманбаев, ол кісі дүниеден өткеннен кейін Талғат Мамашев бастаған Қауымдастықтың бес-алты қызметкері жартымсыз жалақы алып жүріп атқаратын. Жарияға жар салып, мақтану қаперімізге кірмейтін. Керісінше, жұмыстарды жақсартумыз керек, деген мәселені жиі көтеретінбіз.
«Отандастар» қоры мен Қауымдастықтың қазіргі қызметкерлері бір мезгіл осыған көңіл бөлгендері дұрыс. Бірер адамға кішкене жақсылық жасап, онысын керемет іс тындырғандай көрсетіп, әлеуметтік желілдерді шулатып, қызыл сөзбен босқа мақтана бермей, жүзеге асқан нақты, нәтижелі істерімен көбірек көрінгендері жөн.
– Әңгімеміздің басында Мұстафа Шоқаймен жерлес екеніңізді айттыңыз. Ендеше осы атақты қайраткердің еңбегі мен мұрасын халыққа жеткізіп, насихаттауға үлес қостыңыз ба?
– Әрине! Мұстафа Шоқайды ақтап, еңбегін қалпына келтіруді алғаш болып қолға алған – қазақтың атақты жазушысы Әнуар Әлімжанов. Ал ғалымдардың арасында бұл игілікті іске бірінші кіріскен – Әбу Тәкенов. Сонда да Мұстафа Шоқайға деген қарсылық тоқтамады. Сол тұста қызылордалық Базарбай Атабаев Мұстафа Шоқай атындағы қор құрып, еңбегін қалпына келтіруді қолға алды. Бұл іске мен де белсене қатыстым. 1993 жылы Ә.Тәжібаев, Ж.Әбділдин, М.Қаратаев, Ә.Әлімжанов бастаған бір топ қабырғалы қаламгерлердің басын қосып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің атына ашық хат дайындадық. Ашық хат «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Бұл тарихи тұлғаның туған елімен қауышуына оң ықпалын тигізді. 1996 жылы Мұстафа Шоқай мен оның жұбайы Марияның «Естеліктер» атты кітабын Түркияға апарып шығарып әкелдім. Кейін осы кітаптың негізінде Мұстафа Шоқай туралы «Бостандық алар күн туса» атты екі бөлімді пьеса жаздым.
– Сіз бүгінгі әңгімеңізде біраз проблемалық мәселелерді көтеріп, кейбір кемшіліктердің де шетін шығарып, нақты ұсыныстарыңызды ортаға қойдыңыз. Осы айтқандарыңызды тиісті орындар қалай қабылдайды деп ойлайсыз? Сын пікірлеріңіз ескеріліп, оң нәтиже шығуы мүмкін бе?
– Айтқан сын пікірлер бірден ескеріліп, жасаған ұсыныстар түгелдей жүзеге аса берсе, біз қазіргіден де әлдеқайда мықты, барынша дамыған, өркениетті ел болар едік. Әзірше ондай дәрежеге көтеріле қойған жоқпыз. Керісінше, біздегілер мақтау күтеді. Бір ауыз сын айтсаң, қабағы тұнжырап, түсі бұзылады. Ал мақтасаң жолың ашық. Бірақ ештеңе мәңгілік емес. Бүгін болмаса, ертең орнымызға жаңа ұрпақ келеді. Басқаша ұғым-түсінік, жаңаша көзқарас қалыптасады. Сол кезде біреулер менің осы айтқандарымды оқып, «Ертеде осындай бір кісі өткен екен; пікірлерінің біразы кәдімгідей дұрыс» деп отырса, маған сол да жеткілікті және шынында сондай болса екен деп армандаймын.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»