
Сонымен қатар, аталмыш жазбадан бір жыл бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаланың жалғасы ретінде мойындалумен қатар, Ұлы дала тарихын еуроцентристік көзқарастан арылту жолында «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» ұғымы аясында: «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтар отаны» тақырыптарын қамтып, ұлт тарихы жайында философиялық һәм практикалық мәні бар ойлар айтылуымен құнды болды.
Сондай-ақ, мақаланың екінші бөлімі «Тарихи сананы жаңғырту» бағытында: «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» тақырыптары аясында, толғамды ой, толымды ұсыныс, тың идеяның бағыт-бағдарын айқындап берген еді.
Атап айтқанда, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов Елбасы мақаласы мемлекетіміздің, халқымыздың алдында тұрған міндеттер мен парызымызды дөп басып көрсетіп берді десе, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков: «Біздің қазақ халқының тарихы әлі де жүйеге түспеген, әртүрлі бөтен концепциялармен шұбарланған, нақтырақ айтар болсақ, еуроцентристік бағытта кетіп, өзіндік бағдарынан адасқан, сондықтан да едәуір шатасқан тарих. Олай дейтін себебіміз, күні бүгінге дейін қайталанбас өлке – Ұлы даланың ежелгі және ортағасырлық тарихын баяндаудың ешкімге ұқсамайтын өзіндік іргетасы әлі қалана қойған жоқ. Осыны тап басқан Елбасының мақаласы бізге мемлекет құрудағы таңғажайып тарихи ерекшелігімізді анықтауға мүмкіндік беріп отыр», депті. Сол сияқты философ Ғарифолла Есім Нұрсұлтан Әбішұлының мақаласына «ұлттық тарихтанудың тұғырнамалық бағдары» деген баға беріпті.
Ендеше, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 21 қарашасында баспасөз бетіне шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында рухани стратегиялық мақсаттарды іске асырумен қатар, барлық құрылымдарды талдамалық және әдістемелік сүйемелдеуді; оның ішінде қоғамдық-саяси ахуалды мониторингтеу мен талдауды; азаматтық қоғамдағы процестерді болжауды; ғылыми зерттеулер жүргізуді және мемлекеттік жастар мен отбасы саясатын іске асыруды әдістемелік қамту үшін Үкімет қаулысымен 2019 жылы 23 сәуірде құрылған «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының бізге берген есебіне жүгінсек, өткен жылы «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» жобалары бойынша елеулі істер атқарылған көрінеді.
Бірінші бағыт – «Архив – 2025» жобасына тоқталар болсақ, 2019 жылдың желтоқсан айында тарихымызды тың фрагменттермен толықтыру мақсатында, 2020-2025 жылдарға арналған 68 баптан тұратын кешенді жоспар қабылданыпты. Мұндағы мақсат – отандық және шетелдік архивтер мен ғылыми-зерттеу орталықтарынан жаңа құжаттар іздеп, оны тапқан жағдайда ғылыми айналымға енгізу екен.
Жоғарыдағы жоспарлы жобаны сәтті орындау үшін республикалық бюджеттен 3,9 млрд, жергілікті бюджеттерден 10,1 млрд теңге қарастырылып, отандық архивтерді халықаралық кеңістікке кедергісіз интеграциялау мақсатында, Ресей, Қытай, Германия, Франция, Италия, Бельгия, Польша, Чехия, Мажарстан, Түркия, Моңғолия, Мысыр қатарлы 17 мемлекетпен ынтымақтастық келісімшарт жасалыпты.
Сонымен қатар өткен жылы мемлекеттік архив қызметкерлері Ресей Федерациясына ат басын бұрып, Мәскеу, Петербор, Қазан, Омбы, Астрахань қалаларында болып, ондағы мұрағат қорымен танысқан. Нәтижесінде, бұған дейін отандық ғылымға белгісіз 4,5 мыңнан астам парақ құжат, 10 мыңға жуық фотодерек тапқан.
Бұлардың арасында Абылай ханның өмір тарихына қатысты құнды мәліметтер, Кіші жүз қазақтарының патшаға қарсы қозғалысы, Бөкей ордасының экономикалық жағдайы, сонымен қатар алаш арысы Мұстафа Шоқайға байланысты материалдар, Қазақ Социалистік Кеңес Республикасының тағдыр-талайына қатысты өткізілген Компартияның саяси бюро отырыстарының хаттамалары т.б. дүниелер бар көрінеді.
«Жобаны іске асырудың күретамыры кадр мәселесін орнықтыру үшін аталмыш сала мамандарын даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында мұрағатшы кадр жасақтау қажет», дейді «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының өкілдері. Қолдағы дерекке үңілсек, мұрағатшы мамандығы бойынша жыл сайын 60 студент магистратура мен докторантура бітереді екен. Бұл жеткіліксіз. Қазірдің өзіне аталмыш салаға 349 мұрағатшы маман қажет.
Екінші жоба – «Ұлы даланың ұлы есімдері» бөлімі бойынша жауапты мемлекеттік орган Білім және ғылым министрлігі. Аталмыш жоба аясында, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты парк құрудың тұжырымдамасы жасалып, даталы мерекелер Әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175 жылдық мерейтойларын атап өтуге бағытталған кешенді жоспар іске асырылыпты.
Сонымен қатар ежелгі әдебиет сериясының бірінші томы «Ұлы дала жауһарлары» жарық көріпті. Мұнда ежелгі Түркі қағанаты тұсындағы көне жәдігерлер, сонымен бірге ІХ-Х ғасырларға тән шығармалар топтастырылған. Атап айтқанда, «Авеста», «Алтын жарық», «Абыздардың құлшылығы» және Күлтегін, Білге қаған туралы жырлар мен осы дәуірде жазылған «Бұғыты», «Онғын», «Тұй-ұқұқ», «Үккүлі (Күлі) шор» жазба ескерткіш мәтіндері, Тоныкөк жырлары, VІІІ ғасыр үлесі «Мойын шор», «Теркін тариат», «Суджі» әдеби жәдігерлері, «Ырық бітік» түс көру һәм түс жору көне жазба ескерткіштеріне жаңаша тілдік, тарихи, этнографиялық талдау жасалып, жарық көруі білікті мамандар тарапынан жоғары бағалануда.
Сондай-ақ Енисей өлкесінен табылған VІІ-VІІІ ғасырға тән түркі жазба ескерткіштері – «Хемчик-чыргакы», «Бай-булун», «Уюк-туран», «Чаа-холь» жазба жәдігерлері, Талас руна жазба ескерткіштері және Қазақстан жерінен табылған «Есік жазуы», «Күлтөбе жазуы», «Ертіс», «Жетісу», «Әулиеата» жазба ескерткіш мәтіндері лайықты түрде орын алған.
Үшінші жоба – «Түркі әлемінің генезисі». Бұған жауапты мемлекеттік мекемелер – Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктері екен. Аталмыш жобаға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар қатарына: Түркістанның ежелгі қонысының тарихи келбетін қалпына келтіру; Дүниежүзілік түркі халықтарының фестивалін және түркі эностарының мәдени күндерін өткізу; сондай-ақ, ортақ онлайын кітапхана құру мәселесі күн тәртібінде тұр.
Осы жоба негізінде өткен жылы халқымыздың ежелден келе жатқан төл өнері айтысты насихаттап, осы арқылы тіл шеберлігін көркемдестіріп, тұрғындардың поэтикалық санасын қалыптастыру мақсатында, «Ұлы дала ән мен жыры, ақындықтың жеті қыры» атты кешенді шара ұйымдастырыпты. Тұңғыш рет өткізіліп отырған мәдени оқиға кезінде айтыстың хас шеберлері Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақов, Сара Тоқтамысова дүйім жұртқа жаңа қырынан танылды. Әдетте сахнада қара домбыраны қолға алып, бір-бірін әзіл-қалжыңмен түртіп, халықтың мұң-мұқтажын айтатын от ауызды, орақ тілді ақындар, бұл жолы әнді де айтып, әлі сиясы кеппеген өлеңдерін де оқып, көпшіліктің көңілін таба білген сыңайлы. Бағдарламада айтыстан тыс ұлтымыздың дәстүрі «Қыз ұзату», «Беташар» сияқты рәсімдер тиянақты орындалып, аталмыш тақырыпта фильмдер көрсетілген. Мәдени шара Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласынан бастау алып, әрі қарай Семей, Павлодар, Ақтау, Қарағанды, Жаңаөзен, Петропавл, Орал, Тараз тұрғындарын ән-жырмен сусындатып, барлығы 13 қалада өнер көрсетіпті. Шоу форматында ұйымдастырылған айтыс-концертке 4000-нан астам адам куә болған.
Төртінші жоба – «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» деп аталса, бұл бөлімге жауаптылар: Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі. Қолдағы ақпаратқа жүгінсек, музей алдағы күндері бас қала жоспарында негізделген Президент саябағында орналасуы тиіс болатын. Қазір бұл жоспар өзгеріп жаңа құрылым елордадағы Ұлттық музей тұғырында бой көтермек көрінеді.
Елбасы тапсырмасымен мұндай музей құрудағы мақсат – қазақ халқының мәдени мұрасын сақтау және дамыту ісін толыққанды жүзеге асыру; көшпелілердің өнері мен технология үлгілерін өркендету бойынша экспедициялар ұйымдастыру; көшпелілер тұрмысы мен мәдени заттарын қайта жаңғырта отырып, қолөнер шеберлерінің көрмелерін өткізу; Қазақстан өңірлерінде тарихи реконструкциялау фестивальдерін өткізу; қосымша шынайылық элементтері бар виртуалды музейлер ашу; елдің әртүрлі өңірлерінде жылжымалы тақырыптық көрмелер ұйымдастыру т.б. дейді мамандар.
Бесінші жоба – «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» деп аталып, бұған Білім және ғылым министрлігі жауапты ведомство ретінде таңдалыпты. Бірақ министрлік тарапынан жүктелген жобалық тапсырмаларды жүзеге асыру М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына тікелей бағышталғаны байқалды. Өйткені Елбасы аталмаш жоба аясында «Дала фольклорының антологиясын» жасауды айтқан болатын. Өткен жылы антологияның 1-5 томдығын жарыққа шығарып, олардың аудио һәм цифрлық нұсқаларын әзірлеу жұмыстары жақсы деңгейде орындалыпты.
Антологияда батырлар жыры, дастандар, ғашықтық және тарихи дастандар қамтылып, «Мәдени мұра» бағдарламасымен жарық көрген «Бабалар сөзі» 100 томдығындағы ең таңдаулы жазбалар іріктеліп алыныпты. Яғни туындының бірінші томына көне эпостық батырлар жыры енсе, екінші томына «Қырымның қырық батыры» жырлар топтамасы, үшінші томына тарихи жырлар, төртінші томына ғашықтық жырлар, бесінші томына дастандар енгізілген екен.
Жоғарыдағы жұмысты жүйелеу барысында, ғылыми экспедиция жасақталып, ел ішінен фольклорлық материал жинау әрекеті де жүйеленіп, институттың қолжазба қорындағы мұралар цифрлық нұсқаға көшіріліп, электронды каталогы жасалғаны шын мәнінде қуанарлық оқиға.
Жоғарыдағы «Дала фольклоры антологиясының» әрбір томы 10 мың тиражбен жарық көріп, оның 95 пайызы жоғары оқу орындары мен республика кітапханаларына таратылса, қалған 2 350 данасы жеке оқымысты-ғалым тұлғаларға үлестіріліпті.
Сонымен қатар қордағы қолжазба мәтіндер мен архивте сақталған құнды материалдарды жүйелеу негізінде, аудиторияға қолжетімді цифрлы тәсілмен «Ежелгі дәуір әдебиеті» жарық көріпті. Цифрлы форматта жарық көрген тағы бір туынды «Ұлы даланың көне сарындары» атты аудио кітапқа қор материалдары негізінде жинақталған 1935 жылдан бергі аудиожазбалар арқау болған екен. Екі тараудан тұратын басылымның «Музыкалық фольклор» бөліміне ежелгі наным-сенімдерге қатысты «Бақсы сарындары», ғұрыптық әндерге жататын «Жар-жар», «Сыңсу», «Беташар» сияқты байырғы сарындар, азалау ғұрпына байланысты «Жоқтау», «Жұбату», «Дауыс салу», «Көңіл айту», «Көрісу» үлгілері мұрағат материалдарынан іріктеліп алыныпты.
Яғни ұлт руханияты үшін аса құнды дүниелердің әр томы қысқаша аңдатпамен басталып, түсініктемелері орыс, ағылшын тілдеріндегі түйін сөздермен толықтырылып, түрлі-түсті суреттермен безендірілген. Он мың данамен жарық көрген басылымдар электронды форматқа көшіруге қолайлы әрі QR коды көрсетіліп, CD диск түрінде де берілген.
Соңғы, яғни алтыншы жоба – «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі». Жауапты орган – Мәдениет және спорт министрлігі. Бұл жоба аясында, өткен жылы көптеген анимациялық, деректі және көркем фильмдер түсіріліпті. Атап айтқанда, «Крылатая душа джигита», «Қарқаралы», «Көкшетау», «Баянауыл», «О сказочной природе Казахстана» және «Преодолевая барьеры» атты циклдар, «Адай жылқысы» қатарлы деректі фильм, жастарды патриоттыққа, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелейтін «Балуан Шолақ», «Шығырау», «Шырақшы» атты көркем фильмдер түсіріліпті.
Сол сияқты биыл әйгілі Қасым ханның ұрпағы, Қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек туралы «Обретая вечность. Касым хан» атты көп сериялы көркем фильм мен толықметражды «Наш милый доктор – 2», «Ақтастағы Ахико», «В потоках истории: Обретая вечность. Касым хан», «Долгое эхо», «Мұқағали Мақатаев» т.б. көркем туындылармен бірге «Ботай арғымақтары» атты анимациялық фильм көрерменге жол тартпақ екен.