
Айтпақшы, науқас сәбидің де есімі Алексей болып шықты. Өтсіз туылған шақалақтың бауыры іри бастаған соң «Алақандағы өмір» жобасы арқылы астанада Түркиядан келген дәрігерлер күрделі ота жасап, баланың бауырын ауыстырған. Ол жолы әкесі донор болған. Осы отадан кейін де ата-анасы баланы бірнеше рет Түркияға апарып келді. Білікті мамандар қалт етпей бақылау жүргізіп, жаңа бауырдың бітіп кетуіне қанша күш салғанымен болмады. Жеті айдан соң тағы баланың бауыры асқынып, әкесі екінші қайтара донор бола алмаған соң былтыр басқа адам іздеуге тура келеді. Баланың бағына орай, бірден бірнеше донор табыла кетті. Дәрігерлер олардың бәрін мұқият медициналық тексеруден өткізіп, ішінен Алексей Сычуговты таңдап алды. Көп кешікпей қос Алексей операция төсегіне жатты. Абырой болғанда, ота сәтті өтіп, жаңа бауыр жаңа орнына жылдам бейімделіп, жандана бастады.
– Бірде кешкілік әлеуметтік желіде кішкентай баласына донор іздеп аласұрған ананың жанайқайын көріп қалдым. Өмірі көрмесем де, сәбидің бейнесі көз алдыма көлбеңдеп тұрып алды. Ертесі ұйқыдан тұра салып, ойланбастан хабарламада көрсетілген телефонға қоңырау шалдым. Одан кейін дәрігерлерге сансыз анализ тапсырып, тексерулерден өттім. Ақыры бауырым ауыстыруға жарайды деген қорытынды шықты. Одан кейін дәрігерлер отадан кейін бірден өліп кетуім мүмкін екенін ескертіп, бастапқы ойымнан бас тартуға әлі де кеш емес екенін ескертті. Мен ойланатын түгі жоқ екенін айтып, дәрігер пышағы қандай жағдайға душар етсе де, ешкімге кінә артпайтыным туралы құжат толтырып, қол қойып бердім. Ота Анкарада өте сәтті өтті. Содан бері екі жылға таяу уақыт өтті, өзімді өте жақсы сезінемін, – деді А.Сычугов.
Алайда Алексей отадан кейін бірден аяққа тұрып кете алған жоқ. Дәрігерлер бауырының үштен бірін, өтін, аяқ тамырының бір бөлігін алып тастады. Қазір денсаулығы толық қалпына келгенімен, ауыр көтеруге әлі ертерек. Отадан кейін жас жігіт талай таңды ұйқысыз атырып, көп күндерін азаппен өткізгенін жасырмайды.
– Ішімде бірдеме жарылып кеткен сияқты аурудан басқа ештеңе сезбедім. Не ұйықтай алмайсың, не тұра алмайсың, төсекке таңылып жатып ішкі ағзаңның қатты ауырғанын сезіну өте ауыр екен. Тек іш құрылысымның ауырғаны басылып, алаңсыз ұйқыға кетуді армандадым. Әдетте, отадан кейін алғашқы үш күн бойы дәрігерлер донорларға морфин салады екен. Менің аллергиям бар болғандықтан, оны да салмады. Қазір бәрі ұмытылды ғой, – деп жымиды Алексей.
Былтыр Тұңғыш Президент күні қарсаңында аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов «Қостанай облысының Алтын кітабына» енген 11 жас өренді марапаттады. Спорт, өнер, ғылым, бизнес саласында толайым табысқа қол жеткізген кілең дүлдүлдер. Жеңіс тұғырында Лисаков қаласындағы кен орнында машинист көмекшісі болып жұмыс істейтін Алексей Сычугов та жүйріктермен иық теңестіріп тұрды.
Қазір екі Алексей бір туғандай болып бауыр болып кетті. Екеуі жиі кездесіп тұрады. Үлкені біраз көрінбей кетсе, кішісі елегізіп іздей бастайды. Туғалы солақай кішкентай Алексей отадан кейін, асты оң қолымен жей бастаған. Ата-анасы мұны үлкен Алексейдің бауыры әсер етті деп ырымдайды екен.
Бір сәбидің өміріне араша түсіп, көпшіліктің алғысын алған А.Сычугов өз ісін ерлік деп санамайды.
– Адамға қолұшын созу адамға тән қасиет қой, бұл ерлік емес. Жақсылық жасасаң жаның семіреді. Бауырымның бір бөлшегін беріп, өзіме өмірлік бауыр таптым, – дейді бейбіт күннің батыры.
Қостанай облысы