
Керме түрінің ең әуелгісі – жайлауда жапырлай қонған ауыл маңында сәл қиыстау жерге қадаған діңгекке құрылған кермебау. Бұл жерге ауылға келген қонақтар мен әрлі-берлі өткен жүргіншілер, сондай-ақ ел адамдары күнделікті мініс аттарын байлайды. Бұны ауызекі тілде «ат байлар» деп те айтады. Келесі керме – жүйрік байлайтын орын. Яғни бұл кермеге тек жақсы аттар байланады. Сондықтан атам қазақ «ат жақсысы – кермеде» деп бекер айтқан жоқ.
ХІХ ғасырдың ортасында өмір сүрген көшпелі халқа – моңғол жұртының атақты нояны, ат сыншысы, сейс Пуребжаб деген адамның бұдан екі ғасыр бұрын жазған «Құпияның құпиясы, көненің көнесі жайлы ілім» атты еңбегі бар. Осы жазбада «Жүйрік аттарды баптайтын керме ашық алаңқай, дөңестеу жерде құрылады. Оның алдыңғы және оң жағында жақын маңда тау-төбе болмағаны абзал. Әрі керменің оңтүстік жағы нулы-сулы, шығыс жағы тегіс жазық, батысы адырлы, жердің қыртыс топырағы сарғылтым, артқы жағында көл болса, бұл нағыз ат баптайтын орын» деп жазыпты.
Сондай-ақ жүйрік байлаған жердің топырақ қыртысы жұмсақ болғаны тиімді, егер жер қыртысы қатты болса, жүйрік байланған нүктеге жұмсақ қайрақ құм төгеді. Яғни керме құрған жердің қыртысы қатты болса, жүйріктің төрт аяғы талмаусырап созылады, жұмсақ шымды болса, жылқы бойына ылғал тартып, бабына түспей кешігеді.
Қазақтың атбегілік өнерін бойына сіңірген сейіс қариялардан кейінгілерге жеткен ілімге қарағанда, жүйріктерді баптауға байлағанда керменің басына үлкен аттарды орналастырады да, қалған құнан, дөнен, тайларды күннің шығысынан батысына қарай рет-ретімен тізіп шығады. Керменің бағаналарын немесе жеке ат байлайтын атағашты бұдырсыз, сыптығыр, түп-түзу жас қайыңның қабығын аршып жасаған дұрыс. Алғаш байланған жылқыны кермеге бой үйреткенше, яғни жарты күн қозғамай байырқалатады. Байлауға алынған жүйрікті жарату жұмыстарын бастамай тұрып, әуелі кермені айналдырып жүргізіп көреді. Алдымен жуан аттар, одан кейін құнан, дөнен, тайлар жүреді. Аттар керме айналған сәтте адамдар қиқулап, жылқының делебесін қоздыратын әрекеттер жасайды. Керме айналуды түсте бастап, түс ауа, күн батар мезгілде, күн батқан соң, яғни бір күнде төрт дүркін қайталайды. Сол сияқты, керме басында жиналған қауым тек жақсы сөздер айтуы тиіс.
Жоғарыдағы ұстанымдарға мән берсек, көшпелілердің керме мәдениеті үлкен ілім һәм керемет өнер екенін бажайлауға болады. Сонымен қатар керменің құрылымы және шарты деген бар. Атап айтар болсақ:
бірінші шарт – кермені 10-12 құлаш қайыс арқанмен тартып діңгектерін 2-2,5 метр ұзындықтағы бөрене ағаштардан орнатады. Керменің күншығыс жағына 20 метрдей қашықтықта, кедір-бұдырсыз, тепсең дөңес жерге құм төгіп, таңертең, кешке ат аунататын орынжай дайындаған.
Екінші шарт – керме мал қорасынан, әсіресе бұзау байлайтын желінің бас жағында 150-200 метр қашықтықта орналасқаны жөн. Керме маңына қой-ешкі немесе сиыр жаюға, жылқы түлігін қиқулап айдап өтуге болмайды. Керменің жел жағына өлген малдың сасыған жемтігін тастаған дұрыс емес. Сасық иіс жүйріктің көңіл күйіне әсер етеді.
Үшінші шарт – керме басында ұрыс-керіс, боқтық сөздер айтылмағаны абзал және оған атбегілер мен шабандоз балалардан басқа адам ұлықсатсыз баруға болмайды. Барғанның өзінде желдің ық жағын қуалап барады.
Төртінші шарт – керме маңына мас немесе ауру-сырқау адам баруға болмайды, сондай-ақ әйел адамдардың да бара бермегені жөн саналады.
Осы орайда тағы бір айта кететін дүние – керме тәртібі. Яғни дәл бәйге болатын уақытқа 3-4 күн қалғанда ат иесі мен шабандоз бала жүйріктің қасына түнеп, күні-түні бабын қадағалайды.
Жүйрікті баптауға қажет құрал-саймандар (терқырғыш, қамшы, тоқым, тартпа айыл, кекіл-құйрық байлайтын өрме жіп, т.б.) арнайы биіктеу орынға, таза жерге, желдің өтіне қойылады.
Жүйрікті басы жерге жетпейтіндей етіп, жатып ұйықтай алатындай етіп байлау керек. Қазыққа, діңгекке байлауға әсте болмайды. Оның қауіп-қатері көп болады.
Кермеде үйілген жылқы тезегін ұдайы тазалап тұрған жөн. Әр апта сайын кермені жаңалап, жерін ауыстырып тұрады.
Жоғарыда айтылған ұғымдар мен шарттар көшпелілердің керме мәдениетінің бір үзігі ғана. Бұның сыртында керме психологиясы, ілімі, жүйесі, т.б. дүниелер бар.