
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Сондағы себеп – жоба туралы түсініктеменің орыс тілінде тапсырылмағаны. Алайда ол түсініктеменің қазақ және ағылшын тілдеріндегі нұсқасын өткізген.
Осы бір жалғыз байқаусыздықтан жас ғалым бір жыл бойына берілетін қаржылай мүмкіндіктен қағылды. Ал бізді ойландырып отырғаны – мұндай ғалымдардың аз еместігі, көпшілігін өздері айтқандай, болмашы себептермен сараптаманың сарсаңға салғаны.
«Бұл сараптама – қай сараптама?» деп отырған шығарсыз. Түсіндірейік. Елімізде Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы бар. Бұл мекеме Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ғылым комитетіне қарайды. Осы орталық ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді гранттық қаржыландыруға жарияланған конкурстардың өтініштерін және қабылданған жобаларды формальды тексерістен өткізеді. Содан кейін барып жоба екінші кезеңге жіберіледі. Шынын айтқанда, формальды тексерістен өткізгенде құжаттамалық жағынан және жобаның конкурстық талаптарға сәйкестігі сарапталады.
Бірақ бір қызығы, дәл осы алғашқы кезеңнен өтінім берушілердің жартысынан көбі өтпей қала береді. Неге? Ғалымдар арасындағы қызу пікірталас осы жерден басталып тұр. Бұл – анығында жұмсартып айтқанымыз, әйтпесе «даудың басы» десек те болғандай.
Кейіпкеріміз А.Шағырбай өзіндегі мәселенің мәнін:
– Жоба ұсындым. Мен орысша түсініктеменің орнына байқамай 2 рет қазақша түсініктеменің файлын жүктеп жіберіппін. Сайтқа қайта түзетуге болатыны туралы хабарландыру шықты. Содан соң орыс тіліндегі түсініктемені салып, мекеме басшысына өтініш жаздым. Сол өтінішіме екі аптадан кейін «Жоғарыда көрсетілген өтінімді тіркеу барысында үш тілді түсініктеме жазбаның орнына екі тілде, яғни қазақ және ағылшын тілдерінде ұсынылып, ал орыс тіліндегі түсініктеме жазбаның орнына қосымша қазақ тілінде тіркелгендіктен өтінім Ғылым комитетіне қайтарылды. Осылайша комиссия жоғарыда көрсетілген мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізуге өтінімді ұсынбау туралы шешім қабылдады» деген жауап алдым, – деп түсіндірді.
А.Шағырбай өзінің ғана емес, өзге әріптестерінің де болмашы қателіктерден құжаттарын өткізе алмағанын тілге тиек етті.
– Бір әріптесім жобасының қай тілде жүргізілетінін көрсетпегенінен, екінші бірі үтірі немесе нүктесінің қалып кеткенінен өтпей отыр. 500 жобаның бірінші кезеңнен-ақ 350-інің келесі кезеңге жарамауы мүмкін емес қой. Егер менің жобам байқауға ғылыми тұрғыдан немесе қандай да бір күрделі деңгейлік талаптарға сәйкес келмей тұрса, түсінемін. Ал мынадай жағдайдан шынымен тауың шағылады, – деп шырылдайды кейіпкеріміз.
Айта кетейік, әңгіме Жастар жылында жарияланған жас ғалымдарға арналған грант конкурсының құжаттарына қатысты болып отыр. Конкурс былтырдан басталғандықтан, әлі талаптары толық тиянақталып үлгермеген шығар деген ойда болдық. Бірақ «грантты танысы барлар алады» деген сөз де құлағымызға жетті. Сол себепті былтырғы дәл осы конкурста грант жеңіп алған ғалымды сөзге тарттық. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Абай академиясының бөлім меңгерушісі Жұлдызай Кішкенбай:
– Таныс-тамыр жағалағанымыз жоқ. Зерттеу тақырыбымыздың өзектілігімен өттік. Әріптестерімнің биылғы конкурс сараптамасына қатысты пікірлерін оқыдым, естідім. Қалай дегенмен орталықтың талаптары орынды. Әріп, тыныс белгісіне қатысты қателіктерді айтып жатыр ғой. Өз таныстарым да қажет жеріне тиісті пайызды көрсетпегендіктен келесі кезеңге өтпей қалды. Иә, техникалық қателер. Алайда мұндай қателіктерді жібермеуге тиіспіз. Мәселен, 1 мақала жазу туралы талаптың тұсына кейбір ғалымдар 2 мақала деп көрсетеді. Сол ғалым кейін талаптағыдай тек 1 мақала өткізгісі келетінін айтады. Осы жерде қайшылықтар туады. Негізі жас ғалымдарға мұндай тәжірибеден де өту керек сияқты. Себебі зерттеумен айналысатын адамға ұқыптылық аса қажет, – дейді ол.
Иә, ұқыптылық та, сауаттылық та керек. Әсіресе уақытқа ұқыптылық, уақытты жоспарлаудағы тиянақтылық гранттан үміткер ғалымдарға екі есе керек секілді. Өйткені Ж.Кішкенбай айтқандай, конкурсқа құжаттарын соңғы күннің соңғы сағаттарында өткізетіндер бар.
– Енді ғалымдарды да түсінуге болады, бұрын гранттық конкурс 3 жылда 1 рет болатын. Ал былтырдан бастап жыл сайын өткізілетін болды ғой. Сондықтан асықпауға үйреніп алған да шығармыз. Ал асыққанда қателіктің көп кететіні рас. Десек те жоғарыдағы кейіпкердің жайына келсек, шынымен де сол талаптың қажеттілігі жөнінде ойлана бастайсың. Жобаның қысқаша сипаттамасын 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде) жазып өткізуге тиіспіз. Ал осы талап неге керек? Қаншалықты маңызды? Иә, түсінеміз, жобаны отандық және халықаралық сарапшы қарайды. Сол себепті ағылшын тіліндегі түсініктеме қажет. Бірақ отандық сарапшы үшін мемлекеттік тілдегі нұсқасы жарамай ма? Негізі осы талапты «зерттеу, анығы жұмыс тіліне қарай өткізу» деп өзгерткен жөн. Сонда басы артық жұмыс болмайды. Мысалы, мен де зерттеуімді қазақ тілінде жүргіземін, бірақ оны орысшаға аудардым. Қазақшадан орысшаға аударма жасайтын мамандар тапшы, болған күннің өзінде аудармашыдан да қате кетуі мүмкін, – дейді Ж.Кішкенбай.
Ғалымдардың өздері мойындағандай, олардан да қателік кетер. Бірақ қателік тек осы тараптан болып тұр ма? Сараптамадан өткізетін орталық талаптарды өзі толық сақтай алып отыр ма?
Генетик ғалым, Ұлттық биотехнология орталығының бөлім меңгерушісі Мақсат Жабағиннің әлеуметтік желідегі «Жобалардың жартысынан көбі тағы да формальды тексеруден өтпей қалды. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы осы тексерісті қаншалықты сапалы жүргізіп жатыр? Бұл мәселе тыңғылықты зерделеуді қажет етеді. Бұған нақты факт бар» деген жазбасына қарасақ, сақтай алмай отыр.
– Мен бір жобаны әзірлеуге қатыстым. Формальды тексерістен өтуі үшін бәрін ұқыпты дайындадым. Бірақ жоба өтпей қалды. Сөйтсек формальды тексеріс жүргізетін сарапшы бір ғана деректер базасын қарап «Ғылыми жетекшінің зерттеу (жоба) бағыты бойынша жарияланымдары конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейді» деген қорытынды шығарыпты. Ал талап бойынша Web of Science дерекқоры мен Scopus базасының бірінде жетекшінің мақаласы болса жеткілікті. Сонда сарапшының өзі конкурс құжаттамасын толық түсінбеген. Web of Science-ты ашпай, Scopus базасын қарап қорытынды шығара салған, – дейді М.Жабағин.
Біз осы мақаланы жазу барысында 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурстық құжаттаманың толық мәтінімен танысып шықтық. Иә, расымен де ғылыми жетекшіге қойылатын талапта квартилі мен процентиліне қатысты көрсеткіш әртүрлі болғанымен, бәріне бірдей «Web of Science деректер қорының және (немесе) Scopus базасында рецензияланатын ғылыми басылымдарда ғылыми мақаласының яки шолудың болуы міндетті екені көрсетілген. Демек, сараптама жасайтын орталықтың өзі қателесіп отыр және сол сарапшының мұндай қателікті тек бір жобада жібермегеніне кім кепілдік бере алады?
Ғылым комитетінің (аталған сараптама орталығы осы мекемеге қарайды) төрағасы Жанна Құрманғалиева сараптама жұмысына қатысты:
– Шынында бұл – түйінді түйткіл, күрмеуі қиын мәселе. Негізі біз осы проблеманы шешуді былтырдан бері қолға алдық. Сенсеңіз қаншама ғалымның мәселесі бір ғана қаулымен оң шешілгелі тұр. Біз Үкіметтің №891 қаулысымен бекітілген мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және өткізу туралы ережесіне өзгерістер енгізу жөнінде қаулы жобасын дайындадық. Бұл құжат қабылданса, ғалымдарға қателіктерді түзетуге 3 күн уақыт, ал орталыққа өтінішті екінші рет қарауға мүмкіндік беріледі. Әзірше мұндай мүмкіндік мүлде жоқ. Сараптама орталығы бір шешім шығарса, оның шешімін қайта қарауға ешбір институтқа құзыр берілмеген. Бұл заңнамаға 9 жыл бұрын енгізілді, енді соны өзгертуге бар күш-жігерімізді жұмсап, жүгіріп жүрміз. Өйткені бір ғана қаулыны қабылдау үшін 14 өзге мемлекеттік органмен келісу керек. Біз мұны «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» жалпы заңға сүйене отырып іске асырмақпыз. Орталық ғалымдардан түскен өтініштің жартысынан көбін кері қайтарып отыр. Оның ішінде керемет, бірегей, мықты жобалар да бар, обал ғой. Бірақ мен обал екен деп, сол жобаларды өткізуге бұйрық бере алмаймын. Бұл – заңға қайшы. Сондықтан да біз заңнаманы өзгертіп жатырмыз. Десек те орталықтың жұмысын мұқият қарадым, 20 шақтысынан басқа шешімнің барлығы негізсіз шығарылмаған, – деді комитет басшысы.
Жауапқа назар аударайықшы, 20 шақтысынан басқасына негізсіз шешім шығарылмағанын айтып отыр. Демек, орталықтың қателескені рас болып тұр ғой. Мұның себебін Ғылым комитетінің төрағасы биыл орталыққа бұған дейін болмаған мөлшерде жүктеме беріліп отырғанымен байланыстырды.
– Биыл орталық 5 конкурстың құжаттамасын, яғни 7 мыңға жуық жобаны формальды тексеріс пен сараптамадан өткізіп отыр. Шыны керек, орталық 2020 жылы ешқашан болмаған жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Жалпы, ғылыми жобалар орталыққа кіргенде де, бюджеттік қаражат арқылы іске асырылып нәтижелерін шығарғанда да мемлекеттік сараптамадан өтеді. Биыл 2018-2020 жылы жүргізілген ғылыми жобалар мен нысаналы бағдарламалардың нәтижелері де шығарылуда. Бұл – 1 200-ден аса ғылыми жұмыс. Өзге мемлекеттік органдардан келетін конкурс құжаттары да бар. Алда тағы екі конкурстың құжаттамалары мен түскен бағдарламаларға сараптама жұмыстарын ұйымдастыру күтіп тұр. Орталық мамандары қазір сенбі-жексенбі, мейрам дегенді ұмытты. Олар да адамдар ғой, адами фактор болған соң қателік кетеді, – дейді Ж.Құрманғалиева.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ғалымдарды сарсаңға салған сараптама осы жұмысты жүргізетін орталықтың өзіне оңай тимей тұрғандай. Жүктемесі артқан, күнін түнге жалғап еңбек ететін қызметкерлердің қатарын көбейтіп, орталық мамандарының қолын ұзартуға болар деп ойлайсыз. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордағы қызметкерлер санын 10%-ға, келер жылы 15%-ға қысқартуды тапсырды ғой. Бұл шешім – ведомстволық бағынысты мекемелерге де ортақ. Иә, оның үстіне елімізде ғылыми жұмыстарды бағалайтын, ғылыми өлшемдерге сараптама жасайтын мамандар саусақпен санарлық. Сондықтан әлеуметтік тұрғыда қолдау арқылы олардың еңбегін бағалау ғана сараптаманың сапасын жақсартуға септесетін секілді.