
Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Елімізде 1 млн-нан аса оқушы дәстүрлі форматта оқиды
Брифингте бірінші болып сөз алған Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова 11 қаңтардан басталып, 20 наурызға дейін жалғасатын негізгі оқу тоқсанында санитарлық ахуалға қарай оқу процесі әртүрлі форматта жүргізілетінін жеткізді.
– Сабақтардың 70 пайызы штаттық режімде, қалғандары қашықтан өтеді. Бірақ мұнда ескеретін бір жайт бар. Қандай пәндерді штаттық режімде, қайсысын қашықтан оқытатынын әрбір білім беру ұйымы қажеттілігіне қарай өздері дербес анықтайды. Бұдан бөлек интернаттарда, арнайы мектеп-интернаттарда, жалпы үлгідегі мектеп-интернаттарда, мектеп жанындағы интернаттарда және дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарда оқуға және тұруға рұқсат етіледі. Барлық жағдайда штаттық оқыту бойынша шешім тиісті аумақтың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлерімен бірлесіп қабылданады. Қазақстандық мектептерде 3,4 млн бала оқиды, оның 41,7 пайызы дәстүрлі форматта білім алады. Әкімдіктердің мәліметінше, 1-5 сынып оқушыларының 24 пайызы кезекші сыныптарда, 10,3 пайызы шағын жинақталған мектептерде, 260 мың 9-11 сынып оқушылары штаттық режімде оқуын жалғастырады, – деді Ш.Каринова.
Карантин кезіндегі қашықтан оқыту барысында ата-аналар мен қоғам белсенділері бітіруші сыныптарды қашықтан оқыту түлектердің болашағына жасалған қиянатпен тең екенін айтып, дабыл қаққан еді. Осы ой ескерілді ме екен, министрлік өкілі меншік нысанына қарамастан еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында бітіруші сынып оқушыларының негізгі пәндерді дәстүрлі форматта оқитынын мәлімдеді.
– Пәндердің 70 пайызы дәстүрлі форматта, ал 30 пайызы қашықтан оқытылады. Биыл еліміз бойынша бітіруші сыныптардағы оқушылардың саны 440 мыңнан асады. Оқу процесін аралас форматта ұйымдастыру кезінде санитарлық-эпидемиялық нормалар сақталып, сабақтардың ыңғайлы кестесі құрылады. Сондай-ақ әлеуметтік арақашықтықты сақтау үшін ауысымдар мен кіші ауысымдар саны ұлғайтылып, әрбір сынып үшін сабақ арасындағы үзілістер әртүрлі уақытта болады. Санитарлық талаптарға сәйкес мектепке кіру кезінде білім алушылар мен педагогтердің дене қызуын күнделікті өлшеу қажет. Қажет болған жағдайда педагогтердің, оқушылардың және ата-аналардың қалауы бойынша штаттық форматта білім алып жатқан оқушылар үшін мектепте жеке консультациялар өткізуге рұқсат беріледі. Бірақ бір топта 5 адамнан артық болмауы тиіс, – деді вице-министр.
97 колледж офлайн білім береді
Елімізде 796 колледж жұмыс істейді. Жалпы колледждерде жаңа семестр 18 қаңтарда басталады. Екінші семестрден бастап қазақстандық колледждерде оқу процесі дәстүрлі, қашықтан және аралас форматта жалғасады.
– Колледждердің бірінші курс студенттері оқуын штаттық режімде оқиды. Олардың саны бүгінде 149 мыңнан асады. Ауылдық жерлер мен шағын қалаларда орналасқан 97 колледж, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің және Қорғаныс министрлігінің жанындағы, бұған қоса тағы 14 жабық колледж өз студенттері үшін оқуды дәстүрлі форматта ұйымдастырады. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар мен білім беру ұйымдары мекемелерді дайындайды және оқыту үшін қолайлы санитарлық жағдай жасайды. Мұнда да 70/30 қағидаты қолданылады, сондай-ақ форматты және пәндерді ұйымдардың өздері таңдайды. Сонымен қатар қаладан тыс жерлерден келген студенттер үшін жатақханаларда барлық жағдай жасалады, – деді Ш.Каринова.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, барлық білім беру ұйымына жеткізілді. Сондықтан дайындық толық жүргізілген. Аудиториядағы сабақтардың ұзақтығы 45 минуттан аспайды, колледж әкімшілігі соған лайықты кесте құрады. Аудиторияларды санитарлық тазарту сабақтар арасындағы үзілістер кезінде және одан кейін де жүзеге асырылады.
ЖОО дәстүрлі форматқа біртіндеп көшеді
Білім және ғылым министрінің жоғары білім беру бойынша орынбасары Мирас Дәуленов аталған брифингте отандық жоғары оқу орындарының алдағы семестрде біртіндеп дәстүрлі форматта оқытуға көшетінін айтты.
– Елімізде 128 жоғары оқу орны жұмыс істейді, онда 600 мыңнан аса студент білім алады. 18 қаңтар мен 15 ақпан аралығында ЖОО-да көктемгі семестр басталады. Дәстүрлі оқытуға біртіндеп көшу мәселесі пысықталып жатыр. Ел аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша 1-курс студенттері, яғни 150 мың адам үшін оқу процесі аралас форматта ұйымдастырылады. Демек, дәрістер онлайн режімде, семинарлар, қолданбалы сипаттағы зертханалық және практикалық сабақтар күндізгі форматта өтеді. 2-ші және 3-курстарда оқыту күзгі семестрдегідей дайындық бағыттарына байланысты қашықтан немесе аралас форматтарда жүргізіледі. Педагогикалық, гуманитарлық, әлеуметтік ғылымдар, журналистика, бизнес, басқару және құқық, т.б. бағыттар бойынша қашықтан оқыту ұсынылады. Ал өнер, жаратылыстану ғылымдары, инженерлік салалар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және т. б. бағыттар бойынша студенттер аралас форматта білім алады. ЖОО студенттерді осы форматта қабылдауға дайын. Қазіргі уақытта тиісті санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауға қажетті жағдайлар жасалған, – деді М.Дәуленов.
Министрлік өкілінің айтуынша, басқа қалалардан келген студенттерге жатақханалардан орын беріледі, бірақ бөлмелерде адам саны 50 пайыздан аспауы тиіс. Ал жоғары білімнен кейінгі оқыту жағдайында теориялық дәрістер (қажет болса), ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау, магистранттар мен докторанттарды қорытынды аттестаттау жоғары оқу орнының академиялық саясаты мен күнтізбесіне сәйкес қашықтан және аралас форматта жалғасады.