
Бүкіл әлем ғалымдардың әлеуетіне иек артып отыр, себебі мұндай тығырықтан бізді ғылым ғана алып шығады. Әлбетте дәрігерлердің еңбегі ерен, тіпті өлшеусіз деуге болады. Дегенмен олар да ғылыми тұрғыда зерттеліп, әзірленген нұсқаулыққа сүйеніп емдейді. Сондықтан біз де азаматтарымыздың амандығын, дағдарысқа душар еткен дерттен құтылудың жолын ойлағанда отандық ғылымға, ғалымдарымызға мойын созамыз. Сондайда ең алдымен көңілге келетіні – «Қазақстандық ғылым коронавируспен күреске қауқарлы ма?» деген сауал. Мұндай салмақты сауалға жауап табу үшін әлбетте олардың «ішкі асханасына» үңіліп, жұмыстарымен жіті танысып көру керек.
Қытайдағы Шанхай университетінің Материалтану магистрі атанып, елге оралған соң Назарбаев Университетіне «Механикалық инженерия» бойынша докторантураға түскен Бақытжан Сариев елімізде алғаш рет қолжетімді материалдардан өкпені жасанды желдету аппаратының үлгісін жасады. Біз жас зерттеуші инженердің өнімімен Young Researchers Alliance ұйымдастырған жас ғалымдардың ІІ форумында таныстық. Сондағы сөйлеген сөзінде ол: «Пандемия елімізде өкпені жасанды желдету аппаратының (ЖЖА) жетіспейтінін көрсетті. Бұл – аса қажет құрал. Біз коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерді, басқа да мамандарды қорғауымыз керек. Ал қиын жағдайда аталған аппараттың қаншалықты маңызды екеніне көзіміз жетті. Біз өнімімізді YRA-1 деп атадық. Себебі бұл алғашқы прототип және Young Researchers Alliance қолдауымен әзірленген жұмыс. Алдағы уақытта мұны жетілдіреміз. Негізі осындай аппаратты жасау кезінде құрастыруға қажетті материалдардың жоқтығынан қиналдық. Болашақта көп мөлшерде шығару үшін керекті бөлшектерді шетелдерден, соның ішінде Қытайдан алдыратын шығармыз. Ал қазіргі әзірленген өнім қолдағы бар материалдардан жасалды. Ең маңыздысы, аппарат жұмыс істеп тұр. Бірақ жаппай өндіріске қол жеткізу үшін әлбетте инвестиция керек», деді.
Осы жерде кез келген сауатты адамда «Жақсы, біз инвестиция тартайық, тіпті мемлекеттен қаржы қарастырайық. Бірақ бұл қаншалықты тиімді?» деген сұрақ туатыны заңды. Оған тағы «Жасатып жүргенше, бәлкім сатып алған әлдеқайда үнемді шығар» деп ой қосамыз ғой. Жас ғалым бұл жағын да алдын ала саралаған сыңайлы. Себебі Б.Сариев: «Бүгінде нарықта жүрген ӨЖЖ аппараттары 2 млн теңгеден басталады. Ал біз аппараттың алғашқы үлгісін 1 млн теңгеге жасап шықтық. Келешекте көп мөлшерде өндіре алсақ, онда шығынды тағы 150-200 мың теңгеге дейін азайтуға болады. Меніңше, бұл мемлекеттік мекемелер үшін де, тіпті жеке тұлғаларға да шетелдік өнімнен әлдеқайда қолжетімді бағада болары сөзсіз», деді.
Бақытжан аппаратты ерікті түрде және ғылыми жоба ретінде жасаған. Болашақта инвесторлар өндіріске енгізуге құлықты болса, жетілдіруге, жобаны аяғына дейін жеткізуге әзір. Тағы бір таңғалғанымыз, ол елімізде коронавирустың кезекті толқыны жүріп, халық қиын жағдайға тап келсе, өзінің докторантурадағы оқуының қауырт екеніне қарамастан көмекке келуге, жалақысыз жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Себебі жас зерттеуші ӨЖЖ аппаратының қолжетімді үлгісін жасап шыққанда материалына болмаса, өзінің жұмсаған уақыты мен еңбегіне де ақы алмады.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының ғалымдары әзірлеген ПТР тест-жүйесімен елімізде күніне қаншама адам сынақтан тегін өтті. Әлі де қолданылып келеді. Иә, әуелде Қазақстан шетелдік тест-жүйелерді пайдаланды. Экспортталған тауардың қымбат болатыны түсінікті. Бүгінде ғалымдарымыздың арқасында отандық өнімді пайдаланып, мемлекет қоржынына салмақ салмай отырмыз. Әлбетте мақтан жаза салғанға оңай, бірақ ғалымдар осы деңгейге жету үшін қаншама кедергілерді еңсерді, күні-түні еңбектенді.
Жоғарыда аталған орталықтың жетекші ғылыми қызметкері, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары дәрежелі дәрігер Айгүл Ағзамқызы коронавирусты анықтайтын ПТР тест-жүйесі орталық ғалымдарының күш біріктіруі нәтижесінде жасалғанын айтады.
«Біздің орталық – биологиялық қауіпсіздік деңгейі 3-дәрежелі (BSL-3) зертханасы бар Қазақстандағы екі мекеменің (екіншісі Отардағы «жабық» институтта) бірі. Осындай зертханамызға қоса өндіріспен айналысатын мүмкіндігіміз де бар. Дегенмен, өздеріңіз білетіндей, ғылымға бөлінетін қаржы көлемі теңіздің тамшысындай ғана. Бөлінген қаражатты жоспарланған ғылыми-зерттеулерге жеткізе алмай жатқанда вирус таралды. Қарап отыра алмаймыз, сол себепті Білім және ғылым министрлігінің гранттық конкурсына құжат тапсырдық. Алайда дәл осы жобамыз бас басылымда жарияланған «Сарсаңға салған сараптама» атты мақалада жазылғандай, болмашы себептермен формалды тексерістен өтпей қалды. Алайда тест-жүйе бізге қазір ауадай қажет. Өйткені ауруды емдеу үшін алдымен оның бар-жоғын анықтап алу керек. Ал оны тек тест-жүйе анықтайды. Сондықтан өз қаражатымызға шығаруға бекіндік. Осыған дейін түрлі қатерлі ауруларды анықтайтын тест-жүйелер әзірлеген үлкен тәжірибемізге сүйендік, көп күш жұмсадық. Орталық басшысы Тоқтасын Кенжеханұлы білікті сала мамандары, профессорлар мен ғылым докторларын шақырып, арнайы комиссия құрды. Әлеуетті мамандар әзірлеген өнімімізді тексерді, ғылыми кеңесте қаралды. Мамыр айында ашық дереккөздегі вирустың РНК-сы негізінде жасаған тест-жүйеміз дайын болды», дейді А.Ағзамқызы.
ПТР тест-жүйесін орталық ғалымдары әзірлеп қойғанымен, өнім бірден өндіріске енгізілмеді. Өйткені оны алдымен тіркеуден өткізу керек. Мамыр айында тапсырылған орталықтың өнімі екі айдан соң, яғни шілде айында ғана тіркеуден өтті. Содан соң өндіруге рұқсат алды.
«Жаз айларында орын алған эпидемиялық шиеленіс кезінде 10 мыңнан аса адамды біздің тест-жүйемен тексеруден өткіздік. Осы уақытқа дейін біз сериялық өндіріс бойынша 75 мың зерттеуге арналған ПТР тест-жүйесін шығардық. Орталықтың 9 филиалын аталған өніммен қамтамасыз еттік. Алдағы жоспарда қаңтар айында тағы 100 мың зерттеуге арналған ПТР тест-жүйесін шығару көзделген. Осынша ауқымды іс атқаруға орталығымыздың әлеуеті жетіп тұр. Десек те мемлекеттен қаржылай қолдау болса, кәсіпкерлік қауымның отандық өнімге, ғылымға деген көзқарасы оңалса, бұдан да жоғары жетістікке қол жеткізуге болады. Сонда Қазақстан нарығын тек отандық өніммен қамтамасыз ете алар едік. Қазір бәрін өз күшімізбен, бар мүмкіндігімізбен істеп отырмыз», дейді орталықтың жетекші ғылыми қызметкері.
P.S. Бүгінде коронавируспен күресте айтарлықтай нәтиже көрсетіп жүрген ғалымдар баршылық екен. Тек біразымен сөйлесіп, ғылыми жұмыстарына, жемісті жетістіктеріне қуанып, сәттілік тілеумен ғана шектелдік. Себебі қуантарлық жаңалығы бар ғалымдардың басым бөлігі ғылыми этикаға байланысты (авторлық құқық, патенттелмеген жағдай, коммерциялық жоба болғандықтан) ашып айта алмады, жарқыратып жазуға әзірге рұқсат етпеді. Әйтпесе талай таланттармен тоқтаусыз толықтыра берер едік. Дегенмен осының өзі сөз басындағы «Қазақстандық ғылым коронавируспен күреске қауқарлы ма?» деген сұраққа жауап бере алады. Иә, отандық ғалымдарымыз әлемдік майталман мамандармен иық тірестіре алатындай, жоғары әлеуетке ие екенін көрсетіп келеді. Бастысы, бағалай білсек болғаны.