
Кейіпкеріміз кез келгеннің тісі бата бермейтін мұндай күрделі тақырыпқа кездейсоқ келмеген. Қазақстандық қана емес, халықаралық ұйымдар тарапынан грант қарастырыла қоймайтын, бюджет бөлінісімен айналысатын атқамінерлер немқұрайлы қарағанмен, науқастар үшін күйзеліспен тең ауруды зерттеуге, бір нәтиже шығаруға шынымен құлықты болғандықтан бет бұрды. Өйткені ол өзі де витилигомен ауырды.
«Оқушы кезімде терімде ақ дақтардың пайда бола бастағанын байқадым. Дерматологқа көріндім, дәрігер маған «витилиго» деген диагноз қойды. Бұл уақытта мұндай ұғымның бар екенінен де бейхабармын. Университетте оқып жүргенде денемдегі ақ дақтар көбейе бастады. Содан соң бұл ауру туралы интернеттен қарай бастадым. Шыны керек, менің білімім осымен шектелді. Себебі сол кезде Қазақстанда витилигоны зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми орталықтар болмады. Витилигода қандай да бір ауырсыну белгілері жоқ, адамның сыртқы келбетінде өзгерістердің пайда болатыны болмаса, бұл ауру адамнан адамға жұқпайды. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, витилиго аутоиммундық ауру түрлеріне жатады. Теріге түс беретін меланоцит жасушаларының өлуіне байланысты ағара бастайды. Яғни ағзамыздағы аутоиммундық жүйеміз осы меланоциттерді шабуылдап, жояды. Соның нәтижесінде адам денесінде ақ дақтар пайда болады. Витилигомен ауырған адамдар, соның ішінде жастар көбіне өзін өзгелерден кем санап, күйзеліске түседі. Өйткені денесінде ақтаңдақтары бар адамды қоғам көзқарасымен шеттетеді, оларға үрке қарап, алыстағысы келеді. Қорқынышын түсінуге де болады, көп халық витилигоны алапеске ұқсатады. Ал алапес жұқпалы аурулардың қатарына жатады», дейді «Дарын» сыйлығының иегері.
Оның биология ғылымына деген қызығушылығы мектеп кезінен басталды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курсында оқып жүрген уақытта бірінші рет М.Айтқожин атындағы Молекулярлық биология және биохимия институтына жұмысқа тұрды. Содан бері аталған институтта еңбек етіп келеді. Негізі ғылымға деген алғашқы қадамы осы институттағы ғылыми-зерттеулерге қатысу арқылы жасалды. Онда жүріп туберкулез, омырау безі ісігі секілді қатерлі ауруларға қатысты зерттеулер жүргізіп, биология саласындағы негізгі әдістерді меңгерді. Кейін білімін тереңдету мақсатында «Болашақ» бағдарламасына тапсырып, АҚШ-тағы 1848 жылы негізі қаланған Wisconsin-Madison университетіне биотехнология ғылымы бойынша магистратураға түсті.
«Магистратурада білім ала жүріп фармацевтика саласында жұмыс істедім. Өйткені магистрлік диссертациям да дәрілік препараттар өндірісіне қатысты еді. Сондықтан фармацевтикада қаламын деген ой болды. Бірақ кейін менің жолым ғылым екенін түсіндім. Сол себепті өзімнің алғашқы университетіме оралып, «Биология және биотехнология» факультетінің докторанты атандым», дейді Ж.Мұқатаев.
Кейіпкеріміз докторантураның 1-курсын оқып жүргенде өз тақырыбы бойынша зерттеу жүргізетін ғалымдарды іздестірді. Өкінішке қарай Қазақстанда витилигоны зерттеп жүрген ғалымдар қазіргі таңда жоқ. Осылайша ол Норзвестерн университетінің (Northwestern University) профессоры, PhD докторы, витилиго туралы әлемнің алдыңғы қатарлы зерттеулерін жүргізген ғалым Кэролайн Ле Пулға (Dr. Caroline Le Poole) хат жазды. Докторантураның талабы бойынша 3 айлық зерттеу тәжірибеге баруы керек болатын. Бірақ Кэролайн Ле Пул қазақстандық докторантураның бағдарламасы бойынша берілетін 3 айлық тағылымдама нәтижелі ғылыми жұмыспен айналысуға жеткіліксіз екенін жеткізіп, Жүсіпбекке қосымша 1 жылдық грант тағайындап, витилигоны зерттеумен айналысатын өзінің зертханасына жұмысқа қабылдады.
Ондағы маңызды тәжірибесі мен жемісті жұмысы жөнінде: «Ақиқатында мен дәл осы АҚШ-ғы Ле Пулдың зертханасындағы еңбегіммен, жұмыс тәжірибеммен толыққанды ғылым жолына келгенімді сезіндім. Аталған зертханада витилигоны емдеуге арналған ДНК вакцинаның (гендік терапия) тиімділігін тышқан және үлкен жануарларда тексерумен айналыстым. Нәтижесінде аталған технологиямен Кіші инновациялық зерттеу кәсіпкерлік грантын (Small Business Innovation Research) жеңіп алдық. Ал кәсіпкерліктің қолдауы бүгінде Старт-Ап, Temprian Therapeutics компаниясын құруға негіз болды. Сонымен қатар ең маңыздысы – шетелдік жетекшім, доктор Ле Пулдың бастамасымен PhD докторлық диссертациямда жасушалық негіздегі иммунотерапияны қолдану арқылы витилигоны емдеу және алдын алу жолдарын қарастырдық. Яғни адам ағзасынан иммундық жүйені реттеуші жасушаларды алып, оларға биотехнологиялық әдістермен химералық антиген рецепторын енгізіп, арнайы нысанға бағытталған трансгенді жасушаларды қайта ағзаға жібереміз. Сонда өзгертілген реттеуші жасушалар аурудың ошағына бағыттала алатын қабілетке ие болып, сол аймақтағы аутоиммундылықты реттеуге және тежеуге ықпал етеді деп тұжырымдалды. Осы тұжырымды тексеру үшін, нақ сол тәжірибені докторлық зерттеуімде алғаш рет витилиго ауруымен ауыратын тышқандарға жасап көрдім. Нәтижесінде жоғары жетістікке қол жеткізіп, тәжірибе туралы ғылыми мақалаларым Q1 (98%, 94%, 94%) жоғары импакт факторы (7,8; 7,2; 5,08) бар иммунология және дерматология саласындағы халықаралық беделді журналдарға жарияланды», деді жас ғалым.
Ғылыми жұмысының барысында жарыққа шыққан үш еңбектің екеуі – бірінші авторлық мақала, ал біреуі – қосалқы автор ретінде жарияланған мақала. Бұдан бөлек 4 отандық мақала мен 7 тезис шетелдік және жергілікті конференция материалдарында жарық көрді. Аталған ғылыми жұмыстарды халықаралық конференцияларда баяндама және постер ретінде жасады. Айта кетеу керек, жас ғалым бұл жұмыстарын витилиго ауруының терапиясына орай АҚШ және Халықаралық PCT патентін алуға тапсырған.