
Алар асуы асқақ Алар Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған «Жас дарын» мектебінің соңғы сыныбында оқиды. Қашықтан оқытуға көшудің бір пайдасы, ол кейінгі уақытта компьютерде көбірек жұмыс істейтін болды. Оны шабыттандырған – қолжазбаларды тануға арналған қосымшаны іске қосу туралы ерекше идеясы еді.
– Біз бірінші мәтінді фотоға түсіріп аламыз, қажетті сөзді таңдаймыз. Қосымша бізге сол сөзді оқып, электронды нұсқасын шығарып береді. Жалпы мұнда тұтас мәтіннің цифрлы нұсқасын алуға да болады. Бағдарлама қазірдің өзінде сөздерді 60-70 пайызға дейін қатесіз оқи алады. Алдағы уақытта жетілдіру жұмыстарын жүргізу керек. Өйткені бұл – әзірге ғылыми жоба негізінде әзірленген прототип. Бітіруші түлек болғандықтан әлі жай үлгі күйінде тұрған қосымшаны толық аяқтап, коммерциялық жобаға айналдыруға уақыт тапшы. Болашақта ІТ саласына оқуға түскім келеді. Ал мобильді қосымшама қатысты жоспарыма келсем, оған бастапқы әріптерді жазған соң одан кейінгі сөзді автоматты түрде таба алатындай етіп жетілдіргім келеді. Мәселен, сіз қазақша пернетақтаны қолданғанда «С» әрпін терсеңіз, «сәлем» деген сөзді ұсынады ғой, сол секілді. Негізі маған осы идеяны іске асыруыма С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіндегі ғылыми жетекшім көмектесті, – дейді өнертапқыш оқушы.
Шынында баспа әріптерімен жазылған мәтіндерді емес, дәл қолмен жазылған жазбаларды оқи алатын мобильді қосымша туралы идеяны Алардың ғылыми жетекшісі Дария Әбікенова ұсынған. Ол алғыр ойлы оқушының бірнеше нұсқа ішінде осы мобильді қосымшаны жанына жақын көргенін жеткізді.
– Алар біздің университетке өткен қыркүйек айында келіп ІТ инновациялық жобалар байқауына қатысуды қалайтынын, ой жарысына ұсынатын бірнәрсе ойлап табуға бекінгенін айтып, соған сай бағыт беруін сұрады. Бірнеше нұсқасын, шешілмеген проблемаларды ұсындым. Ол осы қосымшаны таңдады. Негізі бұл идея бізге университетіміздегі қажетті құжаттардың электронды нұсқасын жасаймыз деп әбігерге түскенімізден туды. Ақиқатында мұндай проблема бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан әрбір мекемеге таныс қой. Талабы зор бала көбіміз кезігетін кедергіні, біразына таныс проблеманы шешуге бел байлады. Біз көмектестік. Көптеген ғылыми мақаланы, түрлі әдебиетті оқыдық. Бағдарламалау мамандарымен консилиум құрдық. Нәтижесінде Алар қолмен жазылған әріпті танитын жүйені жасай алды. Жұмысымыздың басты ерекшелігі – қазақша әріптерді тануға бағытталғанында. Әрине қиындықтар болды. Өйткені мобильді қосымша нейронды желі технологиясы бойынша жұмыс істейді. Ал бұл бағытты зерттеп жүрген ІТ мамандар өңірде мүлде жоқ, – деді Д.Әбікенова.
Кейіпкеріміз облыстық ІТ инновациялы жобалар байқауында осы еңбегімен І орынды жеңіп алды және республикалық байқауға жобасын тапсырып қойды.