
Шыны керек, қоғам талқысынан, дәлірек айтқанда, ғалымдардың белсенділігінен кейін жағдайдың түзелген түрі осындай. Әйтпесе бұған дейінгі дәл осы секілді Білім беру мен ғылымды дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ғылым тіпті «Жоғары, жоғары білімнен кейінгі және ғылым» деген тақырыпта ғана «төбе көрсетіп», жетім қозының күйін кешкендей еді. Бұл – ғылымға деген көзқарастың қаншалықты деңгейде екенінің айқын көрсеткіші.
Жақында сенатор Мұрат Бақтиярұлы жоғары білім мен ғылым саласын Білім және ғылым министрлігінен бөлек алып, жеке ведомство ретінде құруды ұсынды. Осы жерде «Ақша жасаудың амалы» деген уәж де айтылды. Бірақ көбі М.Бақтиярұлының «Штатты көбейтпей, Білім министрлігі мен Жоғары білім және ғылым министрлігі деп бөлген жөн», деген сөзін айналып өтті. Штатты көбейтпеу – бюджетке салмақ салмау деген сөз. Дегенмен сенаторға осы мәселемен арнайы хабарласқанымызда ғылымды дамыту бағытында штатты қазіргіден де қысқартуға болатынын айтты.
– Білім және ғылым министрлігінің жауапкершілігінде балабақша, мектеп, қосымша білім беру ұйымдары, интернаттар, балалар үйлері, колледждер, жоғары оқу орындары, ғылым, ғылыми институттар мен орталықтар бар. Шынында, бұл – тым ауыр да ауқымды жүктеме. Мұндай жүктеме басқа ведомстволарда жоқ. Жұмыс жүйелі және жемісті болу үшін ықшамды, шағын, басқаруға, бақылауға тиімді болатындай етіп екі министрлікке бөлген жөн. Ғылым мен жоғары білім бірге жүруі керек. Жоғары білім беретін оқу орындары ғылымға кадрларды даярлап қана қоймайды, ондағы мамандар іргелі зерттеулермен де айналысады ғой. Министрлікті екіге бөлгендегі мақсат – адам санын көбейту емес. Тіпті штатты қысқартуға да болады. Қосымша ғимараттың да, жаңадан маман алудың да қажеті жоқ. Оның үстіне қазір министрлікке бөлініп жатқан бюджет көлемі де нақтыланып, ғылымға қарастырылатын қаржы жеке ведомствоға берілуімен «өз еншісін» алар еді. Бүгінде Білім және ғылым министрлігіне қарастырылған қаражаттың негізгі бөлігі орта білім беретін мектептерге бөлінеді, – дейді сенатор.
М.Бақтиярұлының ойынша, министрлікке қарасты Ғылым комитетінің мамандарын еліміздегі университеттерге тарату керек. Бұл штат санын артық көбейтпеуге және ЖОО-да ғылымның дамуымен жүйелі айналысатын жауапты адамның болуына жағдай жасайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та диплом сатумен айналысып кеткен университеттерді сынаған болатын. Рас, соңғы уақытта отандық жоғары оқу орындары тек білім берумен айналысады. Ал әлемде ғылым дәл сол университеттердің жанындағы зерттеу институттары мен орталықтарында, зертханаларында жасалып жатыр. Бұған коронавирусқа қарсы екпені әзірлеп, сынақтан сәтті өткізген АҚШ-тағы Гарвард, Ұлыбританиядағы Оксфорд университеттері дәлел бола алады. Біздегі кейбір қоғам өкілдері жоғары білім саласын ғылыммен бірге бір министрлікке біріктіруге, яғни жалпы қазіргі министрлікті екіге бөлуге қарсы. Бірақ қарсылық танытушылар Білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы талқыланып жатқанда қарап қалған сыңайлы. Себебі аталған құжатта отандық университеттерді зерттеу бағытына бейімдеу керектігі және оның белгіленген жылдарда жүзеге асырылуға міндетті мақсатқа жатқызылғаны тайға таңба басқандай көрсетілген.
Сенат депутатының ұсынысына қарсы пікір айтқандардың бірі – бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов. Ол өзінің Facebook желісіндегі парақшасында: «Жоғары оқу орындары бойынша жаңа министрлік құруға қарсымын! Керісінше Сенаттың өзінен бастап қысқарту керек», деп жазды. Біз пікір иесіне ведомствоны неліктен бөлуге болмайтынын, осыған қатысты ойын, нақты уәжін сұрап хабарластық. М.Әбенов салмақты сұрақ екенін айтып, кейіндеу қоңырау соғуды сұрады, бірақ дәлелді аргументі болмады ма, жауап бермеді. М.Бақтиярұлындай «Жоғары оқу орынында істегенмін, университеттердің ішкі асханасын білемін, сондықтан айтып отырмын. Бұл мәселені бұған дейін де (Президентіміз Қ.Тоқаев Сенат спикері болып тұрғанда да) көтердім», деп тым болмаса өз тәжірибесінен ештеңе айтпады. Қош, бірінші сөйлемінің өзінен-ақ қарсы көзқарастағы М.Әбеновтің ғылым саласының «тоқалдан туғандай» күйдегі жайын ескермегенін ұғуға болатындай. Себебі оның сөзінде ғылым туралы бірде-бір сөз жоқ.
Десек те өз пікірін қорғай алатын азаматтар, маңыздысы майталман мамандар бар. Жапониядағы Цукуба университетінің профессоры Қуаныш Тастанбекова ғылымның дамуы министрлікті екіге бөлуге тіреліп тұрмағанын жеткізді.
– Жапонияда ғылым мен білім саласы бір министрлікке қарайды. Алайда ведомство «Білім», «Ғылым», «Спорт», «Мәдениет», «Технология» деп бірнеше департаментке бөлінген. Әр департаменттің өз бюджеті, жауапты шенеуніктері, мамандары бар. Меніңше, бөлу-бөлмеу деген мәселе жоқ. Бұл жерде негізгі нәрсе – «Әр саланы басқарып отырғандар өз ісінің шебері, кәсіби маманы ма? Өзі басқарып отырған саланы дамытуға білімі мен тәжірибесі жете ме?» деген сұрақ. Біз Ресейдің тәжірибесіне сүйеніп «Жоғары білім және ғылым министрлігі» ретінде қайта құрайық, бірақ өз саласының білгірі болмаса, ғылым сол күйінде қалады. Мұнда тағы бір маңызды мәселе бар, Қазақстанда білім мен ғылымға бөлінетін қаржы көлемі өте аз. Ғылымы мен білімі дамыған, алдыңғы қатарлы елдерде аталған салаға (ішкі жалпы өнімнің пайызына шаққанда) қарастырылатын қаражат Қазақстандағы көрсеткіштен 2-3 есеге көп. Ал еліміздегі маңызды қос салаға бөлінген қаражатты басқару, бақылау, игеру механизмдері – тиімсіз. Ақшаның қайда кеткенін біз білмейміз, сол салықты төлеп отырған халықтың өзі хабарсыз. Сондықтан мәселеге осы қырынан қарау керек, – дейді профессор.
Халықаралық деңгейдегі сарапшының сөзін биолог-ғалым, Франциядағы Страсбург университетінде докторлық диссертациясын қорғаған Әсел Мұсабекова толықтырды. Оның ойынша, жоғары білім мен ғылым саласын орта білім беру жүйесінен бөлек министрліктің жауапкершілігіне беру бір қарағанда дұрыс көрінуі мүмкін. Дегенмен мектеп пен ғылым арасында байланыс болуы керек. Ал бұл бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізу негізінен ғылыми коммуникацияға байланысты. Бұған мектеп пен ғалымдарды байланыстыратын бүкілхалықтық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы қол жеткізуге болады.
– Ең басты мәселе, осындай өзгеріс Қазақстанда жұмыс істей ме, елге пайдалы бола ма? Осы сұраққа дәлелді жауап болуы тиіс. Францияда университеттердің президенттері, сондай-ақ ірі ғылыми-зерттеу институттарының басшылары – ғылымда үлкен жетістіктерге жеткен адамдар. Мен 2011 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Жюль Хоффманмен жұмыс істедім, ол көптеген жыл бойы ірі ғылыми агенттіктің басшысы болған. Сөйте тұра Ж.Хоффман зерттеу жұмысын ешқашан тоқтатқан емес. Франциядағы Жоғары білім және ғылым министрі – әйгілі әйел-ғалым, генетик және молекулярлық биолог Фредерик Видаль. Ал Қазақстанда қалай? Біздің елде ғылымды басқаратын адамдардың көпшілігі – танымал ғалым болмақ түгілі, қазіргі (жетекші) ғылымға қатысы жоқ жандар. Қазақстанда көптеген ғалымның плагиат жасағаны белгілі болды. Олардың көбі жалған ғылым медальдары мен дипломдарды сатып алып жүр, өзін өзі жоғары дәйексөздеу индексіне ие. Ғылымды дамытуды көздесек, жаңа министрлік құрудан бұрын алдымен білім мен ғылымға қатысты ұйымдарды тұтас тексеріп, плагиат жасаған және жасанды дипломдарға, медальдарға ие болған барлық жалған ғалымды шығарып тастау керек, – дейді Ә.Мұсабекова.
Жалған ғалым демекші, осыған дейін Білім және ғылым министрінің дәл осы жоғары білім мен ғылым саласына жауапты орынбасары оған тағылған плагиатқа қатысты айыптан кейін қызметінен кеткен еді. Ал сол айыпты таққан министрліктің бұрынғы қызметкері Анар Қайырбекова қазіргі министр А.Аймағамбетовтің де 2009 жылы жазылып, қорғалған докторлық диссертациясына 10 жыл өткенде (вице-министрге қатысты даулы оқиға кезінде) өзгеріс енгізілгенін өзінің фактілерімен көрсетті. Бірақ министр айыптаушыны сотқа бермеді. Осыған қарағанда, сарапшылардың «бәрі де басшылыққа, кәсіби мамандардың, шынымен де ғылымды білетін біліктілердің болуына байланысты» деген сөзінде жан бар секілді. Айтпақшы, біз академиялық еркіндік алған бірнеше университеттің басшыларына хабарластық, алайда жарыған жауап ала алмадық. Ой еркіндігі болмаса, ректорлардың басқарып отырған оқу орнына академиялық еркіндік алып бергені бекер екен. Тағы да сарапшылардың тұжырымына тереңдей түсесің.
P.S. Дүние жүзі елдерінің инновациялық әлеуетін анықтайтын Global Innovation Index рейтингі жыл сайын жарияланып отырады. Сол деректе Қазақстан 77-орында тұр. Тізімдегі алғашқы ондықта бой көрсеткен мемлекеттердің ғылыми-зерттеулер мен әзірлемелерге бөлген қаражатын біздікімен салыстыруға да келмейтінін көреміз. Ғылымның күші қаншалықты қауқарлы екенін түсінген елдер оған білімнің шыңы, соңы ретінде емес, тұрақты да табысты экономиканың діңгегі деп қарайды. Сондықтан да ғылымға көп көлемде қаржы құяды, өйткені мұның келешекте еселеп қайтатын инвестиция екенін біледі. Осындайда бәлкім еліміздегі ғылымға деген мемлекеттік, идеологиялық көзқарасты қайта қарау керек шығар деген ойға келесіз. Мәселен, көрші Ресей биыл «Ғылым мен инновация жылы» деп жариялады.
Ал Қазақстанда сондай ауқымды істі іліп әкететін, нақты нәтижеге қол жеткізе алатын, бастысы балабақша мен мектептің толастамайтын түйткілдерінен миы бос министр керек-ақ.