
Біз әдетте ауаны ластайтын ең негізгі факторды көліктер деп білеміз. Көліктерден бөлінетін көмірқышқыл газының атмосфераға зиянды екені санамызға сіңген ғой. Ал енді осы ой ғылыми тұрғыдан негізделген бе? Проблеманың бәрі тек көліктерден туып тұр ма?
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, химия саласы бойынша PhD докторы Насиба Байматова өзінің шетелдік және отандық әріптестерімен бірге зерттеу жүргізді. Соның нәтижесінде бір топ ғалымның Science of the Total Environment апталық журналында локдаун кезінде ірі қалалардағы ауа сапасының өзгеруіне қатысты ғылыми мақаласы (Түпнұсқасы: Assessing air quality changes in large cities during COVID-19 lockdowns: The impacts of trafficfree urban conditions in Almaty) жарияланды. Бізді елең еткізгені Алматы шаһарының ғылыми зерттеудің басты нысанына айналғаны болды.
– Airvision.kz қорының қолдауымен карантин кезінде Алматыдағы ауа сапасына мониторинг жасауға мүмкіндік алдық. Зерттеу барысында бензол, толуол, этилбензол, о-ксилол секілді қатерлі ісік пен түрлі ауруларға душар ететін қауіпті химиялық заттардың мөлшеріндегі өзгерістерді бақыладық. Бұған дейін, нақтырақ айтсақ, 2015 жылы бірнеше ғалым болып университеттегі зертханамызда дәл осы Алматы қаласының ауа сапасын, атмосферадағы қауіпті химиялық заттардың мөлшерін зерттегенбіз. 2020 жылғы карантин кезіндегі ауа сапасын зерттеген нәтижелерді 2015 жылғы көрсеткіштермен салыстырдық. Алматылықтар локдаун уақытында Алатаудың анық көрінгенінен-ақ ауаның анағұрлым тазарғанына сенді. Бірақ ауа құрамындағы қауіпті химиялық заттардың мөлшері қалпында қалды, – дейді химик-ғалым Н.Байматова.
Ғалымның сөзіне сенсек, зерттеу қорытындысы ауаны тазарту мәселесінің тек көліктерден келетін қауіпті азайтумен шешілмейтінін дәлелдеді. Әлбетте қауіпті кішкене сейілтуге септеседі, дегенмен бұл себеппен емес, тек салдармен күресуді көрсетеді.
Аталған ғылыми мақаланың бірінші авторы, соңғы жылдары қалалардағы ауа сапасын зерттеп жүрген эколог-ғалым Айымгүл Керімрай Алматыдағы ауа сапасының қыс мезгілінде күрт нашарлайтынын айтады.
– Мен энергетик немесе жылу желілерінің инженері емеспін. Бірақ жылу электр стансаларының (ЖЭС) қыстыгүні жаз мезгіліне қарағанда, отынды көп жағатынын білуге жоғарыда аталған маманның бірі болудың қажеті жоқ. Мәселен, алматылық ЖЭС 2020 жылғы қаңтар айында 9 мың 500 тонна көмір жақты. Ал маусым айында жылытуға бар болғаны 5 мың тонна көмір кетті. Көптеген ел көмірмен жылытудан бас тартып жатыр. Ғылыми зерттеулерімнің нәтижесінде мен «Ауаны ластайтын ең негізі фактор – жылыту жүйелері» деген қорытындыға келдім, – дейді А.Керімрай.
Жұтып отырған ауаның таза болмауының адамдар тыныс алу, жүрек-қан ауруларына жиі шалдығады. Мәселен, Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, тыныс алу органдарының жалпы ауруларымен 360 890 алматылық (2018 жылғы) есепте тұр.