
100 жылдық тарихы бар «Egemen Qazaqstan» газетінің 20 мыңыншы нөмірі тәуелсіздік таңына үш ай қалғанда, 1991 жылдың 28 қыркүйегінде шығыпты. Тарихи санның басты бетінде әуелі оқырманға арнау сөз айтылған, содан соң журналист Қали Сәрсенбайдың «Қасқалдақ» әні қалай айтылып жүр?» деген материалы басылыпты. Бұл туралы бірінші бетке берудің өзі батылдық болғаны анық. Газеттің оң жақ шетіндегі бағанада шетелдік БАҚ-тың маңызды жаңалықтарын берген. Соның ішінде «Неміс әуе толқыны», «Америка дауысы», «Азаттық» деген тақырыпшалар оқырман танымын құрлықаралық хабарлармен кеңейткенін көрсетеді. Басты беттің төменгі тұсында газеттің редакциясы «Осы нөмірден оқитындарыңыз» деп оқырманды толымды тақырыптармен қызықтырған.
Газеттің «Алыста жүрген ағайын» айдарымен Шығыс Қазақстан облысынан арнаулы тілші Кеңесхан Зәкеннің «Ата қонысқа көш жетті» деген сүйінші хабары елді елең еткізгені сөзсіз. Осы мақаланың жоғары жағында аталған айдармен кейінгі 2-3 жылдан бері тұрақты түрде мақалалар шығып келе жатқаны жазылған. Журналистің «Иә, адам өз Отанында, қандас бауырларының ортасында ғана бақытты сезінеді. Мұны біз кезінде тағдырдың талай соқпақты жолына түсіп, қалың елі қазақ жұртынан бөлініп, басқа елде тұрақтап қалған қандас бауырларымызбен әңгімелескенде анық байқадық» дегені тарыдай шашыраған қандастарымыздың елге оралуына түрткі болғандай. Міне, бұл көш әлі де жалғасып келеді.
Аталған нөмірдегі тағы бір елемей өтіп кетуге келмейтін дүние «Қонысында ел отыр» деген атпен шыққан мақала болды. «Арал тағдыры – адам тағдыры» атты айдармен шыққан материал туралы редакция «Арал өңірінің тағдыры – қашанда газетіміздің назарында. Бұл ретте газет бетінде ғалымдар, мамандар, еңбек адамдары, журналистер көптің көкейінде жүрген мәселелер жөнінде ой қозғап, нақты шараларды жүзеге асыруға мұрындық болды. Осы тақырыпта көптен қалам тартып жүрген авторларымыздың бірі Шәкізат Дәрмағанбетовтің бүгінгі мақаласында апат аймағында елге қамқорлық көрсетіп жүрген азаматтардың игі істері сөз болады» деп түсініктеме беріпті.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Дулат Исабековтің «Жүз жылдық арман» әңгімесі оқырман қауымның дәл осы нөмірді асыға күтуіне ықпал еткен шығар. Себебі газетіміздің 20 мыңыншы нөмірінде әңгіменің соңы берілген. Туындыдан өзін көргендей күй кешкен әрбір оқырман «Қоянды» колхозының халін, Желдібайдың жайын білгісі келеді ғой.
«Егеменді Қазақстанның» тілшісі Көпен Әмір «Мүйізтұмсық» айдарына фельетон жазыпты. Автордың сөз басындағы «Әу баста абыр-дабыр, апай-топай, улыған-шулыған боп басталған ауылдың дауы Алматыға дейін алақұйындатып соқса амал не?» дегені оқыған жанды ілестіріп әкетеді.
Бас басылымда көтерілген проблемалық мақалалардан, ондағы ашық айтылған сындардан жауапты жандар, тиісті мекемелер қорытынды шығарып отырады. Оған 20 мыңыншы нөмірдегі «Егеменді Қазақстанның сынынан кейін» деген айдармен шыққан материалдағы мына мәтін дәлел бола алады:
«Қазақ КСР Халыққа білім беру министрлігі газеттің 10 тамыздағы санында жарияланған «Тілімнен жаным садаға» атты мақаланы мамандарды қатыстыра отырып талқылады. Мақалада оқыту мазмұнын жаңарту жөнінде орынды мәселелер көтерілген. Осы бағытта Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми зерттеу институты жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің 5-11 кластарына арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің тұжырымдамасын жасап, қалың көпшілікке ұсынады».
Күні бүгінге дейін жалғасқан журналистік жол, бас басылымның бағыты – бұл.