
ХІІ ғасырда өмір сүрген Жүсіп ата кесенесі Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Ескі Иқан елді мекенінде орналасқан. Кесене екі бөлмеден тұрады. Оңтүстік шығысы – қабірхана. Үлкен бөлмесі зияратхана есебінде салынған. Оған дәлел – михраб болмауы. Нысанға 2005 жылы археолог М.Тұяқбаев зерттеу жүргізген.
Сейдәлім Юлдашев қарияның жеке мұрағатынан табылған бұл жәдігерлерді ұрпақтары бұған дейін бірде жерге көміп, бірде шатырға жасырып сақтап келіпті.
«8 жасымда атам, 18 жасымда әкем өмірден өтті. Бұл заттарды атам әкеме, әкем маған аманаттап кетті. Мен тарихшы емеспін. Бірақ мұра болып сақталып бұл дүниелердің бір күні сұрауы болатынына сенім арттым. Қызығушылықпен жазбаларды оқи алатын кісілерге көрсеттім. Мұнда насабнама емес, тарих жазылған екен. Менің ұққаным – Жүсіп атаға қатысты деректер, ханның жарлықтары, жер-су атаулары, халықтың тыныс-тіршілігі жайлы мәліметтер бар. Қазіргі Шаға ауылы шежіреде «Жаға» деп айтылса, Иқан ауылы сол кездің өзінде бау-бақшамен айналысқанын аңғаруға болады. Шежіреде Жүсіп атамыз Ясауи бабамызға келе жатқан қонақтарды қарсы алып, 12 түрлі жүзім ұсынып, күтіп алғаны жайлы мәлімет кездеседі. Бұл деректерді толықтай зерттеу ғалымдардың еншісінде», дейді Сейдәлім Нуршиддинұлы.