
Бүгінде әлемде Қазақстанның азаматтығын алмаған, бірақ ұлты қазақ 5 млн-ға жуық қандасымыз бар. Олардың көбі Қазақстан университеттерінде жоғары білім алғысы келеді. Халықаралық білім беру корпорациясының бірінші проректоры Қайыржан Меңдіғалиев оқу орнына call-орталығына, мессенджерлер мен әлеуметтік желі беттеріне шетелдік қандас-талапкерлерден мемлекеттік гранттарға қатысты көптеген сауал келіп түскенін айтты.
«Білім және ғылым министрлігі жыл сайын еліміздің жоғары оқу орындарында жоғары білім алу үшін 50 мыңнан аса грант бөледі. Бұл ретте, Қазақстан азаматтары емес, ұлты қазақ адамдар да мемлекеттік гранттар конкурсына қатыса алуы үшін жақсы жағдайлар жасалуда. Грант алу үшін ҰБТ тапсыру қажет. Кейбір тапсырмалар еліміздің мектеп пәндерінен алынған. Мысалы, Қазақстан тарихы немесе Қазақстан географиясы. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасының азаматтары емес, ұлты қазақ адамдар үшін 4% квота бөледі. Бірақ біраз адам өту үшін қажетті ұпайын жинай алмаймын деп қорқады. Сондықтан Айғазы Құсайынов бастаған халықаралық білім беру корпорациясының Бақылау кеңесі 20 ішкі грант бөлді. «Отанға барар жол» байқауының жеңімпаздары біздің есебімізден оқығанын қалаймыз», деді Қ.Меңдіғалиев.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрады және онлайн форматта өтеді. Негізгі кезеңде қатысушылар әлеуметтік желіде жарияланатын «Қазақ халқының тарихындағы көрнекті тұлғалар» және «Мен неге Халықаралық білім беру корпорациясына түскім келеді?» тақырыптарында бейне-эссе дайындауы тиіс. Байқау қорытындысы 26 шілдеде шығарылады. Финалда қатысушылар онлайн-әңгімелесуден өтеді. Байқау же-
ңімпаздары Халықаралық білім беру корпорациясында – ҚазБСҚА және ҚАУ жоғары оқу орындарында оқуға 20 ішкі грант алады.
Халықаралық білім беру корпорациясының ректоры Маргарита Имандосова шетелдік студенттердің қазақстандық жағдайларға жылдам бейімделуі үшін кешенді жұмыс жүргізілу керек екенін, мұндай бағытта оқу орнының тәжірибесі жеткілікті екенін жеткізді.
«Бұл бағыттағы тәжірибеміз мол. Бұрынғы оқу орындарында да шетелдік студенттер оқыған. Қазіргі ұтқырлық бағдарламасы бойынша да студенттер келіп оқиды. Бүгінде ЖОО-да 69 шетел азаматы білім алуда. Студенттер тарапынан туындаған мәселелерді уақтылы әрі жедел шешуге мүмкіндігіміз бар. Бұл үшін арнайы бөлімдер (Халықаралық кеңсе мен Әлеуметтік даму департаменті) ашылды. Осы бөлімдердің қызметкерлері студенттердің мәселелерін шешіп беруге әрдайым дайын», деді М.Имандосова.
Халықаралық білім беру корпорациясы Қазақстанның өзге де жоғары оқу орындарын үлгі алуға және бастаманы қолдауға шақырды.
«Егер болашақта 129 ЖОО-ның әрқайсысы 1 гранттан бөлсе, сәйкесінше 129 талапкер өз отбасыларымен бірге туған жерінде өз болашағын табуға мүмкіндік алады. Дәл осындай қадамдар Қазақстанда қазақ халқының ұлттық жаңғыруына алып келеді», деді Халықаралық білім беру корпорациясының бірінші проректоры Қ.Меңдіғалиев.
Қоса кетейік, Халықаралық білім беру корпорациясы (ХБК) 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі білім беру саласының сапасын көтеру және университеттер әлеуетін арттыру бағытында жүргізген саясаты негізінде Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы (ҚазБСҚА) мен Қазақ-Америка университетін (ҚАУ) біріктіріп құрылған болатын.