
Жаңа оқу жылында бар кітапқа бас болған оқулық жаңа үлгіде мектеп бағдарламасына енгізілмек. Бұл ретте жаңа «Әліппенің» мазмұны, қандай бағдарламаға негізделгені жөнінде бірқатар сарапшының, соның ішінде осы оқулықты әзірлеген авторлардың пікірін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
«Әліппе» бірнеше сараптамадан өткізілген
Жақында өткен Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында жаңадан әзірленген «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтары таныстырылды. Онда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осынау ақжолтай жаңалықты жеткізді.
«Бірінші қыркүйекте өтетін іс-шарада біз алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған оқушыларға салтанатты түрде «Әліппе» оқулығын табыс етуіміз керек. Бұл – игі дәстүр. Аталған бағыттағы жұмысты уақтылы ұйымдастыру қажет. «Әліппе» – бүлдіршіндердің алғашқы оқулығы, мектепке келгенде бірінші болып қолына алатын кітабы. Былтыр айтылғандай, біз «Әліппе» оқулығын әзірледік. Қазіргі таңда дайын оқулық өңірлерге жеткізіліп жатыр. Жаңа «Әліппе» ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жасалды», деді ведомство басшысы.
Министрдің мәлімдеуінше, «Әліппемен» қатар «Ана тілі» оқулығы да жазылып, шығарылып жатыр. Енді осы оқулықтар нақты қандай мазмұнда, қай стандарт, бағдарламаға сүйеніп әзірленгенін білу мақсатында істің басы-қасында жүрген мамандарды сөзге тарттық.
Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары Мәншүк Мұқаметқалиқызы «Әліппенің» ең алдымен мемлекеттік стандартқа сай әзірленгенін айтты.
«2019 жылғы 16 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен жыл сайынғы педагогтердің дәстүрлі Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі «Әліппе» оқулығын әзірлеу мәселесін көтерді. Соның ішінде оқулықты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жазу жайлы бастама қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болды. «Әліппе» оқулығы Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сүйеніп әзірленді. Осы стандартқа сәйкес Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлерінен, «А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдарынан және тәжірибелі әдіскер, мұғалімдерден арнайы жұмыс тобы құрылып, 2020 жылы «Әліппе» оқулығының үлгілік оқу бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама ғалымдардан, қоғам қайраткерлерінен құралған комиссияның отырысында бірнеше рет талқыланып, пысықталып, 2021 жылы қайта бекітілді. Бағдарламаның негізгі құрылымы мен мазмұны А.Байтұрсынұлының ұстанымдары негізінде айқындалды. Осы бағдарламаны басшылыққа алып барып «Әліппе» оқулығы жазылды», дейді
М.Мұқаметқалиқызы.
Орталық өкілінің айтуынша, ұлт ұстазының әдістемесіндегі дыбыспен жаттығу, әр дыбыстың сөз жасаудағы қызметін есепке алу, дыбыстарды таныту мен әріптерді үйретудің реттілігі, «оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту, білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу қағидаттары негізге алынды. Жеңілден күрделіге өту қағидаты әріптерді таңбалап баспа және жазба түрлеріне үйрету, дыбыстан буын, буыннан сөз, сөзден сөйлем құрауға, сөзді буындап, кейін тұтас, содан соң мәнерлеп, түсініп оқуға машықтандыруды көздейді. Ахаң қазіргі кезде үш түрлі болып сараланып, танылып отырған ұғымды «Әліппеде» жинақтап бере алған. Біз бүгінде қолданып жүрген әліпби яки алфавит, сауат ашудың алғашқы қадамдары, әдістері берілген суретті «Әліппе» немесе «Әліппеге» дейінгі кезең, одан кейін әріптерді дыбыстық және буындап, сөз түрінде қосып оқу дағдыларын меңгерту құралы «Әліппенің» өзі бар – барлығын аса бір терең ойшылдығы мен шеберлігінің нәтижесінде дидактикалық заңдылықтарды ұтымды қолданып, бір «Әліппенің» аясына сыйғыза білді. Міне, осы шеберлік жаңа «Әліппені» әзірлеуде де қолданылды.
Бұған дейін оқулықтарды бірнеше баспа шығаратын, сондықтан оқу құралының ішкі мазмұны, сыртқы пішімі де әртүрлі болып келді. Бұл жолы қалай? Еліміздегі 7 мыңнан аса мектептің бәрінде біркелкі «Әліппе» оқытыла ма? Бұл туралы педагогика ғылымының кандидаты М.Мұқаметқалиқызынан сұрадық.
«Бұл жолы бір ғана «Әліппе» болады. Биылғы мәліметке сәйкес, елімізде 390 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады екен. Оның ішінде 260 мыңға тарта бала қазақ сыныбында оқиды деп жоспарланып отыр. Олар баратын 7 мыңнан аса мектептің бәрінде бір ғана үлгідегі «Әліппе» оқытылады. Өзіңіз болжағандай, «Әліппе» оқулығын әзірлеу барысында министрлікке 5 түрлі баспадан дайындалған оқулықтың жобасы келіп түсті. Өйткені өздеріңіз білетіндей, оқулықтарды әзірлеу, басып шығару жұмыстары бәсекелі ортаға берілген. Әр баспа, әр авторлық ұжым өздері оқулық дайындауға құқылы. 2020 жылдың қыркүйек айынан 2021 жылдың сәуір айына дейін «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтары мемлекеттік сараптаманың бес кезеңінен өтті. Әуелі ғылыми-педагогикалық тұрғыда, содан соң 65 қанатқақты мектепте сынақтан өтті. Тараз, Семей, Нұр-Сұлтан, Павлодар қалаларында 500-ге жуық әдіскер, мұғалім сынақтан кейінгі сараптамадан өткізіп, талқылады. Соңында пәндік сараптамалық комиссияның қарауынан өтті. Осыдан кейін 5 түрлі оқулық қоғамға ашық таныстырылды. Жалпы сараптамалық жұмыстардың қорытындысы нәтижесінде 5 түрлі оқулықтың ішінен бір «Әліппе» сараланып, дараланып шықты. Бұл – мазмұны мен оқушылардың жас ерекшелігін ес-
керу, ішкі-сыртқы формасының тартымдылығы жағынан оң бағаға ие болған «Атамұра» баспасының оқулығы», деп жауап берді орталық өкілі.
А.Байтұрсынұлының «Әліппесіндегі» ескі сөздер кездеспейді
Оқулық бірнеше кезеңнен өтіп, таңдалған екен. Ал осыншама сараптамалық сатыдан өтіп, бірнеше нұсқаның ішінен суырылып шығып мектеп бағдарламасына енгізілгелі отырған «Әліппе» оқулығында ұлт ұстазының дәл қандай әдісі негізге алынды? «Әліппе» оқулығын жазған авторлардың бірі Азия Елеупанқызы жаңа «Әліппеде» А.Байтұрсынұлының «дыбыстық» әдісі қолданылғанын жеткізді.
«Атамұра» баспасынан ұсынылып отырған «Әліппе» оқулығы мен оған тірек болған оқу бағдарламасының түп негізінде ұлт ұстазының 1912 жылы шыққан «Әліппе» оқулығында ұстанған «дыбыстық әдіс» идеясы жатыр. А.Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерінің өзегі болған бұл әдіс «Дамыта оқыту», «Тұлғалық бағдарлап оқыту», «Саралап оқыту» сияқты қазіргі уақытта дербес-дербес танылып жүрген оқыту технологияларының жиынтығы ретінде ұйытқы бола алады. Енді қоғам арасында «Байтұрсынұлының оқулығы 100 жыл бұрын жазылды. Әдістеме ескірмесе де, әріптер мен дыбыстарды үйретуде қолданылатын сөздер мен картиналар қазіргі заманның балаларына түсініксіз болуы мүмкін. Оқулықты жазуда осындай жағдайлар ескерілді ме?» деген сұрақ тууы заңды. Жаңа оқу жылынан бастап оқытылатын жаңа «Әліппедегі» әріптер мен дыбыстардың берілу реті басқа, бұл реттілік ұлт ұстазының еңбектерімен қатар лингвист, әдіскер-ғалымдардың зерттеулері негізінде, өзара тіркесіммен сөз жасау ерекшелігіне қарай құрылған. Сол себепті дыбыстар мен әріптерді үйретуге ұсынылатын сөздер мен суреттер, мәтіндер де әртүрлі болады. А.Байтұрсынұлының «Әліппесіндегі» қолданылған ескі сөздер мен суреттер кездеспейді», дейді «Әліппенің» авторы.
Шыны керек, қоғамда қызу талқыға түскен реформаның кесірінен мектеп бағдарламасынан алынып, мектепке дейінгі білім беру бағдарламасына берілгені болмаса, бұған дейін, яғни 100 жылдан аса уақыт бойы «Әліппе» болған. Бола береді де. Бірақ бір ғасыр бойында бірнеше рет өзгерістерге түскен, әртүрлі баспадан әрқилы болып шыққан оқулық бүгінге қандай ерекшелікпен, жаңалықпен, өзгешелікпен келмек? Дәл қазір көптің көңілінде осы сұрақ тұрғандай.
«Әліппе» оқулығын әзірлеуде біздің алдымызға дыбыспен әріп тану арқылы оқуды, жазуды білетін, бастапқы тілдік ұғымдарды, сөйлеу әрекетінің (оқылым, тыңдалым, айтылым) түрлерін меңгерген, байланыстырып сөйлеуге дағдыланған, білгенін өмірде қолдана алатын тұлғаны қалыптастыру мақсаты қойылды. Осы мақсатқа қол жеткізуде «Әліппе» оқулығының бетінде оқу материалдары қазіргі қоғам талаптарына сәйкес ұсынылған. Сондай-ақ оқулықта әрбір бөлім, болмаса үлкен бір тарау біткенде «Не білдің?», «Не үйрендің?» айдармен бекіту тапсырмалары берілген. Бұл оларды өзін өзі бағалауға, зерттеуге, ізденуге жетелейді. Бәрінен бұрын жаңа «Әліппенің» ең бір маңызды ерекшелігі – пәндік білім-білікке ғана емес, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталғаны. Әрбір дыбыс пен әріпке арналған тақырыптың соңында сөзтаным материалдары берілген. Онда оқушылар қазақ фольклорындағы жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтелдер мен түрлі танымдық тақпақтар QR код арқылы тыңдай алады. Соның нәтижесінде тәрбиелік мақсат жүзеге асырылып, тақырып бекітіледі», дейді «Әліппе» оқулығын жазған А.Елеупанқызы.
«Әліппе» мен «Ана тілінің» арасында үндестік
болғаны абзал
Бәріміз білетіндей, «Әліппеден» кейін «Ана тілі» оқытылады. Бұл педагогикада ««Әліппеден» кейінгі кезең» деп аталады. «Емнің дұрыс жасалғаны жақсы, бірақ одан кейінгі күтім дұрыс болмаса, емнің бәрі далаға кетеді» деп жатады ғой медицинада. Сол секілді «Әліппе» әдемі болғанымен, «Әліппеден» кейінгі маңызды кезеңде оқытылатын «Ана тілі» көңілге қонымды болмаса, бәрі бекер. Дәл осы ойдан кейін «Әліппемен» бірге әзірленіп жатқан «Ана тілі» оқулығының авторымен де тілдестік. Сөйтсек, «Ана тілі» де ұлт ұстазының ғасырлық әдістемесіне негізделіпті.
«Сауат ашу әдістемесінің негізін салған – А.Байтұрсынұлы. Сондықтан ұлт ұстазының әдістемесі әрдайым қолданылып келеді. «Әліппеден» кейінгі кезең, яғни 1-сыныптың ІІІ, ІV тоқсанында «Ана тілі» оқытылады. А.Байтұрсынұлының дыбыстық талдау-жинақтау әдісінен алшақ кете алмаймыз. Өйткені бұл әдіс сөзге дыбыстық талдау жасауда, дыбыстың түрлерін меңгертуде, тасымалдауға үйретуде, оқу дағдысын жетілдіруде аса қажет. Әрине, дыбыстық талдау әдісі деп қазір атап жүрміз, ұлт ұстазы оны басқаша (жалқылау, жалпылау, айыру, жылқылау айырыңқы әдіс деп) атаған. Сол себепті «Ана тілі» оқулығын дайындауда да А.Байтұрсынұлының әдістері қолданылды деп нақты айта аламыз. Оқулық «Әліппенің» жалғасы болғандықтан, үндестік болғаны абзал. «Әліппедегі» секілді «Ана тілі» оқулығында да салт-дәстүрімізге қатысты танымдық мәтіндер, қазақы контенттегі жас ерекшелігіне сай көркем шығармалар ұсынылып отыр», дейді жаңадан әзірленген «Ана тілі» оқулығының авторы Гүлнар Уаисова.
Сонымен, ұлт ұстазының әдістемесіне, ұлттың құндылықтарына негізделген «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтары алдағы қыркүйектен бастап мектептерде оқытыла бастайды. Ал оқулықтардың артықшылықтары мен кемшіліктері кемі осы оқу жылы аяқталғаннан кейін ғана белгілі болатыны анық. Бұл туралы ой айтуды биыл бірінші сыныпты қабылдайтын мұғалім қауымға қалдырдық.