
Мұндайда қазақ «жазмыштан озмыш жоқ» деп жұбатысады. Бірақ сақтанғанды сақтайды емес пе Құдай?! Қалай болғанда да, рұқсат берілген аумақтарға ғана шомылу керек. Мамандардың түсіндіріп жүрген ережелері қарапайым. Кейде соны ескермей жатады ел.
ТЖД мамандарының мәліметінше, шомылу маусымында құтқарушылар 22 адамның өміріне араша түскен. Олардың алтауы балалар. Құтқарушылар сақадай сай дайын жүргенімен, су айдындарын түгелдей қадағалау мүмкін емес. Қайғылы жағдай орын алмауы үшін жауапкершілікті әр адам өзі сезінуі керек. 2020 жылы 33 адам
(9 бала) суға батып, көз жұмса, биыл 34 адам суға кеткен.
– 13 оқиға балалар қараусыз қалған кезде орын алған. Бес адам мас күйінде шомылып, қаза тапты. Қайғылы жағдайлардың көбі арнайы жабдықталмаған жағажайларда орын алды. Демалыс базасының жанында балық аулап отырған азамат та суға батып кетті, – деді ТЖД баспасөз хатшысы Марина Лискова.
Жаздың алғашқы күндерінен бастап құтқарушылар профилак-
тикалық жұмыстар жүргізіп, түсіндіру акцияларын өткізіп келеді. Есеп-қисапқа сүйенсек, 5 мыңнан астам профилактикалық рейд ұйымдастырылып, демалушыларға 86 мың жадынама таратылған екен. Базалардың иелерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азаматтардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында 33 меморандум жасалған.
– Аймақтағы барлығы өзен-көлдердің жағалауында демалыс және спорт үшін 16 орын бекітілген. Ал шомылуға тыйым салынған 64 учаске белгіленді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, шомылуға қауіпті орындарға 384 тыйым салу және ескерту белгілерін орнаттық. Себебі бұл учаскелердегі судың түбі тексерілмеген, қауіпті ағын мен иірімдер байқалды. Жақын жерде құтқарушылар мен дәрігерлердің бекеттері де жоқ, – деп түсіндірді ТЖД баспасөз хатшысы.
Базалардың иелеріне көмектесу үшін ТЖ департаментінде қоғамдық құтқарушыларды даярлау курстары да ұйымдастырылды. Қазірдің өзінде 110-нан астам азамат білім алып үлгерген. Шомылу маусымы кезеңінде Алакөлде және Көкпекті ауданында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өрттен құтқару бекеттері құрылды.
Айтқандай, суға түсу кезінде тәртіп пен ереже бұзған демалушылар жауапқа тартылған.
– Жалпы жағалауда демалу тәртібін 155 адам бұзса, 476 адам мас күйде ереже бұзғаны анықталды, – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Андрей Ларионов.
Осы тұста айта кетерлігі, суға мас күйде шомылуға, қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, сондай-ақ құрылыстардан суға секіруге қатаң тыйым салынады. Тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге де болмайды. Балаларды жағалауда қараусыз қалдыруға болмайтынын да естен шығармау қажет.
Шығыс Қазақстан облысы