Аймақтар • Кеше

Семейде жаңа саябақ ашылды

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық мереке – Республика күнінде Семей қаласындағы Қарағайлы ықшам ауданында жаңа саябақ ашылды. Салтанатты жиынға зиялы қауым, ардагерлер, жастар, қала тұрғындары қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Семейде жаңа саябақ ашылды

Мереке аясында жасалған игілікті іс-шарада аға аймақ басшысы Берік Уәли қала тұрғындарын Республика күнімен құттықтап, жаңа саябақ шаһардың әлеуметтік және мәдени келбетін айшықтайтын маңызды нысан екенін жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған құттықтауында: «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш. Егемендік – ата-бабаларымыздың ұлт мүддесі жолындағы өшпес ерлігінің айқын көрінісі», деп егемендіктің қадір-қасиеті мен маңызын халқымыздың сан кешулі тарихы мен күреске толы кезеңдерін еске алып, нақты түйіндеді. Біз бүгін Семейдің ажарына көрік қосып, тарихи сыпатын байыта түсетін өзгеше нысанды Республика күніне орайластырып, Семей тұрғындарының қажетіне пайдалануға бергелі отырмыз. Бұл қала тұрғындарының демалып, серуендеуіне арналған жаңа саябақ, жаңа алаң болмақ. Саябақтың биіктен түсірілген суретін қарағанда киіз үйдің бейнесі бедерленген. Алдағы уақытта біз осы жерге мемлекеттік рәмізіміз – Туымызды орнататын боламыз. Қаламыз күннен күнге көркейіп келеді. Ұшақтар кентінде де осындай саябақ салынып жатыр. Оны да толық аяқтап, халықтың демалыс орнына, қоғамдық кеңістікке айналдырамыз», деді облыс әкімі.

Сонымен қатар әкім жаңа ашылған саябаққа «Республика саябағы» деген ату беру керектігін де айтты.ф

 «Қаламыздың көркін асырып, халық игілігіне қызмет ететін саябақты қала зиялылары мен қоғамдық кеңес өкілдері «Республика алаңы», «Республика саябағы» деп атауды ұсынып отыр. Мен өз тарапымнан бұл атаудың жаңа қоғамдық орынға жарасымды екенін айтқым келеді. Өйткені, еліміздің ең ұлық мерекесі Республика күнінде халық игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Азаматтардың ұсынысын қолдай отырып, Мемлекеттік ономастика комиссиясына осылай ұсынатынымызды жеткізгім келеді», деді ол.

Бүгінде жаңа саябақтың құрылысы толық аяқталып, аумағы кең көлемде абаттандырылған. Көгалдандыру жұмыстары аясында мыңға жуық қарағай мен шырша көшеттері, 9 500-ден астам сәнді бұталар мен 8 000-ға жуық көпжылдық гүлдер егілді. Жалпы аумағы шамамен 53 мың шаршы метрді құрайтын саябақта серуен жолдары, демалыс аймақтары, сахна және мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған ашық алаңдар қарастырылған.

Аз уақыт ішінде бой көтерген қоғамдық нысан тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз демалатын орын. Саябақты салу барысында 24 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 20 370 шаршы метр жерге брусчатка тас төселді. Сондай-ақ 20 480 шаршы метр аумаққа асфальт төселді. Саябақтың басты нысандарының бірі – қазақ халқының рухани мұрасы мен тәуелсіздіктің символына айналған Алтын адам ескерткіші. Бұл ескерткіш ұлттық тарихқа тағзым ретінде орнатылып, саябақтың көркін айшықтап тұр. Сонымен қатар жиынға қатысқан қала тұрғындары саябақтың ашылғанына ризашылықтарын жеткізді.

«Бүгін немерелерімді ертіп, жаңа саябаққа келдік. Бұрын бұл жақ бос жер болатын, ал қазір осындай әдемі, жайлы демалыс орны болды. Айналасы жасыл желекке толы, балаларға арналған ойын алаңдары мен Алтын адам ескерткіші ерекше көрік беріп тұр. Отбасымен серуендеп, демалуға таптырмас орын», деді Қарағайлы ықшам ауданының тұрғыны Нұрлыбек Қалиұлы.

Салтанаты жиын соңында «Алатау серілері» тобы, Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармония әншілері өнер көрсетіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Абай облысы