
Білім және ғылым министрлігіне қарасты университеттер оқытушыларға бекітілген шекті жалақы мөлшерінен төмен ақы тағайындай алмайды. Докторлық диссертациялар тікелей эфирде қорғалады. Осы және өзге де өзгерістер Білім мен ғылым саласы қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесінде айтылды.
2-6 жасқа дейінгі балалардың 83,6%-ы балабақшамен қамтылған
Жиында сөз алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алдымен қиын кезеңде абыроймен еңбек ете білген педагогтер қауымына алғысын айтты. Содан соң білім мен ғылым саласындағы мәселелерге кезең-кезеңімен тоқталды.
– Балаларды ерте жастан дамыту біз үшін ерекше маңызға ие. Мектепке дейінгі білім беру сатысына әрқашан қажетті деңгейде назар аударылмады. Көбіне сандық көрсеткіштерге мән беріп, сапа жағына көңіл бөлінбей қалды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленді. Жаңа модельді жаңа оқу жылынан бастап енгізу жоспарланып отыр. Бұл үшін Мемлекеттік стандартқа өзгерістер енгізіледі және ойын арқылы оқыту қағидаты негізінде Үлгілік оқу бағдарламалары қайта қаралады. Сонымен қатар Балаларды ерте дамыту институтын құру жұмыстары алдағы қыркүйекте аяқталады, – деді ведомство басшысы.
Министрдің мәлімдеуінше, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2021 жылы 98,1%-ға жетті. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту деңгейі 83,6%-ды құрады. Балаларды балабақшамен толық қамту үшін мемлекет-жекешелік әріптестік негізінде балабақшалардың санын арттыру жұмыстары жалғасын табады.
– Жекеменшік балабақшаларды дамытуды ынталандыру ваучерлік тетікті енгізу жолымен жалғасады. Бұл үшін бір тәрбиеленушіге жан басына шаққандағы норматив 31 мыңнан 40 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Ваучерлік қаржыландыру кезінде ақша білім беру ұйымына емес, балаға түседі. Бұл дегеніміз, ата-ана өз баласына жеке немесе мемлекеттік, кез келген балабақшаны таңдай алады және мемлекет оған бөлетін ваучердің қызметтерін төлейді. Осылайша, мектепке дейінгі білім беру сапасын бағалайтын білім басқармасы емес, білім беру қызметін тұтынушының өзі болады. Жаз айларында балалардың мектепалды даярлығы күшейтіледі, сауаттылық және математика бойынша оқытуға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ балаларды ерте дамыту институтын құру және ECERS тәуелсіз бағалау жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізіледі, – деді А.Аймағамбетов.
Ведомство бюджетінің көп бөлігі педагогтерге жалақы төлеуге кетеді
Орта білім берудегі ең маңызды жаңалық – «Әліппе» оқулығының мектеп бағдарламасына қайтарылғаны. 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын алғаш аттаған барлық бірінші сынып оқушысы алғашқы оқулығы ретінде «Әліппені» салтанатты түрде қолға алады. «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі бойынша жасалған. Алдымен дыбыстар, әріптер, содан кейін буындар мен сөздер зерделенеді. «Әліппе» оқулығының көмегімен бірінші сынып оқушылары шағын мәтіндерді оқып, түсініп, қарапайым сөздер, сөйлемдер жазуды үйренеді.
– Оқу жылы дәстүрлі форматта басталады. Бірақ толығымен осы форматқа ауысып кетудің қажеті жоқ. Біз «Пандемия сабақтарын» ұмытпауымыз керек. Карантин кезіндегі қашықтан оқыту форматында игерген жаңа дағдыларды әрі қарай да қолдануымыз керек. Сол себепті Google class room, білім беру платформаларымен оқу процесін жүргізу секілді жұмыстарды жалғастыра беруіміз қажет, – деді министр А.Аймағамбетов.
Министр баяндағандай, 2023 жылға қарай мұғалімдердің жалақысы тағы екі есе артады. Еске сала кетсек, 2020 жылы педагогтердің жалақысы 25%-ға, 2021 жылы тағы 25%-ға өсті. Бұдан басқа, біліктілік санаты үшін қосымша ақылар 30-дан 50%-ға дейін ұлғайтылды. Дәптерлерді тексергені үшін, сондай-ақ сынып жетекшілігі үшін мұғалімдердің жалақысы екі есе артты. Тәлімгерлік үшін қосымша ақының жаңа санаты пайда болды. Ведомство бюджетінің негізгі бөлігі педагогтерге жалақы төлеуге жұмсалады.
– Сонымен бірге педагогикалық мамандықтардағы студенттердің шәкіртақысы 42 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Педагогтерді ынталандыру мен қаржылық көтермелеудің барлық шарасы білім беру ұйымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ретте білім беру сапасын арттыру үшін жағдайлар жасаумен қатар, ведомство педагогтерге қойылатын талаптарды да күшейтеді. Мысалы, педагогикалық мамандықтарға түскісі келетіндер үшін шекті балл 50-ден 75 балға дейін көтерілді. Қазірдің өзінде педагогикалық мамандықтарға түскендердің орташа балы 90 балға дейін артқан, – деді министр.
Орта білім саласындағы тағы бір маңызды жайт, егер бұрын мұғалімдерді жұмысқа қабылдау туралы шешімді мектеп директоры қабылдаса, биылғы қыркүйектен бастап жұмысқа орналастыру процесі конкурс арқылы өткізіледі.
Мектеп директорлары арасында мұғалімдерден төмен еңбекақы алатындары бар. Сол себепті көп мықты мамандар мектептегі басшылық қызметтерден қашады. Осыған орай мектеп директорларына жалақы төлеу жүйесі қайта қаралмақ.
– Қазіргі кезде мектеп басшылығының жалақы мәселесі өзекті болып тұр. Жалақының қазіргі деңгейіне қарап, бәсекеге қабілетті менеджерлер басшылық қызметке баруға қызықпайды. Жалпы, үздік педагогтер мектеп директоры немесе оқу ісінің меңгерушісі лауазымына бармайды. Мектеп директорларының жалақысы ұстаздың еңбекақысынан төмен болатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл тұрғыда тәуекелдер деңгейі әртүрлі екені белгілі. Министрлік мектеп директорларына жалақы төлеу жүйесіне өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр, – деді А.Аймағамбетов.
Мектеп директорларының еңбекақысын көтерумен бірге оларды таңдау талаптары да күшейтілмек. Алдағы қыркүйектен бастап білім беру ұйымдары басшыларын ротациялау жүйесі енгізіледі. Бұл мемлекеттік мектепке дейінгі, орта білім беру, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына қатысты. Бұған дейін «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу қағидаларының» жобасы дайындалған еді. Осы қағида мектеп басшылары арасындағы лауазымдық ауысу тәртібін айқындайды. Бұл жүйе бір орында 20-30 жыл бойы отырған директорларды орнынан қозғауға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған.
Бұдан былай қосымша білім беру де жан басына қаржыландыру тетігі бойынша жүргізіледі. Осыған сәйкес жекеменшік қосымша білім беретін орталықтар да мемлекеттен тапсырыс алып, қосымша білім берумен айналыса алады. Бұл жүйе әр баланы қосымша біліммен мүмкіндігінше жедел қамтуға мүмкіндік береді, себебі үкіметтен қарастырылатын қаржы енді қандай да бір мемлекеттік қосымша білім беру ұйымына емес, балаға беріледі.
– Соның ішінде спорттық секциялар санын арттыру керек. Былтыр біз маңызды шешім қабылдадық. Мектептердегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне аптасына кемі үш рет қосымша спорт секциясын өткізгені үшін 18 мыңға жуық үстемеақы төленеді. Осы өзгеріс алдағы жаңа оқу жылынан бастап енгізіледі, – деді министр.
Студенттердің өндірістегі өнімдерін сатуға болады
Алдағы уақытта университеттерге ғана емес, колледждерге де академиялық дербестік беріледі.
– Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі неғұрлым икемді және білім алушылардың ең талап етілетін құзыреттерін қалыптастыруға бағдарланады. Қазақстандық колледждерге академиялық дербестік берілді. Енді олардың өздері жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімдерін айқындайды. Білім беру бағдарламалары студенттерге қажетті біліктілікті алуға және қысқа мерзімде жұмысқа орналасуға, ал қажет болған жағдайда қосымша басқа біліктілікті алуға мүмкіндік береді. Бұл шаралар өндірістегі технологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының сұраныстарына бейімделуге жағдай жасайды. Осылайша, колледждер жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярлайды, – деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, 9-сыныпты бітірген оқушылар түгелімен «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы бойынша біліммен қамтамасыз етілген жоқ. Сол себепті әкімдіктер осы жоба бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыруға көңіл бөлуі тиіс. Келесі мәселе – колледждерді сапалы кадрлармен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда 300-ден аса колледж педагогтері категориясына қарай 30-дан 50 пайызға дейін, ал колледж директорлары 30-дан 100 пайызға дейін үстемақы ала алады.
– Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіндегі тағы бір маңызды жоба – «Жас маман». Аталған жоба қазіргі таңда 180-ге жуық колледжді жас мамандарды даярлаудың жаңа деңгейіне шығаруға септігін тигізді. Бұл соңғы үлгідегі материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету ғана емес, оқыту бағдарламасының мазмұнын да жаңартуды қамтиды. Жақында біз колледждерге жаңа мүмкіндік сыйлайтын норманы енгіздік. Енді еліміздегі кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары өздерінде даярланып жатқан студенттердің оқу-өндірістік кезеңде әзірлеген өнімдерін сатылымға шығара алады, – деді А.Аймағамбетов.
Оқытушылар жалақысының шекті мөлшері бекітілді
Жоғары оқу орындары 4 лигаға бөлінеді. Халықаралық стандарттарға толығымен сай жұмыс істейтін университеттер 1-лигаға жатқызылып, толыққанды академиялық еркіндікке ие болады. 2-лигаға жататын ұлттық деңгейдегі университеттер де түрлі тексерістерден босатылады. Ал 3-сатыдағы өңірлік ЖОО төмен бағалауға ұшырағанда бақылауға алынады. Соңғы сатыдағы университеттерге қатаң талаптар қойылып, әрдайым мемлекеттің бақылауында болады.
– Лигаға бөлу – маңызды бағыт. 1-2-лигаға жатқызылған университеттерге академиялық дербестік бойынша барлық мүмкіндікті береміз, бұл жоғары оқу орындары толығымен біздің талаптарға сай, жоғары деңгейдегі оқу орындары деп санап, тек қана қолдау көрсетіп отырамыз. 3-4-лигаға жатқызылған жоғары оқу орындарына барлық тексеріс, мониторинг жұмыстары, т.б. талаптары күшейтіледі. Осы жұмыстарды біз келесі оқу жылында аяқтаймыз. Бұдан бөлек жоғары оқу орындарындағы академиялық адалдық мәселесі де – өте өзекті. Мен жақында ғана ректорлармен кездесіп, оларға осы оқу жылынан бастап академиялық адалдыққа, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қандай да бір факт анықталса, жұмыстан шығаруға дейін шешімдер қабылданатынын айттым. Өзекті мәселені түбегейлі шешіп отырған университеттер жетерлік. Демек, барлығында сондай деңгейге шығаруға болады. Меніңше, мұның бәрі бірінші басшының менеджерлігіне байланысты, – деді ведомство басшысы.
А.Аймағамбетовтің айтуынша, биылғы қыркүйектен бастап Білім және ғылым министрлігіне қарасты университеттер оқытушыларының шекті жалақысы бекітілді. Қатардағы қарапайым оқытушылардың еңбекақысы 200 мың, аға оқытушылардыкі 230 мың, профессорларда 350 мың теңгеден жоғары болуы тиіс.
Еліміздегі жоғары оқу орындары биыл өз түлектеріне өзіндік үлгідегі диплом беруді бастады. Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша инновациялар мен серпінді технологияларды дамыту озық ғылыми-техникалық орталықтарын қалыптастыру үшін қос өңірде екі университет құрылады.
Докторлық диссертациялар қолжетімді болады
– Ғылыми диссертация қорғаудың ережелері өзгерді. Докторлық дәреже алу үшін үміткерлер ғылыми жұмысын тікелей эфирде қорғайды. Екіншіден, 2021 жылдан бастап қорғалған ғылыми еңбектер жоғары оқу орнының және Ұлттық сараптама орталығының сайтына орналастырылады. Бізде академиялық жұмыстардың репозиторийі болады. Барлық эссе, диссертация, магистрлік, докторлық, курстық, дипломдық жұмыстар бұдан былай ғылыми жұмыстардың бір репозиторийі арқылы тексеріледі. Осы жүйе қандай да бір жұмысты екінші рет жазуға мүмкіндік бермейді. Келесі жылы енгізілетін бұл жүйе – студенттер мен ғылыми әлемде академиялық адалдықты қамтамасыз етуге жағдай жасайтын тағы бір үлкен қадам, – деді А.Аймағамбетов.
Министрдің ойынша, пандемия бізге ғылымның адамзат өмірінде қаншалықты маңызды екенін анық көрсетіп берді. Ведомствоның басым бағыттарының бірі – ғылымды дамыту. Қазақстандық ғалымдар коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны әзірлеп, төл ғылымның әлеуеті жоғары екенін дәлелдеді. Qaz-Vac вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің екі кезеңіндегі нәтижелер халықаралық рецензияланған журналда жарияланды. Министрлік отандық вакцинаны әзірлеген институтты кешенді қолдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.