
– Таң сыз бере, үйдің қарсы бетіндегі тоғайға қарасам, қайыңның бас жағынан әлдебір ноқат қарауытады. Құс дейін десем, ірі. Жақындап барып қарадым, кәдімгі аюдың қонжығы. Тегі иттен қашты ма, қайыңның бас жағына шығып алыпты, – дейді ауыл тұрғыны Сейдахмет Әшімханов.
Ұлттық парк қызметкерлерінің айтуынша, аю ауылдың аяқ жағында өсетін жабайы алмаға келетін көрінеді. Оның үстіне миграция уақыты. Соңғы санақ бойынша, Катонқарағай табиғи ұлттық паркінің аумағындағы аюлардың саны 330-ға жеткен. Елді мекендерге еркін келгіштеп жүргендерімен малға, адамға зияны жоқ.
– Көктем мен күзде санақ жүргізіп отырамыз. Жалпы, аң саны көбейіп келеді. Атуға мүлдем болмайды. Заң бар, соған қарай тәртіп бар. Ауыл таудың етегінде тұрғандықтан аңдардың ауылға түсуі қалыпты жағдай. Ең бастысы, адамзатқа зияны тимесе болды, – дейді Катонқарағай МҰТП жануарларды қорғау және өңдіру бөлімінің бастығы Ерік Қасымов.
Әнебір жылдары Катон ауылының орталық көшесінде мүйізі шаңырақтай бұлан да көзге түскен. Ал аюдың ауылға кіруі бірінші рет емес. Алайда қайыңның биігіне шығып алып, түсе алмай тұрғанын көпшілік қызықтап, суретке түсіріп алыпты. Айтпақшы, жерге түскен қонжықты қорықшылар үркітіп тау жаққа қарай қуып жіберген.