
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Әдебиет курстары» жобасы қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпаққа жеткен рухани және мәдени мұрасын, сөз өнерiнiң асыл қазынасын жастарға жеткізуді көздейді. Еліміздегі жас әдебиетшілердің сапалы білім алуына жағдай жасауға, жас дарындардың ақындық шеберлігін шыңдауға жәрдемдеспек.
Аталған жоба аясында аға буын әдебиетшілер 35 жасқа дейінгі ақын-жазушыларға онлайн-форматта бір айлық тегін курс өткізуде. Қазанның 7-сі мен 30-ы аралығында, күніне 4 сағат есімі елге белгілі әдебиет майталмандары жастарға лекция оқиды. Атап айтсақ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанова, филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер-ақын Серікзат Дүйсенғазы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, филология ғылымдарының докторы, ақын Жанат Әскербекқызы, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, жазушы Қуаныш Жиенбай, ақын Ұларбек Нұрғалым бастаған басқа да зиялы қауым өкілдері жобаны кеңінен жүзеге асыруда.
«Қазіргі жастардың ынтасы өте жоғары. Оларға бағыт-бағдар беріп, пікірталас ұйымдастырдық. Жас әдебиетшілердің сұрағы көп болды. Барлық сұрақтарына өзімнің зерттеулерім шеңберінде, жазған кітаптарым бойынша жауап бердім. Айтыс пен қара өлеңнің тегі бір. Оның айырмасын, поэзияның ерекшеліктерін, айтыстың ерекшеліктерін айта отырып, олардың мәтіндеріне талдау жасадық. Бұл ретте курстардың пайдасы зор. Әсіресе жастардың шығармашылық деңгейін көтереді», дейді Серікзат Дүйсенғазы.
Биыл тұңғыш рет қолға алынған «Әдебиет курстары» жобасы бұдан әрі дәстүрлі түрде өткізіледі. Бұл мемлекеттің әдебиет саласына, соның ішінде темірқанат қаламгерлерге деген үлкен қамқорлығы болмақ.
«Әдебиет курстарын бір айға жуық болды, күн үзбей тыңдап келемін. Бұл менің білімімді жетілдіріп, әдебиетке деген қызығушылығымды арттырды. Ғалым, ақын, драматург, этнографтардан түрлі бағытта дәріс тыңдап, ой-өрісіміз кеңейе түсті. Бұл онлайн дәрісті алыс аймақтағы жас әдебиетшілерге деген қамқорлық деп білемін. Осыны ұйымдастырушы азаматтарға алғыс айтамын. Алда осындай шаралар молынан болса деп тілеймін», дейді дәріс алушы Қабиден Қуанышбай.