
– Фильмде менің өмірбаяным суреттелген, барлық кейіпкер де өмірде бар адамдар. Өзінің алдына мақсат қойған адамның қандай жетістіктерге қол жеткізе алатынын баяндайтын туынды. Фильмді түсірмес бұрын сценарий авторларымен және режиссер Ақан Сатаевпен бірнеше рет кездесіп, картинаның желісін талқыладық. Фильмнің барлық түсіру тобына алғысымды білдіремін, – деді Серік Сәпиев.
Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген режиссер Ақан Сатаев келген қонақтарға алғысын білдіріп, бұл премьераны ұзақ уақыт күткендерін айтты.
– Осы жобада бар күшін салып, шеберлікпен еңбек еткен фильмнің түсіру тобына рахмет айтамыз. Кинотуындының жарыққа шығуына себепкер болған Мәдениет және спорт министрлігіне, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына», сондай-ақ түсірілім кезінде бізге қолдау көрсеткен қала басшылығына, спорт базаларының жетекшілеріне алғысымды жеткізгім келеді, – деді режиссер.
«Боксшы» фильмінің алғашқы көрсетіліміне келген қонақтар аталған кинотуынды көңілден шыққанын жасырмай, фильм соңында ұзақ қол соғып, актерлермен суретке түсті.
– Фильм маған ұнады, ерекше әсер алдым. Олимпиаданың алдында қандай сезімде болсам, бүгін де сол толғанысты қайта бастан кештім, кейбір сахналары тіпті жүрекке тиді. Бұл фильмді анам да көргісі келіп, прокатқа шыққанын күтіп отыр, – деді Серік Сәпиев.
Айта кетсек, «Боксшы» фильмі еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіле бастайды.
АЛМАТЫ