ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ
ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫН ҚАЙТА ҚАРАСТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ
Жуырда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен “Ұлы Отан соғысындағы Қазақстан: тарихы, зерттеу әдістемесі және заманауи талдау” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аумағында тұрып жатқан Жеңістің барша мұрагерлеріне арнап үндеу қабылдады. Қазақстан мен Ресейдің ардагерлер ұйымдары өкілдері, танымал ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері қатысқан осындай кең ауқымды іс-шара жұмысының ең шешуші тұсы осы оқиға болғаны анық.
ЕЛІНЕ СЫЙЛЫ, ХАЛҚЫНА ҚАДІРЛІ
азаматтың ортамызда жүргенінің өзі береке
Мемлекет және қоғам қайраткері Салық Зиманов 1921 жылы ақпанның 19-ында туған. Соғысқа дейін мұғалім болып еңбек етті. 1940 жылы Салық Зиманұлы әскер қатарына шақырылды. Ал Ұлы Отан соғысы басталған кезде ол Бас Кавказ жотасында жаудың жолын бөгеуге қатысты. Бұдан кейін жауды қуған Кеңес Одағы әскерінің құрамында Кубань, Воронеж, Харьков, Кировоград, Кременчук қалаларын азат етуге, Данциг, Кенигсберг қалаларын алуға атсалысты. Сөйтіп, Берлинге жетіп, жеңіс туын қадауға үлес қосты. Полк штабының бастығы болған гвардия майоры С.Зиманов елге жеңіспен оралды. Оның майдандағы ерлік жолы І және ІІ дәрежелі Отан соғысы, “Қызыл Жұлдыз” ордендерімен және көптеген медальдармен, соның ішінде “Кавказ қорғанысы үшін” медалімен бағаланған. Демек, 65 жылдығы үлкен ауқымда аталып өтіп жатқан Ұлы Жеңіске қосқан үлесі де айтарлықтай деп бағалаймыз және бұл айтулы мерекеге оның да тікелей қатысы бар деп білеміз. Соғыстан кейін Бүкілодақтық заң институтының Қазан филиалын және КСРО Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының аспирантурасын ойдағыдай тәмамдады. С.Зиманов – заң ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі. Ол – көрнекті заңгер-теоритиктердің бірі, танымал мемлекет зерттеушісі, Қазақстандағы қоғамдық-саяси ой тарихының шежірешісі, қазақтың әдет-ғұрып құқығының білгірі, әрі республикадағы философия мен құқық ғылымын, сондай-ақ оқу-ағарту ісін ұйымдастырушы. Салық Зиманұлы Қазақстан мемлекеті мен құқығының тарихын, республикадағы және Орталық Азия аймағындағы ұлттық мемлекет және ұлттық-мемлекеттік құрылыс теориясы мәселелерін зерттеуде жаңа ғылыми бағыт қалыптастырды. Оның құқық және заң шығару ісінің аса маңызды теориялық және методологиялық мәселелерін зерттеуге арналған еңбектері де айрықша құнды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясын әзірлеуге белсене атсалысқан дарынды заңгер. Ата Заңымыздың әрбір бабы мен тармағы демократиялық ұстанымдарға сәйкес болуына баса назар аударды. С.Зиманов Халықтар достығы, Парасат ордендерімен марапатталды. Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Жоғарғы Кеңестің ХІІ шақырылымының депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Президенттің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері, Атырау облысының құрметті азаматы. Көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Соның ішінде “Конституция және Қазақстан Республикасының Парламенті” атты кітабын ерекше айтуға болады. Осындай елге сыйлы, халқына қадірлі азаматтың ортамызда жүргенінің өзі береке. Оның өмір жолы – өскелең жастарға үлгі. Келер жылы Салық Зиманұлы 90 жасқа толады. Қазір он айдай уақыт қалды. Осы орайда оның туған күніне байланысты мәдени шаралар, ғылыми конференциялар өткізу мәселесі алдын ала Мәдениет, Әділет, сондай-ақ Білім және ғылым министрліктерінің жылдық жоспарларына енгізілгені жөн деп ойлаймын. Осы мәселеге Үкімет ықпал етсе құба-құп. Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты.“ҰРЫС ҚИМЫЛДАРЫ ӘЛІ КӨЗ АЛДЫМДА”
Астана қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Темірбек Нәбин 1924 жылы Степногор маңындағы Ақсу ауылында туған. 1942 жылы әскерге шақырылған. Үшінші Украина майданында шайқасқа түскен старшина-пулеметші Т.Нәбин алғашқылардың бірі болып Днепрді алудағы ерлігі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденін иеленген. І дәрежелі Ұлы Отан соғысы, “Құрмет Белгісі” ордендерімен марапатталған. Қадірлі қарияның кеудесінде 20-дан астам медаль бар. Соғыстан кейін комсомолда, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде, Жоғарғы Кеңесте қызмет атқарған. Үш ұл-қыз тәрбиелеп өсірген, қазір немере-шөберелері бар. Жуырда Ұлы Жеңістің 65 жылдығы аясында Парламент Мәжілісі мен “Нұр Отан” партиясының парламенттік фракциясы ел қорғаған қаһармандарға құрмет көрсетті. Отан қорғауда от кешкен ардагерлерді Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған депутаттар қарсы алды. Арнайы шақырылған ардагерлердің ішінде Темірбек Нәбин де болды. Ол сұрапыл соғыс туралы ойларымен бөлісті, жастарға ізгі тілегін жеткізді. – Біздің қатарымыз жыл сайын сиреп барады. Биыл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша соғыс ардагерлеріне шынайы қамқорлық жасалуда. Елдің алға басып келе жатқа-нына, әлем алдындағы беделі өске-ніне мәртебеміз биіктеп отырады. Соғыс басталған жылдары “Кім болмаса, ол болады. Ал кім болса, ол ешқашан да ұмытпайды” деген мақал болды. Кім ойлап тапқанын білмейміз. Содан бері көп жылдар сырғып өтті. Міне, Ұлы Жеңіске 65 жыл толуда. Ал соғыстың басталғанына да 69 жылға тақап қалды. Соғыс кезіндегі қаһарлы күндер әлі күнге көз алдымда. Көзіңді жұмсаң, кеше болған оқиғадай есіңе түседі. Түнде ұйқыға жатқанда немесе кейде оянып кетсең, барлық оқиға көз алдыңа келеді. Шамасы, жастық шақтағы көргенің есте жақсы сақталатын да шығар. Небір қанды оқиғаларды, соғыс сойқандарының барлығын да менің замандастарым көрді, бастан кешірді. Дегенмен, әлі тірімін, өз аяғыммен жүремін. Соғыста жарақат алдым, Ұлы Отан соғысының мүгедегімін. Бір қызықты айтайын. Рентгенге түскен кезімде дәрігер: “Қалтаңызда не бар?” деп сұрайды. “Қалай қалтаңда не бар? Мен кеудеме дейін жалаңаш тұрған жоқпын ба?!” деймін. Рентген адам ағзасында болмайтын, денеден тыс бір-екі қара ноқатты көрсетеді екен. Мен соғыста пулеметші болдым. Қай уақытта да жау әуелі пулеметшінің көзін құртуды ойлайды ғой. Сондықтан пулеметшіні бірінші нысанаға алады. Мина жарылды ма, әлде гранатаның жарықшағы тиді ме, білмеймін. Мен есімнен танып құладым. Кейін қаруластарым оқтың астынан алып шығып, санитарлық бөлімге, одан әрі госпитальға жіберген екен. – Сіздің денеңізде әлі күнге дейін снарядтың жарықшақтары болғаны ғой? – Әрине, әлі денемде тұр. Олар қайда кетсін? Өзіме кедергі келтірмейді. Мен үйреніп кеттім. Тек рентген ғана тауып алады. Соған қарағанда, етпен ет болып бітіп кеткен болуы керек. – Бүгінгі ұрпаққа қандай тілек тілер едіңіз? – Мен өскелең ұрпақ өкілдерімен жиі кездесіп тұрамын. Әрдайым қайталап айтатын кеңесім біреу-ақ. Мен жастарға әрқашанда алда болу керек деп айтамын. Еңбек етсең де, тәжірибеден өтсең де, тіпті бір жерде тазалық жұмысын жасасаң да алда болуға тиістісің. Ортада жүргеннің қажеті жоқ. Оқушы не студент болсаң, екінің бірі болып оқып жүре бермеуің керек. Менің ұстанымым да, жастарға айтар тілегім де – осы. Өйткені, мен жастайымнан еңбекке араластым. Әкемді, ағамды “халық жауы” деп алып кеткенде, отбасымызда екі әжем мен жеңгем ғана бар еді. Олар маған қарап қалды. Мен 7 сыныпта оқып жүр едім, амал жоқ, мектепті тастап, шахтада слесарь болып жұмыс жасадым. Сондықтан жұмыстың қандай ауыр болатынын, отбасын асырау дегеннің не екенін жақсы білемін. Еліміздің тыныштығы мәңгі сақталсын, халқымыз аман болсын. Міне, қадірлі қария осылай дейді. Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист.АЛМАТЫ СЕЛ ӨТІНДЕ ТҰР
Алматы қаласының төбесінде Мәншүк Мәметова мұздығында жиналып, қалаға сел қаупін туғызып отырған №6 балшықты көлінің бүгінгі жағдайы алаңдатарлықтай. Тауда 3600 метр биіктікте пайда болған №6 көлдің балшықты, мұз кесекті, биіктігі 15 метрлік жиынтығы апатты ахуал туындатып отыр. Ол жолындағы құрылыстар мен кедергілерді бұзып өтіп, қаланы басып қалуы ықтимал. Көпшілікке мәлім, Алматы қаласын Іле Алатауы тау жотасы айнала орналасқандықтан, сел қаупі қалада әрқашан өзекті. Осындай қатерлі сел қала тари-хында екі рет кездесті. 1921 жылы балшықты сел қала көшелерін басып қалса, 1973 жылы қалаға төнген қатерді Медеу шатқалындағы биіктігі 150 метрлік бөгет тоқтатты. Ол кезде құлаған көл біз сөз етіп отырған №6 көлдің маңында орналасқан №2 көл болатын. Бүгінде мамандар Медеу шатқалындағы селден қорғау бөгеттері №6 көл төмен сырғып кетсе, төтеп бере алатындығы туралы нақты болжам жасаудан бас тартады. Мәселені одан әрі зерттей түсіп, “Қазгидромет” мекемесінің мамандарымен хабарласқаны-мызда, мынадай мәліметтерге қанықтық. №6 көл қаланың төбесінде 1950 жылдардан жинала бастаған. Соңғы жылдары көл көле-мінің қарқындап өсуі байқалуда. 1997 жылы көлдің көлемі 190 мың текше метрді құраса, тереңдігі 18 метр, қазіргі күні 23 метрге жетеді. Ал жиналған балшықты, мұзды селдің көлемі 285 мың текше метр болып отыр. Бұл сел қатері төніп, көлді босату жұмыстары жүргізілген 1997 жылдағыдан 100 мың текше метрге көп. Өзінің шегіне жеткен №6 көлдің төмен құлауы 10 млн. текше метр ағындының пайда болуына алып келеді (мұндай сел Медеу шатқалындағы селден қорғау кедергілерін толтырып, Алматы қаласының шығыс бөлігін қиратуға қауқарлы). Ғалымдардың есептеуінше, ол уақытқа дейін көлдің құлауы орын алмаса, 2020 жылға қарай көл көлемі 700 мың текше метрге жетпек. Бүгінгі таңда “Қазселденқорғау” мемлекеттік мекемесінің №6 көлге қатысты қолданып отырған шаралары мардымсыз. Мамандар көлді босату жұмыстары қолға алынбаса, оның төмендегі қалаға құлап кету қаупін жоққа шығармайды. Мамандардың есептеуінше, №6 көлді босатуға жұмсалатын күш пен қаржы, оның ықтимал құлау салдарынан туындайтын шығындардан 200 есеге дейін аз. Оның үстіне, күні кешегі Қызылағаш оқиғасы қатердің алдын алып, табиғаттың төтен мінезінен сақтанып отырудың қаншалықты бағалы екендігін дәлелдеп берді. Біз оны естен шығармауымыз керек. “Қазгидромет” мамандары көлді босатып, оның деңгейін қауіпсіз көлемге дейін түсірудің, сөйтіп, қатерді сейілтудің бірнеше ғылыми негізделген технологиясын ұсынуға дайын екендерін айтады. Осы орайда, №6 көлдің апатты жағдайы туралы жедел шешім қабылдап, оны босатуға байланысты шараларды қолға алу қажеттігі кезек күттірмейтін мәселе деп білеміз. Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты.БІРТЕ-БІРТЕ БӘРІНЕН ДЕ АЙРЫЛЫП ҚАЛМАЙЫҚ...
Мәжілістің соңғы отырысында қаралған заң жобаларының бірі Байқоңыр қаласы және оның жанындағы Төретам мен Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің арасындағы келісімді ратификациялауға арналған заң жобасы болды. Тұрғындардың арасында ғарыш айлағында қызмет істейтін персоналдар да осы келісімнің шеңберінде медициналық қызметпен қамтамасыз етілмек. Ал олар негізінен Ресей Федерациясының азаматтары екені белгілі. Демек, Байқоңыр мен оның төңірегіндегі кент тұрғындарының бізге қарағанда медициналық көмек алу жағы жақсырақ Ресей азаматтарымен теңесіп тұрғаны құба-құп. Бірақ алақайламай тұра тұрайық... Ең қызығы сол, заң жобасы туралы баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің айтуына қарағанда, тұрғындардың бәріне де медициналық көмек ресейлік мамандардың қолымен жүргізіледі екен де, Қазақстан азаматтарын қарағаны үшін біздің Үкіметіміз олардың денсаулық сақтау ұйымдарына қаражат аударып тұрады екен. Бұл туралы келісімге екі елдің құзіретті органдарының өкілдері 2009 жылдың 17 қарашасында қол қойыпты. Баяндама аяқталған соң үш-төрт депутат өздерінің сұрақтарын қойды. Соның ішінде В.Нехорошев: Қазақстан азаматтарына медициналық көмек Ресей заңнамасы негізінде көрсетіледі екен, ал оның ақысы Қазақстан заңнамасы негізінде төленеді. Сонда, жасалған қандай да бір отаға Ресей жағының заңы бойынша біздегіге қарағанда, көп қаражат талап етіліп (ал оларда бізге қарағанда бәрі де қымбат екені белгілі – Ж.С.), біздің адамдардың өздерінің қалталарынан қосымша ақы төлеуіне соқпай ма? Екіншіден, Ресей мамандарының медициналық қызмет көрсету сапасын біздің тарап тексере ала ма? Жалпы, Байқоңырдағы жағдай халықтың орынды алаңдаушылығын тудыруда. Айлақтың экологиялық ахуалын да біз тексермейміз, жалға алушының өзі сараптама жасатқан болады. Ал олар жағдайдың дұрыс екенін айтып береді. Бірақ, халықтың орташа өмір сүру жасы – 55, жас балалардың өлімі республикалық орташа көрсеткіштен екі есе жоғары екендігі көп нәрседен хабар беріп тұр емес пе? Ал келісімде сіздер аймақтың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын бақылау Ресей жағының құзыретті органдарына жүктеледі депсіздер. Ал біз өз тарапымыздан осы жағдайды тексере аламыз ба, мүмкін тәуелсіз сарапшылар шақыруға хақымыз бар шығар, сайып келгенде, ол жерде тұрғындардың түгелге жуығы біздің адамдар емес пе?! деп өзін толғандырған сауалдарын лекітете қойды. Бұл сұрақтарға толымды жауап естідік деп айту қиын. Бірақ министрдің сөзін толық келтірмеуге хақымыз жоқ. Рас, деді ол, медициналық көмек Ресей Федерациясы заңнамасы негізінде көрсетіледі. Медициналық көмектің кепілдендірілген ақысыз көлемі Ресейде де бар. Ал ақылы көмекке келетін болсақ, ресейлік тарифтердің біздікінен өзгеше екені рас. Біз сырқатқа жасалған көмекке 100 пайыз ақыны сол адам толық қанағаттанса ғана төлейміз. Егер науқас ем қабылдау барысында қайтыс болса немесе мүгедектікке ұшыраса, онда Қазақстан жағы жіті медициналық сарап жасайтын болады. Медициналық қызметкерлердің қателігі анықталса... қызмет ақысы төленбейді. Ал қателік анықталмаса, ақысы төленеді. Қазақстан жағынан осындай бақылау жасалады. Экологиялық жағдайға байланысты айтатын болсам, жалға алушы өзі жалға алған жердің тазалығына өзі жауап береді. Тек жалға алған аумақтан тыс жерлердегі санитарлық-эпидемиологиялық нормалар бұзылса ғана Қазақстан жағы сарап жасауға құқылы. Осы арада қызылордалық депутат Ыдырысов та сұрақ беріп, ресейлік дәрігерлер ақысын төлемесеңдер ем жасамаймыз деп отырып алатынын айтты. Сонда ақы алдын ала төленетін болып тұр ғой. Демек, министрдің науқас “толық қанағаттанса ғана төленеді” дегені қағаз жүзінде ғана сияқты... Депутат биыл осы аймақтың медициналық шығынына бюджеттерден (республикалық және облыстық) 277 млн. теңге қарастырылғанын айтты. Бұл дегеніңіз былтырғыдан 4,9 есе көп екен. Ол-ол ма, жергілікті басшылық бұл шығындарды тоқсан сайын анықтауға тура келетінін, өйткені, ресейлік тарифтер де тоқсан сайын шарықтай беретіндігін айтыпты. ...Сонымен, мектеп бір болсын деп оны ресейліктерге беріп қойдық. Қазір Байқоңырда орысша түгіл, қазақша оқитын қазақ балалары “менің Отаным – Ресей Федерациясы, Президентім – Медведев...” деп оқиды. Бұл туралы “Егеменге” С.Пірназар, Ж.Сүлейменов, А.Тұрапбайұлы, т.б. жазды. Не өзгерді? Ештеңе де өзгерген жоқ. Баяғыда министр Әйтімова қол қойып, ол заң ратификацияланып кеткен... Енді медицинаны да соларға беріп жатыр екенбіз. Қазақтың білікті медициналық маманы Ресейдің туы желбіреп тұрған мекемеде ем жасайды, есіктен төрге дейін ресейлік тәртіптер, ресейлік заң-заңнамалар... Бүгін медицинаның билігін берсек, ертең тағы бірдеңемізді береміз, сөйтіп, Байқоңырдан толығымен айырыламыз ба, ойланайық ағайын. Жақсыбай САМРАТ.МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
Кеше Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының “Байқоңыр” кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасы талқыланды. Заң жобасының мақсаты “Байқоңыр” ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық көмек көрсету тәртібін жетілдіруді көздейтін осы келісімді ратификациялау болып табылады. Атап айтқанда, ғарыш айлағының персоналына және Байқоңыр қаласының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуді Ресейдің денсаулық сақтау ұйымдары, ал Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына Қазақстанның денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асыратын болады. Заң жобасы палатаның қарауына ұсынылатын болды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.