14 Наурыз, 2014

Қызылордада студенттер Еңбек Ері Абзал Ералиевпен кездесті

464 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
14-03-14-vstrecha-1 Бүгін, 14 наурыз күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевпен кездесу өтті. Бұл туралы универститет баспасөз қызметі хабарлады. Жиынға Абзал Ералиевтің мектептегі, студент шақтағы ұстаздары, достары, оқу орнының профессор-оқытушылары және студент-жастар қатысты. Кездесуді ашқан университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов «Ақ күріштің атасы» атанған Сыр өңірі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өркендеуінде өзіндік орны бар өлке екенін атап өтті. 14-03-14-vstrecha-2 Ректор өз сөзінде: «Туған ауылыңызды түлетуге, халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайын түзетуге, ауыл жастарының білім алуына, кәсіби шыңдалуына сіздің қосып келе жатқан үлесіңіз қомақты. Сіз азаматтық-кәсіпкерлік ұстанымыңызда ізгілікті жоғары қоя білдіңіз. Университет ұжымы өзіңіздей түлегін әрдайым мақтаныш тұтады», - деді. Абзал Ералиев 1977-1982 жылдары сол кездегі Жамбыл гидромелиоративтік   құрылыс институтында (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) білім алған. Мектеп қабырғасында өзінің үлгілі тәртібі мен үздік үлгірімімен көпке үлгі бола білген азамат студенттік шақта да осы үрдісінен танбады. Әрдайым топ бастап, замандастарының көшбасшысы болды. Осындай сапалы білім мен саналы тәрбиенің нәтижесінде Абзал Ералиев алғаш үй-құрылыс комбинатында прораб, құрылыс учаскесінің бастығы қызметтерін атқарды. 1994 жылдан  бастап «Абзал және компания» толық серіктестігінің іргесін қалап, оны ірі шаруашылыққа айналдырды. «Алдымен 500 гектар жерге күріш ектік. Нәтижесі жаман болмады. Кейін бастаған істің ауқымын кеңейттік. Қазір жыл сайын 5500 гектар жерге күріш егіп, өнім жинап отырмыз. Биыл компанияға 20 жыл толып отыр. Осы аралықта көптеген табыстарға қол жеткіздік. Мұның барлығы шаруашылық қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі», - деді Абзал Жұмашұлы кездесуде. Қазір Еңбек Ерінің туған жері Кеңес Одағының Батыры Н.Ілиясов атындағы елді мекен «ХХІ ғасыр ауылы» атанған. Ауыл халқы заман талабына сай жарық шамдар, субұрқақтар, тегіс жолдар, мәдени-көпшілік нысандардың игілігін көріп отыр. Сонымен бірге, биыл ауылда үлкен стадион салынбақ. Мұның барлығы ер азаматтың туған топыраққа деген құрметінің нәтижесінде жүзеге асып жатқаны сөзсіз. Бір қызығы, бұл ауылды кезінде тап осы Абзал Жұмашұлы секілді ер еңбектің тағы бір майталман маманы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазіргі ректоры Қылышбай Бисеновтің әкесі, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов те ұзақ жылдар бойы басқарып, совхозды облыстағы күріштен 100 мың центнерден астам өнім беретін санаулы шаруашылықтардың қатарына қосып кетіп еді. 14-03-14-vstrecha-3 Кездесу барысында жастар Еңбек еріне деген көкейлерінде жүрген түрлі сауалдарын жолдады. Абзал Жұмашұлының отбасы жағдайы, алдағы жоспарлары, қазіргі жастарға деген көзқарасы сынды сауалдар студенттердің қызығушылығын тудырды. Абзал Ералиев жастардың барлық сұрақтарына мүдірмей жауап берді. Кездесу барысында Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевке университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен «Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бизнес әкімшілігінің құрметті докторы» атағы берілді. Әрдайым Сыр халқымен жаны, болмысы бір азаматпен кездесу осылайша студенттерге үлкен әсер қалдырды. Еңбек Ерінің жастарға айтқан әрбір сөзі өмірлік үлгі-өнеге болары сөзсіз. Мұрат Айтқожа. Дереккөз: Қызылорда мемлекеттік университетінің баспасөз қызметі. Фото: Қызылорда мемлекеттік университетінің баспасөз қызметі.