15 Наурыз, 2014

Кадрсыз ауыл – қадірсіз ауыл

385 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бұл проблеманы шешу жолдары бар

zavod 1 (2)

Биылғы Елбасы Жолдауында «Таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет. Үкіметке 2014 жылғы 1 маусымға дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажет», делінген. Ауыл шаруашылығына қаржы аз бөлініп жат­қан жоқ. Әңгіме оны алудың қиындығында, әзір­ше фермер үшін «кісідегінің кілті аспанда». Алдымен ден қойып, дұрыстайтын нәрсе – ауыл­дағы шаруаның қолындағы құжаттары. Ол үшін әр округке кесте бойынша ауданнан тиіс­ті шенеуніктер барса жөн болар еді. Әрине, ақпа­ратын ала барады, көреді, түзету, жөндеу жо­лын айтады. Бұл алдымен облысқа барғанда «КазАгро» АҚ-тың еншілес кәсіпорындарымен сөйлесу үшін қатты қажет. Сөзбұйданың әліппесі осы жерде басталады. Ақтоғайға бес барып, бес келсең де, оларға аса бата қоймайды. Құжатың дұрыс болып, өзің «Сыбаға» бағдарламасымен толық қаруланып, бизнес-жоспарыңды меңгеріп бармасаң жағдайың мүшкіл. Себебі, ауданда сатып алатын бұқаның бағасын, жердің, үйдің, қораның кепілге алатын пайызын, бір сиырға тиісті жайылымды (га), қораның (үйдің) жаңа техникалық төлқұжатын, нотариустың қағазын, қожалықтың жеті жылдық есебін, тағы басқаларды тапсыру керек. Тапсыратын құжаттың ұзын саны жиырма бес­тен асады. Тым көп екенін бәрі біледі. Айту­дай-ақ айтылады, өзгеріс жоқ. Ұлттық кәсіп­­керлік палатасы не өзгертеді? Оны да көрерміз. Ал, менің фермер деп зорайтып жүргенім – кешегі механизатор, не көмекші шопан, не жүргізуші. Несие алудың қияметін келтірдім. Ауыл шаруашылығының баяғы әдістерімен алысқа бармайтынымызға көзіміз жетті. Сон­­дық­тан мал шаруашылығында жаңа техно­­­­ло­гия­ларға, инновацияға иек артпаса болмайды. Жермен жұмыс істеудің жаңа агротехнологиясын меңгеріп, малдың алдымен жемшөп қорын жасамайынша болмайтынын жұрт білетіндей болды. Құрғақшылыққа төзімді қазақстандық көпжылдық шөптің сорттары жеткілікті. Тек ауылға әкелу жағдайы лизингке техникалар алу арқылы сияқты. Алдымен осы жағы шешілсе малды асылдандыру, Балқаштың азық-түлік белдеуін құру, алдымен ауылдың өзін-өзі етпен қамтамасыз етуі толықтай шешіліп қалар. Сүт жөнінде. Шаруаға 1200 литрден сүт беретін үш сиырдың орнына 4500 литр сүт беретін өнімді бір асыл сиыр ұстаудың тиімді екенін уағыздайтын уақыт келді. Қайдан, қаншаға алатынын ауыл әкімдері интернеттен таба алады. Бір литр сүтті Балқаш сүт зауытына 50 теңгеден тапсырғанды құптамаймын. Қаладағы баға үш есе қымбат. Тері мен жүн жауыр болған тақырып. Айтпағым, істің тетігін кадр шешеді. Бұл аксиома бұрыннан келеді. Меншікті мемлекет иелігінен алып, жекешелендіру деген науқан ауылдың еңсесін түсіріп, тоздырып жібергені жасырын емес. Бейнетпен бетпе-бет қалған шаруа да абдырады, баласының да беті қайтты. Соңғысы келешекте ауылға тақамауға, малға жуымауға бел буды. Қалаға қоныс аударғаны қаншама. Екі қолға бір күрек таба алмай бос жүргендері де бар. Бір-екі тауарлық несие алып қарызға батқандар да баршылық. «Дипломмен – ауылға» деген ұранның ауыл игілігін көре алмады. Кейінгі 20 жылда Ақтоғай ауданына агроуниверситет бітірген, не зоотехник, не агроном келді дегенді естімедім. «Болашақ» бойынша бітіргендердің де ауылға бармасына сеніңіз. Отыра берсек ұтыламыз. Шығудың жолы мынау. «Жергілікті мемле­кеттік өзін-өзі басқару», «Мемлекеттік қыз­мет туралы» заңдарын, «Агро­­бизнес-2020», «Ең­бекпен қамту-2020» мем­­лекеттік бағ­дар­ла­ма­ларын нақты жұмыс істету. Бірден айтайын, бұл патриоттық (қанат­қақты) жоба. Аты «Ақтоғай ауданында кадр проблемасын шешу жолдары». Тарқатайын: Сарытерек селолық округінен 11-сынып бітірушілер арасында 8-10 бала таңдап алу. Олар сол жерге, сол ауылға кіндігі­мен байлаулы. Бұл – бір. Екіншіден, олар сүттен қымызды, қозыдан лақты айыра білетін балалар. Атқа да міне алады. Осыларды қысқа бағдарлама бойынша оқытып «Ауыл кәсіпкері» деген сертификат беру керек. Мұнымен қоса шофер, тракторшы, электрик деген мамандықтарды қоса беру. Бұл мамандықтар селолық округ, мектеп, ата-ана, баланың қатысуымен таңдалса жөн болады. Ал оқытушы жақтар – тиісті лицензиясы бар заңды тұлғалар. Мүдделі жақтар Балқашта бар, Ақтоғайдан да табылады. Қаржы көзі – «Агробизнес-2020» немесе «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламалары. Балалар агробизнес негіздері, кәсіпкерлік, агрозаңнамалар, бизнес-жоспар жасау секілді қысқа бағдарламалар бойынша оқытылуы керек. Мәселен, мынадай нақты пәндер бойынша оқытылса: «Сыбаға бағдарламасына қатысу»,«Лизингке техника алу», «Аралас көпжылдық шөп егу технологиясы», «Үй маңында қаз, үйрек, тауық, қоян өсіру», «Сүтті ешкілер өсіру», «Сүт өндіруде субсидияларды пайдалану», «Ауылдық тұтыну кооперативін ұйымдастыру артықшылығы», «Мал тұқымын асылдандыру», «КазАгро» АҚ қаржы институттарынан несие алу жолдары», тағы басқалар. Қанатқақты жобаның орны – Сарытерек орта мектебі, оның есеп-шотын да пайдалануға болар. Таңдаған жастарға ақша ауылда, аяқ астында дегенді уағыздауымыз керек. Арнайы бағдарлама жасап, агробизнес негіздерін оқы­тып, биз­нес-жоспар жасауды үйретіп, несие­лер мен субсидиялар алу жолдарына сенді­руіміз керек. Әрине бәрі есеп, интернет, оқы­ту, ал­дын-ала келісу арқылы жүргізілгені жөн. Осыларды әрі қарай Ақтоғайдағы агро­техникалық колледжде бір жыл оқытып агроном, зоотехник, гидротехник, бағалаушы, жерге орналастырушы, селекционер маман­дық­тарының біреуінің дипломын беруге болады. Оқу мемлекеттік тапсырыс бойынша, не «Жұмыспен қамту-2020» бойынша тегін. Бұл мәселені реттеуді аудан әкімі құзыретіне тапсыру керек. Балалардың ішінде зеректерін әрі қарай ірік­теп, С.Сейфуллин атындағы агроуниверси­тетке тегін оқуға жіберген жөн (мүмкін квота бо­­йынша, не бюджет есебінен). Бала өз қара­жа­­­­ты­мен оқи алмайды. Оның басын ашып алу керек. Ескеретін екі жағдай бар. Бірінші. Агро­университетке баратын кандидатпен үшжақты келісімшарт (студент – әкім – агроуниверситет) жасасу. Екінші. Дипломның тақырыбын жұмыс беруші ауыл әкімі анықтайды. Әрине, бұл шара аудан әкімімен келісіледі. Келісімшартқа қол қоюшылар үш жақтың міндеттері мен құқықтарын толық көрсетеді. Баратын жері, алатын қызметі, берілетін әлеуметтік пакет, тұрғын үй, т.б. Келісімшартқа дипломның тақырыбын жұмыс беруші көрсеткені жөн. Ертең маман соған керек. Жағдайын жасайтын сол. Сөйтіп, жоғары оқу орындары бұрынғыша ешкімге керек емес бағдарламалар бойынша маман шығара бермейтін болады. Дәлірек айтсам, С.Сейфуллин атындағы агроуниверситетке автономия берілді. Ол енді жұмыс берушінің тапсырысын қана­­­ғаттан­дыратын, ертең өндіріске пайдалануға жарамды маман дайындайтын болады. Басқаша айтқанда, жұмыс беруші мен жоғары оқу орны бірігіп отырып, сұранысқа сай, өндіріске керек мамандарды шығаратын болады. «ҚазАгроИнновация» АҚ құрылғанынан хабардармын. Ол бүгінде 20-дан астам ғылыми-зерттеу институттарын біріктіріп отыр екен. Кезінде құрамына алмағаны осы агроуниверситет қана болатын. Агроуниверситет ректоры профессор А.Күрішбаевтың таяуда «Егемен Қазақстан» бетінде «Қазақстанның өзіндік азық-түлік кеңістігін қалай құру қажет» атты мақаласы шықты. Онда профессор «Аграрлық ғылымды ұйымдастырудың өзіне өзгерістер қажет. Көптеген білікті мамандарды, біртұтас ғылыми бағыттарымызды жоғалттық. Енді қайтадан елімізде жаңа заманауи ғылыми мектептерді құруымыз қажет», дейді. Меніңше, алдымен Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» ҰБХ, «ҚазАгро­Инно­ва­ция» АҚ, агроуниверситет қайсысы немен шұғылданады, осының аражігін ашып алу керек. Алдымен аграрлы, одан соң индустриялы ел екенбіз. Ауылды енді жүдетпеуіміз керек. Астанадағы агроуниверситетке «Родина», «Ижевск» сияқты 3-4 шаруашылықты өнді­рі­сіне зиян келмейтіндей етіп студенттердің тә­жірибеден өтетін шаруашылықтары ретінде құрса қалай болар еді? Мемлекет ол ша­­руа­шылықтарды қосымша қаржылай қолдаса, қосымша жер, техника берсе дегендей. Нарық тұсында тегін ештеңе жоқ екені бесенеден белгілі. Келген агроном нөлдік технологияны білмесе, топырақтың құнарлылығын айыра алмаса, арпа (жоңышқа) егуді білмесе, ондай маман Ақтоғайға қажет пе? Агроуниверситетті бітірген зоотехник сиырды, қойды асылдандыру технологиясын білмесе, өнімдерін өңдей алмаса, генетика мен селекциядан бейхабар болса ондай маман кімге керек? Бұл агроуниверситет ғалымдарын да (оқытушыларын) еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие кадрлар дайындауға итерер еді. Шұғыл арада оқу бағдарламаларын өзгертіп, қай мамандық қай облысқа (қай ауданға) қажет екенін білер еді. Қазір бұған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де, Білім және ғылым министрлігі де жауап бере алмайды. Ақтоғай ауданы үшін мынадай маман­дықтарды бүге-шігесіне дейін игеріп келген маманға жұмыс та, үй де, күй де болар еді. Әкімнің де қолы ұзарар еді. Ол мамандықтар «Абай селолық округінде аралас көпжылдық шөп егудің тиімділігі», «Нарманбет селолық округінде 360 гектар суармалы жерді біртіндеп игеру жолдары», «Қусақ селолық округінде дәнді дақылдардың қазақстандық сорттарын егудің артықшылықтары», «Ақтоғай ауданы шаруа қожалықтарында ірі қараны асылдандыру, ет өндіруді молайтудың жолы», «Шаруа қожалықтарында ветеринарлық қызметтің мемлекеттік стандарттарын сақтау жолдары», «Отарлы мал жайылымдықтарда баламалы энергия көздерін (жел, күн) пайдаланудың артықшылықтары», «Ақтоғай ауданы далалық (шөлейт) аймақтарында жайылымдықтарды суландырудың қажеттілігі (құдықтар)», «Мек­теп жылыжайында көкөніс өсіру және тамшылатып суару технологиясы», тағы басқалары. Қош, сонымен селолық әкімдер қызметке қайта кіріскеніне – жарты жыл. Заңға сәйкес әкімдер көлігіне мініп, халық алдына шықты, есеп берді. Ақпанның ақ шұнақ аязы есептің температурасын жоғарылатты ма, жоқ төмендетті ме, оған уақыт төреші. Әр округте мал азығы базасын жасау, келген асыл бұқа, текті тұқыммен ұрықтандырылған сиыр, салынған бордақылау алаңы, несие, сойысхана, агролизинг, сүт өндіретін, шикізат өң­дей­тін цехтар, баламалы энергия, агробизнес орта­лығы, ауылдық тұтыну кооперативтері – осы­лардың барлығы ауыл үшін өте қажет инфра­құрылымдар. Шаруа қожалықтарына деген барлық жеңілдік, қолдау, субсидиялар ауыл­дық тұ­тыну кооперативтері арқылы жүрсе оң болар еді. Балқаш сияқты 77 мың халқы бар моно­қала­ның азық-түлік белдеуі Ақтоғай екенін әкім­дер жақсы біледі. От көсеп тұрған кеншілер де біледі. Күні кеше Елбасы тұтыну кооперативтерін құру, оның заңын қабылдау керектігіне Үкіметтің назарын тағы аударды. Егер осы қанатқақты жоба орнынан қозғалса таяу жылдары Ақтоғай ауданы экономикасына бейімделген жоғары білімді мамандар келіп қалар деп ойлаймын. Қарағанды облысының қазағы басым аудандарына ортақ кадр проблемасын шешудің бір жолын ғана көтердім. Басқасы әкімдердің қолында. Қаражат та, заң да, солардың құзы­рын­да. Менің мақсатым тек ой бөлісу, ұсыныс жасау. Амантай ҚАЛЫМБЕРГЕНОВ, «Ақтоғай-Агро» ауылдық тұтыну кооперативінің төрағасы. Қарағанды облысы.