15 Наурыз, 2014

Ынтымақтастықтан – ықпалдастыққа

238 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
интеграцияСолтүстік Қазақстан об­лысы соңғы жылдары мұхит­тың арғы жағындағы ел­дермен интеграциялық бай­ланысқа түсіп, оның ішінде, агробизнес сала­сын дамытуға ерекше мүд­делілік танытып отыр. Экономикасы қарыштап дамыған мемлекеттердің ішінен таңдаудың Канадаға түсуі бекер емес. Біріншіден, табиғаты жағынан ұқсастықтар көп. Екіншіден, бұл елдің мал өнімдері мен заманауи техникалық құрал-жабдықтары әлемдік рынокта үлкен сұранысқа ие. Үшіншіден, үйренерлік, тәлім аларлық тәжірибе мол. «Араласпаса ағайын да жат келеді» демекші, алыс-жақын елдермен жүйелі сауда-саттық қарым-қатынас орнатпайынша өркениет көшіне ілесу– қиынның-қиыны. Бертінге дейін солтүстік­қазақ­стандық кәсіпкерлер тиіп-қашты жұмыс істеп келсе, енді тығыз әріптестік орнатудың маңызы ерекше екенін жете түсінгендей. «Сабақты ине сәтімен». Соның орайы келе қалғандай. Оған Канаданың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Стивен Миллардың өңірге жасаған жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Самат Ескендіровпен жүргізген келісімдер қозғау салды. Өзара уағдаластыққа сәйкес көп ұзамай Манитоба провинциясы үкіметінің сауда мен инвестицияларды дамыту жөніндегі бөлімнің директоры Билл Тириус жетекшілік еткен делегация облысқа арнайы келді. Дөңгелек үстел басына отырмас бұрын жергілікті ахуалмен тереңірек танысуды жөн деп тапқандарына қарағанда, теориядан гөрі практиканы қолай көріп, «жеті рет өлшеп, бір рет пішу» дағдысынан ауытқымаған тәрізді. Выставка Канадалық ауыл шаруашылығы техникалары мен ірі қара өсірушілерінен құралған беделді делегация таныстық жоралғысын “Аvagro” біріккен кәсіпорнынан бастап, осында шығарылатын дәрішашқыш қондырғылармен танысты. Фирма жетекшісі Николай Ерохин Қазақстан нарығында 16 жылдан бері жұмыс істейтіндерін, жылына 150-200 техника бірлігін жергілікті және шетелдік тұтынушыларға жөнелтетінін, бұдан тысқары егін алқаптарын дәрілеумен де айналысатындарын мәлімдеді. Меймандар кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыратындарын жеткізді. “Сұлтан элеватор ұн үгу-макарон комбинаты” АҚ-қа келгенде таңдану әрі ризашылық сезімдерін жасыра алмады. Елбасының тікелей қолдауымен, түркілік бауырларымыздың инвестиция салуымен 1992 жылы бой көтерген ірі өндіріс кешенінің президенті Идрис Карталдың әр сөзін мұқият тыңдап, қысқа мерзім ішінде шырқау биікке көтерілу себептерін сұрастырып-білді. Қазір мұнда 30-дан астам макарон түрлерін өндіретін 4 жүйе заманауи қондырғылармен жабдықталған. Тәулігіне 192 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Оcы жерде «Convey-All Industries Ins» компаниясының менеджері Стивен Фрос әңгімеге араласып, қалдықсыз өңдейтін әртүрлі маркалы жабдықтар шығаратындарына, қазақстандық нарыққа орналастыру мүмкіндігінің ауқымдылығына назар аударды. Делегация өкілдері мен жергілікті ірі ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің, кәсіпкерлердің жүздесуінде екі тараптық экономикалық ынтымақтастықты өрбіту басты тақырыпқа айналды. Кездесуді аймақ басшысы Самат Ескендіров ашып, канадалық ауыл шаруашылығы техникаларының сапасына жоғары баға берді. Бүгінге дейін 328 трактор, 306 егіс кешені, 40-тан астам дәрішашқыш және 20 “Кенворт” автомашинасы сатып алынған. Жергілікті табындар өнімділігі жоғары сүтті голштин, етті ангус, герефорд асыл тұқымды қашарларлармен толықтырылуда. Жуырда жеткізілген 300-ден астам бас мал тез жерсініп кеткен. Делегация басшысы Билл Тириус өз сөзінде сапар мақсатын кеңінен түсіндіріп,Президент Н. Назарбаевтың индустриялық аймақтарды дамытуға басымдық беру саясатына қолдау көрсетті. Сіздер де бұл бағытта бірталай шаралар белгілер отыр екенсіздер. Үй құрылысы комбинаты мен кірпіш зауытын ашу жоспарларыңызды құптаймын. Бәлкім, біріккен кәсіпорындар құру арқылы құрылыс инфрақұрылымын жаңғыртудың оңтайлы шешімдерін іздестірген абзал болар десе, «AGI-Ag Growth International» компаниясының директоры Каспас Паварс астық сақтау құрал-жабдықтарының үлгілерін ұсынып, әрқайсысына сипаттама берді. Жеткізу, құрастыру біздің міндетімізге жатады, жасалатын жеңілдіктер жоқ емес, деді. «Xports International Ins» компаниясының жетекшісі Стивен Бонк мал экспорттау мен мал шаруашылығы индустриясына қатысты өз ойларын ортаға салды. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақстандық әріптестердің ізденістері қолдауға тұрарлық. Әсіресе, ірі қара малының еттік тұқымын жаппай өсіруге бетбұруы назар аудартады. Канадада 12 миллионнан астам бас ірі қара малы өсіріледі. Етті бағыттағы ірі қара малы тәулігіне 2 килограммға дейін салмақ қоса алады. Ішкі нарық қажетін өтейтін өзге салалар аясында да көмек беруге әзірміз. Бұдан да өзге сөйлеушілер пневматикалық конвейерлік құрал-жабдықтар, тасымал тіркемелері, орталықтандырылған вакуум жүйелері артықшылықтарын тілге тиек етті. Жиын соңында канадалық делегация басшысы маусым айында Солтүстік Америкада өтетін ірі ауылшаруашылық көрмесіне қатысуға шақырды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.