15 Наурыз, 2014

Ұлыс жеті күн ұлықталады

366 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Без имени-1Биыл шығыс өңірі Наурыз мейрамын ерекше атап өтеді. Яғни ежелгі дәстүр  негізінде Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шаралар мемлекеттік күнтізбедегі мейрамнан жеті күн бұрын бас­талады. Әр күннің өз ұраны, іс-шараларды өткізуге арналған арнайы тақырыбы бар. Ұлық мереке облыста осылайша 16 наурыз күні басталып кетеді. Алғашқы атаулы мереке өңірде «Өніс» күні болып белгіленді. Табиғат-ананың оянуын білдіретін бұл күні айы-күні жетіп босанған аналарды перзентханаға барып құттықтау, дүние есігін ашқан сәбилерге қадірлі ақсақалдардың бата беруі, облыстық әділет департаменті қызметкерлерімен бірге сәбилердің туу туралы куә­ліктерін табыстау және озат ауыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету көзделіп отыр. Екінші күн «Қамқорлық» деп аталады. Атауы айтып тұр­ғандай, 17 наурызда соғыс және еңбек ардагерлерін құт­тықтап, қарияларға құрмет көр­сетілмек. Жетім балалар, қарттар үйлеріне бару­ды ұйымдастыру, мұқ­таж­дарға көмек көрсету де қарас­тырылған. «Тазалық» аталған үшінші күн түлеуге, түрленуге үн­дей­тін ерекше еңбекке толы күн болмақ. Жаңаруды, тазаруды мақсат еткен 18 наурызда көшелер, мекемелер мен ұйымдардың аумақтары, аулалар күл-қоқыстан арылады. Ал 19 наурызда «Ын­ты­мақ» мерекесі аталып өтеді. Халықты бірлікке үндейтін бұл күні мерекелік іс-шаралар өтетін орындарда мерекенің басты нышаны – «Алтыбақан» орнатылады, негізгі мерекелік шаралар: концерттік бағ­дар­лама, түрлі байқаулар мен басқа да өнер сайыстары эт­но­мәдени орталықтардың кеңінен қатысуымен ұйым­дас­тырылатын болады. «Ырыс» мейрамы аталатын бесінші мерекелік күн ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен, концерттік кештерімен ерекшеленеді. Бұл күні аймақтың фермерлері, диқандары өз өнімдерін базар нарқынан төмен бағаларда саудалауға мүмкіндік алады. Яғни өңір жұртшылығы үшін молшылық мерекесіне ай­налмақ. Алтыншы күннің аты – «Шат­тық». Мәдени-бұқа­ра­лық іс-шараларға толы бола­тын Ұлыстың бұл күнінде ән және би конкурстары, айтыс, шығармашыл зиялы қау­ым өкілдерімен кездесу­лер ұйымдастырылады. Кеш­ке жастарға арналған ойын-сауық, оның ішінде «Ал­ты­бақан», «Айқыш-ұй­қыш», «Ақсерек-көксерек», «Ал­қақотан» сынды ұлттық ойындар өткізілмек. Әз Наурызға арналған ал­ты күн аяқталып, жетінші күні шығыс жұртшылығы исі түркінің, күллі қазақ­стан­дық­тардың жыл айналып күткен мейрамы – Ұлыстың ұлы кү­нін қарсы алады. Күн мен түн теңеліп, жылқы жылы бо­са­­ғадан аттайтын Ұлыс кү­нін­­де көптеген мерекелік іс-ша­ра­лар өткізу жоспарланып отыр. – Өңір басшысы Бердібек Са­парбаевтың тапсырмасы бойынша биыл шығыс өңі­рі Наурыз мерекесін осылай қарсы алуды жоспарлап отыр. Жеті күнді таңдап алуы­мыздың себебі, қазақ халқы жеті санын қастерлейді. Бұл – жақсы дәстүрге жол ашатын жоба бола ма деген ойымыз бар,– деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Н.Ах­метжанов. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.

Салт-дәстүрдің тұғыры – әз Наурыз

Астанада түнде аздаған суық болғанмен, жылт еткен күн көзі қалың қардың көбесін сөгіп жатыр. Арасында қар қылаулап, жаңбыр себелеп қояды. Сөйтіп, әз Наурыздың лебі сезіле бастады. Соның бір дәлелі Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Конгресс-Холл» сарайында ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік думанды кеш дер едік. holl 1Сөйтіп, қанымызға сіңісті, жанымызға жұғысты, ой-санамызға нұрлы шуақ сыйлап сілкіндіріп-серпілтетін, тіліміз, салт-дәстү­ріміз бен әдет-ғұрпымызды наси­хаттауға тұғыр болатын ата-бабамыздан салт болып келе жатқан мере­­кемізді көпшіліктің тойлау­ына ықпал етуді мақсат тұтқан іс-шараның басы елордада басталып кетті. Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы жыл сайын наурыздың 11-і мен 22-сі аралығында «Армысың, әз Наурыз!» атты қалалық байқау өткізуді дәстүрге енгізген. Дәстүрлі шараға аумақтық, жергілікті мемлекеттік органдар мен құрылымдық, денсаулық, мәдениет, спорт, қоғамдық, тұрмыстық қыз­мет көрсету мекемелері, сауда орталықтары, жоғары және орта арнаулы оқу орындары қатысады. Мере­кенің соңғы күндері үздік деп танылған мекемелер әкімдік тарапынан арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Наурыз мерекесіне лайықталып өр­нек­телген сахна төрінде арнайы бата оқылып, келер жылқы жы­лына жұлдыз жорамал жасалып, көңілді көрерменге әсем ән әуенімен шашулар шашылды. Кешті жүргізушілер арасында дәстүрлі «Тойбастарды» жұрттың өзіне бас­татып, апа-әжелерге «Бесік» жырын жырлатып, «Тұсаукесер» на­қышын орындағандарға арнайы сый-сияпаттар табыстады. Кеш барысында Сәуле Жел­дібаева «Наурыз-думанды», Данияр Мұханов «Айтбайды», Клара Төлен­баева «Аққу-арманды», Ерлан Рысқали «Ақ сиса» мен «Сегіз аяқты», Жаңабай Өтегенов «Аяланы», Елена Әбдіхалықова  «Есі­ңе мені алғайсыңды» нақышына келтіре орындап, көпшілікті риза етті. Сондай-ақ, сахнада «Наз» мем­лекеттік театрының бишілері би билесе, «Серпер» домбырашыла­ры күй күмбірлетті. Айтыскер ақын­дар Балғынбек Имашев пен Ай­сәуле Бейсенханның мерекеге орай­ластырылған айтыстары көп көңілінен шықты. holl 6holl 9 Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.