15 Наурыз, 2014

Қазақстандықтар Наурыз мерекесінде бес күн демалады

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

15-03-14-nauryz-1

Қазақстанда Наурыз мерекесінің демалыс күндері бес күнге ұласады. Мереке күндері 2010 жылы белгіленген тәртіпке сәйкес наурыздың 21-нен 23-іне дейін созылса, тағы екі күн сенбі және жексенбінің есебінен толығады. Бұл туралы Headline.kz  хабарлады. Сонымен, қазақстандықтар 2014 жылы 21- 25 наурыз (жұма, сенбі, жексенбі, дүйсенбі, сейсенбі)  аралығындағы 5 күнді демалыспен өткізеді. БҰҰ-ның 2010 жылы қабылдаған қарары бойынша 21 наурыз күні Халықаралық Наурыз мейрамы болып танылған. Сондықтан БҰҰ осы ұйымға мүше мемлекеттерді ежелден келе жатқан осы мейрамды кеңінен таратуға атсалысуға шақырады. Наурыз мейрамы – Қазақстанда көктемгі жаңғыру мерекесі. Ол Шығыс халықтарында мұсылмандық қабылданғанға дейін көп бұрын пайда болған. Сондықтан онда діни салт-дәстүрлер мен үрдістер жоқ. Шығыс күнтізбесі бойынша Наурыз – көктемгі күн мен түннің теңесуімен бірге келетін жаңа жылдың басы. Ертеде жұрт Наурыздың келер алдында өз үйлері мен шаруаларын түгел тәртіпке келтіріп, мейрам құрметіне ағаш пен гүл еккен. Себебі, Әз Наурыз таза үйде тұратын жақсы адамдарға келеді, сондықтан бұл адамдар ауру-сырқаудан, сәтсіздіктер мен келеңсіздіктерден аман болады деп саналған. Ұлыстың ұлы күні мерекесі жылдағы дәстүр бойынша Қазақстанның барлық аймақтарында кең көлемде, жоғары көңіл күймен атап өтіледі. Ол, мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында атаулы 9 күнге созылса, Шығыс Қазақстан өңірінің жұртшылығы 7 күнді осылай өткізуге шешім қабылдап отыр. Наурыз күндері ән мен күйге көптеп орын беріледі, түрлі ұлттық ойындар ойналып, спорт жарыстары сөреден шығады, сан қилы конкурстар өткізіліп, жәрмеңкелер қанатын жаяды. Бұл күні, әлбетте, жұрт үйлерінің маңы мен қоғамдық орындарға, саябақтар мен көшелерге ағаш егеді. Мұрат Айтқожа. Дереккөз: Headline.kz . Фото: Headline.kz .