15 Наурыз, 2014

Павлодарда тірі адам қайтыс болғандар тізіміне енгізіліпті

280 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
15-03-PavlodarПавлодар облысындағы жас ана 3 жыл бойы қайтыс болғандар тізімінде болған. Бұл туралы «24 kz» хабарлады. Павлодар облысының тұрғыны Сымбат Берталина өзінің қайтыс болғандар тізімінде тұрғанын тек қызын босанғаннан кейін білген. Баланы үйіне шығарған сәтте әкесі туу туралы куәлік алуға Халыққа қызмет көрсету орталығына барады. Сымбаттың 3 жыл бойы қайтыс болғандар тізімінде тұрғаны да сол күні белгілі болды. Осыған байланысты олар нәрестеге құжат рәсімдеуде қиындықтарға тап келді. 2011 жылы Сымбаттың үлкен апайы Қымбат дүниеден өткен болатын. Қателік сол кезде жіберілсе керек. Ал Халыққа қызмет көрсету орталығындағы  қызметкерлер бұл шикілікке түсінік беруден бас тартты. «Өзімді қайтыс болғандар тізіміне енгізгенін естігенде, қатты қобалжыдым. Мені қалай апаммен шатастырып алған? Қазір осы өрескел қателік салдарынан балама тиесілі құжат пен жөргек пұлды ала алмай жүрмін»,-дейді Сымбат Берталина. Павлодар облыстық прокуратурасы бірінші басқармасының прокуроры Данияр Ысқақов бүгінде осы мәселеге қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын және нәрестеге жақын арада құжат берілетінін мәлімдеді. Әмірхан Алмағанбетов. Дереккөз: «24 kz». Фото: «24 kz».