15 Наурыз, 2014

Жоғалған «Боинг» Үнді мұхиты аумағынан іздестіріледі

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

15-03-14-boeing-1

Бұдан бірнеше күн бұрын Оңтүстік Қытай теңізі үстінде үшті-күйлі жоғалып кеткен Малайзия әуе компаниясының авиалайнері енді Үнді мұхиты акваториясынан іздестірілетін болып отыр. Бұл туралы «Интерфакс» хабарлады. Кеше, 14 наурыз күні таңертең спутниктерге жоғалып кеткен Boeing-777-200 ұшағының бортындағы дыбыс импульсін алудың орайы келді. Әуе Әскери күштерінің мәліметтерінше, сигнал лайнер диспетчерлер радарынан жоғалып кеткесін бес сағаттан кейін тіркелген. Ол кезде ұшақ «қалыпты» биіктікте бара жатқанын, ал әуе кемесінің көрсеткіштері барлық талаптарға сай болғанын айтады сарапшылар. Бұған дейін БАҚ беттерінде ұшақтың жоғалып кеткеннен кейін 4 сағатқа жуық уақыт әуеде жүргені жайында ақпар таратылған еді. Рас, Малайзиядағылар бұл ақпардың «дәл» емес екенін де алға тартуда. Сондай-ақ диспетчерлердің ұшақты бақылап отырған жүйелері бірінен кейін бірі істен шыға бастағаны да баяндалған. Мұның техникалық ақаулық болған-болмағаны әзірге белгісіз. Сарапшылар осыған орай жүйеде олқылықтар орын алған кезде оның домино принципімен істен шығатынын айтады. Еске сала кетейік, бортында 239 жолаушы бар Малайзия авиалайнері наурыздың 7-сінен 8-іне қараған түні жоғалып кеткен болатын. Ұшақ әуежайдан ұшып шыққаннан кейін шамамен екі сағаттан соң радардың бақылауынан шығып кетіп, біржола жоқ болып кетті. Болжам бойынша бұл кезде лайнер Оңтүстік Қытай теңізі үстінде ұшып бара жатуы тиіс еді. Сол кезде оның келген жағына, яғни Куала-Лумпурға қарай кілт бұрылғаны да белгілі. Бірақ содан кейін оны көрген де, хабарын естіген де ешкім жоқ. Кейін тек бұл ұшаққа өзге біреулердің паспорттарын ұрлап алған екі адамның отырғаны белгілі болды. Олар ұшаққа отырар кездегі тіркеуден де қатар өтіпті. Содан бері ондаған елдің 40-тан аса ұшағы мен 40-қа жуық кемесі апат орын алуы мүмкін деген болдамды ауданды ерсілі-қарсылы шарлап жатыр. Алайда, ұшақтан еш хабар шықпады. Енді оның Үндістан аумағынан асып, Пәкстан жерінен өтіп, Үнді мұхитының үстіне дейін жеткені айтылуда. Олай болса, ұшақ қуғынмен алып кетілген бе? Мұның бәрі қазір жұмбақ қалпында қалып тұр. Осы жұмбақты шешу үшін іздеушілер назарларын Үнді мұхитының акваториясына қарай аудара бастады. Мұрат Айтқожа. Дереккөз: Интерфакс. Фото: Associated Press.