17 Наурыз, 2014

Маңғыстауда бірнеше ауыл құм астында қалуы мүмкін

1094 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
SAM_1095-1Маңғыстау облысындағы бірнеше ауылға құм астында қалу қаупі төніп тұр. Бұл туралы «24 kz» хабарлады. Жер астындағы су көздері сарқылып, өсімдік жамылғысы жойылып кеткен соң Сенек, Ұштаған және Тұщықұдық ауылдарына қарай құм көше бастапты. Ал еліміз ғалымдары мұның алдын алу үшін шөл далаға бірқатар төзімді өсімдіктерді егеуге ұсыныс  жасаған. Жалпы, аталған өңірге қарасты Ұштаған ауылының маңы Сахараның шөліне ұқсайды. Дәл осы жерде бірнеше жыл бұрын бүтін бір ауыл тұрған-ды. Үйлері құм астында қалғандықтан жүздеген тұрғын басқа жерге қоныс аударды. Құм көшкінінен қоныс аудару тығырықтан шығудың жолы емес.Сондықтан жергілікті билік оның алдын алу мақсатымен алты жыл бұрын «Жасыл әлем» мекемесін құрды. Соның негізінде қамыстардан жасанды бөгеттер жасалып, шөлге төзімді бірқатар өсімдіктер егілді. Мәселен, қоңыр көмірден алынған тыңайтқышты жантақ, жүзген және сексеуіл сынды өсімдіктердің өсуіне пайдалануда. Ғалымдар бұл тыңайтқыштың өте тиімді екенін айтады.Бұл турасында республикалық химия ғылымдары институтының қызметкері Айнұр Шәкірова былай дейді: «Біздің препараттың ең жақсы жағы – өсімдіктердің тамырлануына жақсы әсер етеді. Ал өсімдік неғұрлым тамырланған сайын өзінің өсіп-өнуіне, ауа райының қолайсыз жағдайына төзімді болып келеді». Қазір құмнан қорғану жұмыстарына ауылдағы үлкен-кіші атсалысуда. Кейбірі көшеттер отырғызып жатыр. Жалпы, осы өңірдегі  құм көшкінін тоқтату үшін әлі де 200 шаршы шақырым жер қалпына келтірілуі тиіс. Әмірхан Алмағанбетов. Дереккөз: «24 kz». Фото: Egemen.kz.