18 Наурыз, 2014

Ұяң ұлағат

463 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
фото.Сыдиыков КАқпанның алғашқы аптасы да аптыға жеткен. Қары қарбалас, аязы арбалас, желі ал да қаш. Құлагер-жылдың құйғытқан екпіні күнтізбенің парақтарын қиып түсіріп жатыр. Таң атса, күн батады. Таң таңға талықсып сәлем береді. Таңғы түс тәңірдің сәлемі деп жатушы еді бұрынғылар... Түс көріппін. Туған ауылымда, Ақкиіз­тоғайымда жүр екенмін деймін. Айдын көлдің жағасы. Қарашты қуалай қонып, тепсеңге қатарлап қанатын жазған ақшаңқан үйлер. Дөдегесі дуадақ тектес киіз үйдің ішінде көп адам. Ду-ду. Ортада мол дастар­қан. Отырғандардың бәрі де таныс секілді, бірақ бет-жүздері анық көрінбейді. Бір кезде қарсы алдымда отырған Ислам­ғали нағашымды көрдім. Әңгіме айтып отырған да сол кісі. «Биыл Қабекеңнің 80 жылдығы ғой, ұмытқан жоқсың ба? Газетке мақала жазу керек, сен жазбағанда, кім жазады, ұзатпай кіріс» деп маған ұмсына қарайды. «Жазамын, нағашы, әрине жазамын» деп уәде беріп жатырмын. Сол жерде отырып, жазар мақаламның тақырыбын ойлап отырмын. Тіліме тың тіркес оралды: «Ұяң ұлағат». Тапқан секілдімін тақырыбын. Осылай қоямын мақаламның атын деп ойлаймын. Түсімде. Осындай тіркесті қолдануға бола ма деп ойлаймын. Түсімде. Сөз тіркесін бір­неше рет қайталап, санама сіңірдім. Бұл да түсімде. Болатын секілді. Сонымен, бұл мақаланың тақырыбы түсімде түзілді. Өз­герткен жоқпын. Таңғы түс еді, аян шығар... Сонымен, ұлттық әдебиеттану ғылы­мы­на жүз кісідей құрметпен қарап, бір кісідей қолтаңба қалдырған, қазақ ақын-жырауларының өлмес туындыларын тірнектеп жинап, өшпес қазына етіп, талдап таратқан, қазақтың қара өлеңіндей қарапайым да қайсар азамат, ғалым, ақын, ұстаз Қабиболла Сыдиықұлының жұртымызға қалдырған жақсы ұлағаты туралы сыр-естелікке қалам тартпаққа бекіндік. * * * Қабекеңнің – Қабиболла ағаның есімін бала кезден әке-шешемізден естіп, әбден қанығып өстік. Ауыл-үйдің той-томалақ, ас-садақаларында оның есімі ауызға жиі ілінетін кезең еді ол. Сөз баққан жұрттың баласы болғасын, оның үстіне құйттай кезімізден батырлар жырына көміліп, құныға тыңдап, құмарта сезініп өскесін де болар, қалам ұстаған жандар бізге құдіреттей көрініп, қасиеттей сезіліп жататын. Ауылдан шыққан ақындардың өзі бізге Абайдан кем емес кез. Жем жағалай жүгіре орналасқан шағын ауылдың шаңдақ көшесінде қалыптасқан бір тәртіп бар: ауыл әйелдері өзеннен су алып қайтқан шақтарда көшенің басынан көрінген ерекше бір адамның алдын кеспей әдеп сақтап, иінін талдырған иінағаштарын екі иығына кезек саумалдап, ол кісі жандарынан басын сәл иіп, ишара беріп өткенше тапжылмай тұратын. Ақ сақалы имани кеудесіне құлаған, ақ шаңқан шапаны мен басындағы сәлдесі ақ сәулеге шомылып, оған одан сайын жұмбақ та тылсым қасиет беріп тұратын, қолындағы ақшыл асатаяғы өзіне тән әлдебір сәнмен қозғалатын бұл абыз қария аймаққа аты таныс атақты молда Сыдиық қария болатын. Қабиболла ағаның әкесі. Осынау абыз қарттың салмақты жүріс-тұрысы, сарабдал мінезі, сындарлы лебізі, әңгімені әрлеп те, нәрлеп те айтатын шынайы шеберлігі, сөз саптасы Құран мен Пайғамбар хадистерінен терең бастау алып жататын білімі мен білігі Қабекеңе қапысыз жұққан. Қабекең, әсіресе, ескілікті әңгіме мен әдемі әзілге келгенде жібектей есіліп, жаныңды самала сәулеге толтырып жіберетін. «Тал жібектей таза сөз еш жеріңді жырмайды» деген Тұрмағамбет шайырдың ғажап теңеуі осы кісінің адами келбетіне шебер шапқан шын күмістей қона кететін. Шағын болғанмен, шалқар тарихы бар Ақкиізтоғай ауылы талай-талай талантты түлектерді ұшырды. Бір кездері еліміздің бір аудандарынан сонша еңбек ері, сонша академик, сонша делегат шыққан деп мақтанған уақытымыз болды. Әрине, бұлар мақтануға тұрарлық деректер болатын. Қыза-қыза: «деді ғой Леонид Ильичтің өзі» деп әнге қосып жібергеніміз де бар. Бұл мақтаныштың артында қарбалас қимыл, ерен еңбек, маңдайтер жататын. Еселі күндердің қарымтасы тұратын. Халқымыздың қанында бар адалдық пен абзалдық, іскерлік пен ізеттілік, тіпті баладай аңғалдық, данадай дарқандық бой көрсететін. Азаматтың атын шығарып, елдің абыройын көтерген де осы ұлттық мінезіміз ғой. Біздің Ақкиізтоғай атты аядай ғана ауылымыздан жиырма ақын шыққан. Тек аттары қағазға түскендерін айтып жатырмын. Атақты абыз әулие Бекет атаның туған жері. Түркі жұртының талайлы тарихында Жем бойында болған жойқын ұрыстар мен адырнасы ала өгіздей мөңіреп, қозы жауырын жебелері суылдаған атырапта ғұмыр кешкен бабалардың қорамсақ қосықтары қосарлана жазылған. Кеңестік кезеңде оның тарихы Шығайбайдың шежіресіндей болғаны өз алдына бір баянхат. Уақыт шаңы басыңқырап, дәурені асыңқырап, көнетоз жадымыздың жабығынан сығалаған сол баян-дүр енді кейінгі көгенкөз ұрпақтың көкірегінен сыр болып саулап, жыр болып тұнып жатыр. Сондықтан болар, бұл ауылдың адамдары батырлар жырымен баласын жұбатып, бабалар жырымен бесігін тербеп өскен. Сол бесікте тербелген сәбидің бірі, әлгі айтылған жиырма ақынның тізімін бастатып тұратын Сыдиық атамыздың перзенті Қабиболла ағамыз болатын. Қабекең 1950-жылдары аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектепті үздік бітіріп, соның нәтижесінде бес жыл Жылыой ауданындағы мектептерде мұғалім болып еңбек еткен. Мектеп бітіре сала мұғалім болған. Жастарды үйрете жүріп, үйреніп, өмір мектебінің алғашқы тәлімін алған. Иманды қарттың батасын алып, ізгілікке бауланған балаң мұғалім өзінің үлкен өмір жолын адамзаттың ең игі мамандығы – ұстаздықтан бастаған. Содан ғұмыр бойы осынау ұлы миссияны адал орындап кеткен азаматтың бірі болып дүниеден озды. Кейінгі жылдарда, Алматыға қоныс аударған кезіндегі ғылыми жұмыстағы қызметінде де ұстаздық ұлы ниетінен айнымай өтті. Өзі де өмір бойы ізденді, шәкірттеріне де сондай үлгі қалдырды. Ыждағатты, ықыласты, ынталы кісі болатын. Беріден айтқан әңгімеңнің өзін әріден ойлап, ойыңа ой, пікіріңе пікір қосып, байытып жіберетін. Ал принципті мәселеге келгенде оның ішкі қайсарлығы әділдік туын көтеріп, азаматтық болмысы атойлап шыға келетін. Ұяң бола тұрып, ұранын бермейтін. Қаби ағаның кешегі кеңестік кезеңдегі күрделі шақтарда да, жаны ауырып, жабыр­қау тартқан сәттерде де сабырлы да салмақты қалпы әлі көз алдымда. Көркі де, көңілі де көркем жан еді. Қандай жағдайда да арнасынан аспайтын, ашуын ақылына жеңдіріп, қиын жерде саспайтын, әрбір әңгімесі мен ісі жақсылық пен адамгершілікке бастайтын Қабекеңнің бойындағы осынау керемет қасиеттер қазіргі күнде жастар бойынан аздау көрінетіні көңілдің үркек пернесін қозғап-қозғап кетеді. * * * ...1968 жылдың мамырға иек артқан мамыражай күнінде сыныптасым Аманқұл мектепке бір жұқалтаңдау кітап ала келді. Түрінде мақтаныш. Таласып, тармасып әлгі кітапты қолдан қолға ала қашып, оқып жатырмыз. Кітаптың аты: «Теңіз лебі», авторы Қабиболла Сыдиықов. Өлеңдер жинағы. Ішінде туған-туыстарына арнап жазған жүрекжарды қолтаңбасы бар. Өзім де өлең ауылына атбасын бұрып, алғашқы жырларым аудандық газетте жарық көріп жүргендіктен6 әлгі кітапқа қатты құладым. Тірі ақынның тірі қолтаңбасын алғаш рет көрген сол бір шақ есімнен әлі күнге кетпейді. Ішіндегі бізге таныс ел, жер аттары менің бала қиялымды одан әрі тербетіп, мені Қабиболла Сыдиықұлы атты ақын ауылына жетелеп алып келе жатты. Құштар көңіл құмарлық атты белеске өрмелеп, шіркін-ай, мен де осындай ақын болып, кітап шығарсам деген арғымақ-арман көңіл даласында құлдыраңдай шапты. Бір сыныпта бес бала – Мақсот, Аман­ғали, Аманқұл, Абат, мен бәріміз өлең жазамыз. Жарыса жыр жазып, дәурен-ай күндерде даурығып жүрген біздерге бұл кітап жан азығы болып жан сарайымызды толтырып, ұстаз болып, ұлағат берді. Кейінгі жылдарда жол түсіп, дәм тартып, талай елдер мен жерлерде болып, сандаған теңіздердің сабатты толқынында тербелген шақтарда есіме Қабекеңнің: «Теңіз деген осы ма құдіретің, толқындары таудай боп улап-шулап, жақпарларға лап беріп жүгіретін» деп басталатын жайсаң жырын жадымда жаңғырта қайталап, туған теңізім – Каспийді алғаш көрген балаң шағымды қайыра көз алдымнан өткіземін. Сосын жаңа теңізге жатсынбай сәлем беремін. Қабекең қазақ әдебиеттану тарихына ерекше еңбек сіңірген ғалым еді. Айқайлап алға шықпай-ақ, кеуде керіп, кербезденбей-ақ «ақырын жүріп, анық басып, еңбегін далаға жібермеген» зиялы болатын. Өмір бойы бір тынбай, бейне бал жинаған бейнеткеш арадай ғұмыр кешті. Ешкімге еңбегін бұлдамай, әркімге көзін сатпай, күлшелі баланы сүймекке ұмтылмай, әдебиетті ардың ісі деп бағалап, сол ардың ісіне кіршіктей қылау түсірмей, өзінің азаматтық болмысының ақ парағын шимай-шатпаққа былғамай еңбек етті. Ол ғылым кандидаты болса да, ғылым докторлары қаймығатындай іс тындырды. Қазақ даласының сан қиырындағы саңлақ сөз жүйріктерінің туындыларын талмай іздеп, тапжылмай зерделеп, тарих шаңы мен кеңестік кіреукеден тазартып, ақықтай айбаттандырып, жақұттай әйбаттандырып, қылыштай қайраттандырып халқының қазына-қоржынына олжа салумен болды. Оның қаламынан туған ғылыми еңбектер «мен Қабиболла Сыдиықұлы қолынан шық­қанмын» деп жұтынып тұратын. Зерделі, зейінді пікірлері орайын тауып, әдебиет сарайының кетігін тауып қаланып, «қыздың жиған жүгіндей» жымдасып кететін. Қабекең елімізде ең бірінші болып Бекет атаның өмір тарихы, ғұмыр кешкен ортасы, оның ғұламалық іс-әрекеті мен ел аузындағы ерен тірліктері туралы 1994 жылы «Бекет ата» деген шағын болса да шымыр ғылыми-көпшілік еңбегін шығарды. Бірер жылдықта Бекет атаға қатысты ғылыми-танымдық ең­бектер сараланғанда оның осы еңбегі бі­лімпаз мамандардың жоғары бағасын алды. Ол басқа осы тектес еңбектерден иық озды­рып тұрды. Тарихи фактілер мен ел ау­зын­дағы аңыз-әпсаналарды талдау тұрғы­сында ол келтіретін мысалдар қашанда де­рек­тік-дәйектік жағынан қамшы салдырмайды. Ғалымның қаламынан туған «Ақын-жыраулар» (1974 ж.), («Ақберен»), «Дала жырлары» (1989 ж.), «Сарқылмас қазына» (1989 ж.), «Көркемдік өрнектер» (1992 ж.), «Халқымен қайта табысқандар» (1997 ж.) атты монографиялар мен зерттеулер, сонымен қатар, «Ерте дәуірдегі ауыз әдебиеті», «ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихы», «ХV-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы» секілді ұжымдық зерттеу еңбектеріндегі ғылыми талдамалық мақалалары зерттеу нысанын терең танумен, терең талдаумен, терең зерделеумен және орынды да орнықты жазуымен ерекшеленеді. Бұларға қосымша онға жуық тарихи және ғылыми оқулықтарды құрастырушылардың бірі ретіндегі еңбегі өз алдына бір төбе. Жалпы, біздің әдебиеттану ғылымында қазақ қауымын дүр сілкіндіріп, күллі қазақ жұртын құмарпаз оқырманға айнал­дырған екі кітап бар: бірі жанкешті ғалым, заңғар қаламгер, табанды зерттеуші, ұлтжанды азамат Мұхтар Мағауиннің 1971 жылы шығарған «Алдаспаны» («XV-XVIII ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясы»), екіншісі Қабиболла Сыдиықұлының өзі құрастырып, алғы сөзін жазып, 1974 жылы шығарған «Ақберен» ақын-жыраулар шығармашылығы жинағы. «Алдаспан» мен «Қобыз сарыны», «Ақберен» шыққан кезеңдегі ұлттық өрлеу мен ұлттық серпіліс біздің жан дүниеміздегі аңсарлы армандарға тұлпар мінгізіп, ту ұстатқандай болды. Ақжолтай «Алдаспанға» ерген «Ақ­берен» ұлттың өзін өзі танудағы жаңа бір бе­лесі болып есте қалды. «Алдаспанның» ақ жолын одан әрі жалғап әкеткен бұл еңбек, шын мәнінде, қазақ халқының саналық сілкінісінің басы болды десек, артық болмас. Халық көкірегіндегі булы­ғып жатқан болмыс бойын жазып, дүр сілкініп, жыраулардың жалынды жырлары жауынгерлік рухты маздатса, осынау ұлы істің басы-қасында жүрген абзал ағалардың ерлікке тән еңбегі болатын. Сол үркердей топтың ішінде Қабекеңнің де қайратты қаламы жарқылдап көзге түсті. Дегдар сыншы Зейнолла Серікқалиевтің: «Қабиболла Сыдиықұлы ұлтымыздың мәдениет тарихына өзі туралы да салиқалы сөз жазған ғалым», деп кезінде «Егемен Қазақтан» газетінде байсалды баға беруі оның бүкіл болмысын ашып көрсеткен орынды пікір. * * * 1974 жылы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, дипломымды алып, ауылға, анамның қасына келдім. Мезгіл жаз айы. Күзге дейін әлі уақыт бар. Көңіл тоқ. Алдында, нау­рыз айында келіп, Маңғыстау облыстық газетінің редакторы Рысхан Мусинге кіріп, реті келсе газетке жұмысқа алуға өтініш бергенмін. Ол кісі уәдесін беріп, көңілді бірлеп кеткенмін. Үй көлеңкесіндегі ағаш сәкіде жатып, Алматыдан ала келген кітабымды оқып жатқанмын. Үй сыртынан ат тұяғының дүсірлеген дауысын естіп, басымды көтерсем, нағашым Смағұл үйге тақау келіп, аттан түскелі жатыр екен. Ұшып тұрып, «ассалаумағаләйкүм» деп ауыз толтыра сәлем бердім. Бір сәт ол аттан түспей, кідіріп қалды да, «қане, әкел дипломыңды» деді. Әп-сәтте алып жеттім. Нағашым аузы күбірлеп дипломдағы жазудың бәрін оқып шықты да, қалтасына қолын салып, үнемі тоқ жүретін шиланын ашып, аттың үстінде тұрып сәкінің үстіне қарай 6 жиырма бестікті қалқытып жіберді. Ойдай ақша. – Ал, енді менің бұйымтайымды сұра, – деді нағашым. – Нағашы, менен не қалайсың, әлде өзіңе арнап бір өлең жазайын ба? – дедім. – Сыдиықтың баласы «Ақберен» деген кітап шығарыпты. Сол кітапқа қолы жеткендер ақ тауды айырып, қара тауды қайырып, мақтана күмпілдеп, марқая қуанып жатыр. Алматыдан келдің, маған соның біреуін тауып бер, – деп өтіне қарады. Мен сәті түсіп ол кітаптың екеуін алған едім. – Ой, нағашы, табуын табармын-ау, бірақ оның бағасы шиланыңды біраз ортайтып кетеді ғой, – дедім не айтар екен деп. Шәкес бір тайлағын сенде жүре тұрсын деп келеге қосып еді, соны күзде кемеліне келген түйе етіп қайтарайын, соғым менен болсын, – деді қолы ашық нағашым. Шешемнің атын айтқасын мен де көп әріге бармадым, үйден «Ақбереннің» біреуін алып шығып, ат үстінде ауылды көшіре саңқылдап тұрған нағашымның қолына ұстаттым. Жоғы табылып, қуанып кеткен нағашым торы жорғасын тайпалта басып үйден ұзай берді. Кейін «Ақберен» жинағы туралы осындай оқиғалардың бірталай кездескенін естіп жүрдім. Бұл, ең алдымен, өзінің ұлттық қазынасына ұмтыла қол созған қалың қазақтың құштар көңілі болса, екіншіден талай жыл Маңғыстау мен Атырау, Ақтөбе мен Ақжайық бойын тынымсыз шарлап, жанкешті жұмыс жасаған, бір өзі бір әдеби-мәдени, ғылыми экспедицияның жүгін көтерген, сол кездің өзінде-ақ мәдени мұраны жинақтаудың ізін салуға жол ашқан еңбеккер ғалым, ақын әрі мұратанушы Қабиболла Сыдиықұлының ұзақ жылғы маңдайтерінің өтеуі болатын. Сөз басында әңгіме болған «Бекет ата» туралы еңбегі де осындай жарқын сәттерді бастан кешті. Ғалым зерделеген сол жырлар күні бүгінде Абылдың, Нұрымның, Ақтанның, Қашағанның, Аралбайдың, Сүгір­дің, Сәттіғұлдың, Мұраттың, Ма­хам­бет­тің, Жем бойы жырауларының өлмес туындылары болып, салтанатты сахналардың рухын көтеріп, халықтың құлақ құрышын қандырып жүр. Бір ізге түскен, текстологиялық дәлдікке мейлінше жақындаған, қазақ жырының қасиеті мен қуатын барынша екшеп, домбыраның шанағына, жыршының көмейіне құйған бұл жинақтың жұрт алдындағы жарқын кейпін біз естен шығармауымыз керек-ақ. Қашан көрсең де даланың ерке желіндей биязы, сырлассаң ағаңдай адал, досыңдай қадірлі Қабекеңнің ішкі жан дүниесі қайсарлық пен намысқа тұнып тұратын. Асықпай алысқа ағатын дала өзеніндей мінезін кейде жуасқа балап жіберетін сәттер де өтті ол кісінің басынан. Бірақ Қабекең әрекет етер жерде шалт, намысқа түсер кезде шапшаң болатын. Осындай бір сәтін бүкіл ел біледі. Болған оқиға. Боямасыз баяндап көрейін. Ағаның үйіндегі жеңгеміз Гүлшат Алматы облысының Нарынқол ауданының тумасы. Алматы шет тілдер институтын бітірген маман. Қабекеңнің жеңгемізбен сөз байласып жүрген кезі екен. Жазғы демалысын алып, елге кеткен. Осы арада қызымыз көз көріп, құлақ естімеген, алыс қияндағы Атырау еліне кетеді деген сөзге ерген туған-туыстары студенттік каникулға келген Гүлшат қызды бір айттырған жеріне асығыс ұзатуды ойлайды. Уақыт тығыз. Қабекең қаннен қаперсіз елінде жатыр. Содан берік байламға келген жеңгеміз бір сенімді адамнан шұғыл хат жолдап, «уәдең бұрынғы болса, мені алып кет» деген ыңғайда сәлем жолдайды. Жігіттер де тез құлақтанып, жолға жиналады. Ақыры қыз алып қашушылар Гүлшат жеңгемізді Алматыға жеткізеді. Осы оқиғадан кейін Қабекеңнің «ерлігі» елге аңыз болып тарайды. Қайсарлық деген категорияға қосуға болатын секілді. Фариза ақынның Гүлшат жеңгемді жақсы көріп, оған керемет өлең арнағаны да содан болар. Ішкі жан дүниесіндегі осынау қарапайым қайсарлық Қабиболла Сыдиықұлын үнемі өз мақсатына деген нұрлы нысанасынан адастырған жоқ. Ол әдебиетке де, ғылымға да, дәстүр-салтқа да өмір бойы адал болып өтті. Отбасына адалдығы өз алдына бір дас­тан. Бірақ оның өн бойында бір ұлағатты ұяңдық есіліп тұратын. Көпке үлгі боларлық қасиет. Жасқа тәлім боларлық мінез. Ұрпаққа үлгі боларлық ұстаным. * * * Қабекеңнің көзі тірісінде оның осынау ізгі қасиеттерін өзіне айта алмадық. Айтудың ретін тапсақ та, мақтаннан ада, мадаққа сараң ағаның мінезін білгендіктен тартындық. Алпыс жасқа толу тойында елге барғанда қасына ердім. Туған елі тік тұрып қарсы алды. Жылыой ауданының құрметті азаматы атанды. Әкемнің көзін көргендер, анаммен сырлас болғандар мені де бауырларына басты. Осы сапар барысында ағаға арнап жазған жырымның кей тұстарын еске түсіре кеткенді жөн көрдім: ...Сол күндерді сағынышпен ән етем, Сағым болып сан соқтырды жан әкем. Сені көрсем сол күндерді көремін, Қаби аға, Қаби ғалым – Қабекем.   Мұны ойласам мұңы тәтті ән екен, Мұң дегенді түсіне алар жан екем. Менің бала күндерімнің куәсі, Қаби аға, Қаби ұстаз – Қабекем.   Соны ойлаймын, бұл да үлкен мән екен, Сөз өнері шын дерт екен, зәр екен. Соңымызда кімдер, кімдер бар екен? Қаби аға, Қаби ақын – Қабекем. Енді оның туғанына 80 жыл толған шақта толғанып айтқан сөзіміз оның рухына жасаған інілік ізет, кішілік тағзым болса деген ниеттеміз. Бұл сөзге қазақтың зиялы азаматы, ұлтына, ұлттық әдебиетіне өмір бойы адал қызмет жасаған Қабиболла Сыдиықұлын білетіндер, көзін көргендер толық қосылады деген сенімдеміз. Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.