18 Наурыз, 2014

Өмірге құштар еткен «Жан жылуы»

1036 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ұлыстың ұлы күні Самарқанның көк тасы да ериді деседі. «Жан жылуы» да наурыздың күні секілді қатқан жүректерді жібітті. Ұлыстың ұлы күні қар астынан бәйшешек гүл қылтияды. «Жан жылуы» да сол гүл секілді жанға жылылық, құштарлық сыйлайды. Ендеше, «Жан жылуының» қайырымдылық концерті Наурыздың қарсаңында аталып өтуінің мәні зор. Себебі, Ұлыстың ұлы күні – адамдарды татуластыратын, қайырымдылық жасайтын, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беретін ұлық мереке. jan jyluy 3 «Қазақстан» ұлттық арнасындағы талай жанның өмірге құштарлығын оятып, жүректерге жылу сыйлаған «Жан жылуы» бағдарламасының эфирге шыққанына биыл бес жыл. Осыған орай Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Қазақстан» ұлттық арнасы қайырымдылық кешін ұйымдастырды. Концертке бағдарламаның арқасында өмірі үлкен өзгерістерге ұшырап, көрерменнің көп көмегін көрген кейіпкерлер де шақырылыпты. Кеш барысында олардың күрделі тағдырынан сыр шертетін бейнекөріністер көрсетілді. «Бес жылдың ішінде «Жан жылуы» эфирге шығарған кейіпкерлердің басым бөлігі бүгінде мүлдем өзгер­ген. Айталық, Дидар Қайыпов қайы­рымды, жүрегінде ізгілік шуағы мол жандардың көмегімен емделуге 7 мың АҚШ долларын жинап қана қоймай, Алматы облысы әкімдігі тарапынан баспанаға қол жеткізіп, мемлекеттік тегін протезге ие болды. Бүгінде Дидар аяққа тұрып, тіпті үйленуге де талпыныс жасап жатқанға ұқсайды. Сондай-ақ, морт сыну бер жағы, сүйектері бордай үгітіліп бара жатқан үш жасар Аружан мен 10 жас­тан енді ғана асқан Рамазан сынды қос мұңлық та жарық дүниеде қалуға деген үміттің соңғы сәулесін осы «Жан жылуынан» іздеп келген еді. Ата-аналары, тіпті қолына ұстап, бауырына басуға қорқатын халге жеткен Аружан мен «тым құрыса өзі отырса ғой» деп армандайтын Рама­занды бағдарламадан көрген жұрт еріксіз егіліп қана қоймай, қол­дарынан келгенше қаражат жинап берген. Нәтижесінде, тағдыры егіз екеу де Мәскеуге барып емделіп, өздігінен отырып, тіпті Аружан жүре алатын да халге жетіп отыр. Айта кету керек, Аружанға көмек қолын созған «Жас Отан» жастар қанаты. Олар қайырымдылық концертін ұйым­дастырып, алты миллион теңге қара­жат жинап берген. Ал Астана қаласы әкімдігі Рамазанға екі бөлмелі пәтер сыйлаған. Қазір ол үйден болса да сабақ оқып жүр. Бұдан бөлек, кезінде анасы балалар үйіне өз қолымен тапсырған Асқар Иманқұлов 9 жасқа толғанда «Жан жылуы» арқылы Сары­ағаш­тан өзіне мейірімді ата-ана тапты. Расын­да, осы бес жылда қаншама адамдардың кеудесіне үміт дәнін сеуіп, өмірге құштарлығын арттырса, жеке өзіме денсаулық пен өмірдің қадірін түсінуді үйретті», дейді «Жан жылуы» бағдарламасының продюсері, жүргізушісі Ақбаян Сапарбаева. Шынымен, бұл концерт өзгелерден өзгешерек болғаны даусыз. Оның жүргізушілері де ерекше, олар – қоларбаға танылса да мемлекеттік қызметпен бірге телеарна жүргізу­шілігін қатар алып жүрген жігерлі жігіт Ардақ Отарбаев пен Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәр­бие­ленушісі Самат Андреев. Ал олар­дың қасында «Қазақстан» ұлт­тық телеарнасының продюсері, тележурналист Ертай Нүсіпжанов пен «Жан жылуы» бағдарламасының жүргізушісі Ақбаян Сапарбаева болды. Кешке сондай-ақ, Досымжан Таңатаров, Гүлнұр Оразымбетова, Бақыт Шадаева, Ардақ Балажанова, Жаңабай Өтегенұлы, Майра Ілиясова сынды қазақ эстрада жұлдыздарымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған «Қолар­бадағы бишілер» тобы мен «Шашу» отбасылық ансамблі де өнер көрсетті. Ал концерттен түскен қаржымен абай­сызда марганцовка ұнтағын жұтып қойып, өңеші күйіп қалған төрт жасар алматылық Әсет Жиенбековке көмек көрсетілмек. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген  Ерлан Омаров, «Егемен Қазақстан».