18 Наурыз, 2014

Дәстүр сабақтастығы

432 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
100-851ЭКСПО шежіресі: Льеж, 1905 жыл Кезекті Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі Бельгияның Льеж қаласында 1905 жылы 27 сәуір мен 6 қараша аралығында өтті. Халықаралық көрме Бельгия тәуелсіздігінің 75 жылдығына және король ІІ Леопольдтің билік құрғанына 40 жыл толу құрметіне арналды. Билікқұмар және мақтау сүйетін қатыгез монарх ІІ Леопольд тарихта өзінің атын қалдыру мақсатында, өзінің корольдігінде Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізу туралы шешім қабылдады. Көрме Бельгияның сол кезде көлемі жағынан екінші қаласы болып саналатын Льеж қаласында өткізілетін болды. ІІ Леопольд бүкіл әлемге өзінің байлығын паш етуді мақсат тұтты. Ал оның байлығы шынында да жетерлік еді. Liege Expo 1905-4 Бельгия королі бұл байлыққа ерен қатыгездігінің арқасында Конго өзенінің бойындағы афри­калық елдерді басып алып, құл­дыққа айналдыру барысында қол жеткізген еді. Конго өзе­ні бассейнінде мекен ететін халық­тарды құлдыққа айналдыру саясатын шексіз қаталдықпен жүргізген ІІ Леопольд замандастарының арасында «тәж киген маклер» деген атқа ие болған еді. Бельгия королі қорғансыз африкалықтардың қанын судай ағызып, олар мекендейтін өңірдің байлығын барынша иеленді. ІІ Леопольдтің құлдарға деген қаталдығы туралы талай аңыздар тарады. Ол сәл ғана кінәлі болған құлдардың бірден қолдарын немесе аяқтарын шауып тастап отырған. Тарихшылардың дерегі бойынша, ІІ Леопольд билік құрған кезеңде Конго еліндегі тұрғылықты халықтың саны 20 миллионнан 10 миллионға дейін құлдыраған. Қанішер корольдің құлдық саясатын жүргізген өңірлердегі асқан қатыгездігі еуропалықтар тарапынан талай рет сынға алынды. Алайда, ІІ Леопольдтің шешімімен өткізілгелі отырған Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесіне Австрия, Бол­гария, Дания, Франция, Арген­тина, Бразилия, Канада, АҚШ сияқты 29 мемлекет ресми түрде қатысуға келісімін берді. Ал Қытай, Жапония, Испания және Германия мемлекеттері Льеж қаласында өт­кізілетін ЭКСПО көрмесіне бейресми қатысушылар ретінде тіркелді. Халықаралық көрмені өткізу қарсаңында Льеж қаласы қайта құрылды. Көрме қалашығына жақын маңайдағы тұрғын үй кварталдары толығымен абаттандырылды. Альберт каналы және Орт, Маас өзендері арқылы жаңадан бірнеше көпірлер салынды. ІІ Леопольд Бүкіләлемдік көрме өткізу шараларына ешқандай қаржы аямады. Қалада жаңадан трамвай желісі салынды. Жергілікті өзен айлағы түбегейлі қайта жабдықталып, Еуропадағы ең ірі айлаққа айналды. Көрме қалашығы Льеж қаласы­ның ең көрікті жеріндегі 66 гектар бау-бақша аймағында қоныс тепті. Көрме қалашығы құрылыс нысандарын салуға король қазынасынан мол қаржы бөлінді. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізуде қалыптасқан дәстүр бойынша, Льеж қаласындағы көрмеге қатысатын әрбір мемлекет өздері қол жеткізген ғылым мен техника жетістіктерін барынша көрсетуге тиіс еді. Осы дәстүрге сәйкес көрмеде сол кезең­дегі ғылым мен техника жетіс­тіктері кеңінен көрініс тапты. Әсіресе, көрмеге келушілерді бас­па саласындағы жаңалық, қазіргі тілмен айтқанда полиграфиялық өнер саласындағы инновация ерекше қызықтырды. Көрмеге белгілі суретшілердің туындыларының жаңа технологиямен жасалған көшірмелері қойылды. Бұл көшірмелердің түпнұсқамен дәлдігі көрермендерді ерекше таңдандырды. Міне, осы баспа саласындағы жаңа технологияның жетістіктерінің нәтижесінде кітап басу өндірісі жаңаша сипат алды. Көп бояулы, түрлі-түсті журналдар шығарыла бастады. Көрмеде алғаш түрлі-түсті бояумен шығарылған плакат келушілердің көз жауын алды. Осы кезеңнен бастап түрлі-түсті бояумен шығарылатын плакаттар әртүрлі тауарларды жарнамалайтын жарнама құралына айнала бастады. Нақ осы көрме өткізіліп жатқан күндерде техникалық гуаш бояуының жаңа технологиялары өндіріске енгізілді. Льеж қаласында жалауы алты ай бойы желбіреген бүкіләлемдік жетістіктер көрме­сінің құрметіне композитор Жан-Теодор Раду салтанатты рәсімге арналған кантата жазып шығарды. Көрме қалашығында салынған көркем-өнер сарайы сол заманғы сәулет өнерінің ерекше туындысы ретінде бағаланды. Бүкіләлемдік көрменің жәдігерлері қойылған осы сарай кейіннен Льеж қаласының иелігіне берілді. Бүгінде осы сарайда Льеж қаласының қазіргі заманғы өнерінің мұражайы ор­на­ласқан. Осы ретте айта кете­­тін тағы бір мәселе, 1905 жыл­ғы Льеж қаласында өткен Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі­нің көптеген жәдігерлерін бельгия­лықтар күні бүгінге дейін сақтап келді. 1905 жылғы көрмеде көпші­лікті таңдандырған көптеген жәді­­герлер Льеж қала­сында өт­кен Бүкіләлемдік көрменің 100 жыл­дығына орай қайтадан мұра­жай­ларға шығарылды. Ұқып­­ты­лық­пен сақталған бұл жәді­герлер уа­қыт сынына төтеп беріп, бүгінгі көрер­меннің көзайы­мына айналуда. Қатыгездігімен аты шыққан ІІ Леопольд осы көрмені өткізу барысында замандастарының арасында пайданың көзін таба білетін қаржыгер ретінде де танылды. Бельгияда өткен осы көрмені алты ай мерзім ішінде 7 миллионнан астам адам тамашалады. ІІ Леопольд бұл көрмені өткізу барысында жеке қазынасынан шығарылған мол қаржыны қайтарып қана қоймай, 75 117 бельгиялық франк көлемінде таза табыс тапты. Льеж қаласы дүниежүзілік ауқымдағы айтулы шара – Бүкіл­әлемдік жетістіктер көрмесін өткізу жөніндегі дәстүрін бұдан кейін де сәтті жалғастырды. Басқасын былай қойғанда, оған осыдан бір-екі жыл бұрын Льеж қаласы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құрметіне ие болу жолындағы бәсекеге түсіп, Астананың бірден-бір қарсыласы болғандығы куә. Абырой болғанда, Халықаралық көрмелер бюросы ұйымына мүше 160-тан астам мемлекеттің 100-ден астамы елордамыз – Аста­наны қолдап дауыс беріп, тарих шежіресінде ерекше салтанатпен аталатын ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік мамандандырылған көрмесін өткізу құрметі Қазақстанға бұйырды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».