18 Наурыз, 2014

Ұлы кобзарьға арналды

271 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
taras 2 Астанадағы Оқушылар сарайында украинның «Оберег» этно-мәдени орталығының ұйымдастыруымен украин халқының ұлы ақыны, суретшісі және этнографы Тарас Шевченконың шығармашылығына арналған кеш болды. Ұлы кобзарьдың туғанына 200 жыл толуы құрметіне өткізілген бұл шара әдеби-музыкалық композиция түрінде қанат жайды. Тарас Шевченко тағдырдың айдауымен өз өмірінің елеулі бір кезеңін қазақ жерінде өткізді. Арал аймағынан Маңғыстау түбегіне дейінгі мекенде бірнеше жыл өмір сүрген оның жүздеген туындысы осы кезеңде туындады. Олардың арасында көптеген өнегелі өлеңдері мен сыршыл суреттері бар. Шынайылығы мен тазалығы сол қалпында сақталған бұл шығармалар әлі күнге дейін өз оқырмандары мен көрермендерінің жүректерін дүр сілкіндіріп келеді. Кеште осы жайында «Оберег» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тамара Ширмер кеңінен әң­гімелеп берді. Ол сонымен бірге, екі халықтың арасына сол кездерден бастап салынған алтын көпірдің уақыт ұзаған сайын әлеуеттеніп келе жатқанын тілге тиек етті. – Тарас Шевченко қонақжай да бауырмал қазақ халқын өте жақ­сы көріп, осы өлкенің өскелең ұр­пағына көптеген өлеңдері мен әндерін арнады, – деді ол. – Өз кезе­гінде қазір украин халқы да Тарас Григорьевичке кезінде зор қамқорлық жасағаны үшін қазақ жұртына үлкен алғыс сезімдерін білдіріп келеді. Кешті ұйымдастырушылар биыл ұлы кобзарьға арналған бір ғана кеш ұйымдастырылғанын, ал алдағы жылы олардың қатары еселеп артатынын атап өтті. Мұрат АЙТҚОЖА. Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.