19 Наурыз, 2014

Электронды қызмет қоғам игілігіне

233 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ-тың басқарма төрағасы Мирболат Аюпов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол елімізде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен осы саладағы нарықты дамыту туралы әңгімеледі. Аталған холдинг елімізде элек­трон­дық мемлекеттік қызметтерді да­мыту саласындағы оператор екені мәлім. Сондықтан, Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауына орай холдингте қабылданған негізгі шаралар жөнінде сөз болды. «Елбасы Жолдауында айқындаған негізгі міндеттердің бірі – экономиканы индус­трияландыру және инновацияландыру негізінде құру қажет екендігі тура­лы үндеу болды», деп бастады сөзін бас­қарма төрағасы. Оның сөзіне қара­ғанда, бүгінгі таңда ақылды экономика­ны ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытусыз құру мүмкін емес. Сондықтан, былтыр «Ақ­паратты Қазақстан-2020» мем­лекет­тік бағ­дарламасы жасалып, қабыл­данған екен. Одан бері бірталай жұмыс атқарылған. Бұл бағдарламаның басты мақса­ты – ­ақ­па­ратты қоғамға өту үшін қажетті шарттар жасау. Себебі, өмірдің барлық саласына ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу заманауи шынайылықтың ажырамас бөлігіне айналып үлгерген. Аталған бағдарламаның саладағы алдыңғыларынан үлкен айыр­машылығы бар. Онда елдегі ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның бәріне толық қолжетімділікті қамтамасыз етуден бастап, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы үшін ақпараттық орта құрып, қалыптастыруға дейін қамтылған. Қазақстанда соңғы жылдары электронды сауда саласының қарқынды дамып келе жатқаны да назардан тыс қалмады. «Электронды сауданың дамуы – ол қоғам дамуының көрсеткіштерінің бірі. Осы жолда инфрақұрылымды, мәліметтер берудің инфрақұрылымын дамыту қажет. Ал бұл мәселе Қазақстанда толықтай шешілген. Сондай-ақ, кон­тент­тің, сервистің пайда болуы да маңызды міндеттердің бірі», деді М.Аюпов. Ол мамыр айында холдинг электронды сауда тақырыбына арналған «Астекс-2014» халықаралық көрме-конференциясын өткізгелі отырғанын да айтты. «Электронды сауда қазір Қа­зақстанда өте үлкен қарқынмен дамып келеді. Жаңа индустрия ретінде ол негізгі сервистер бойынша даму үстінде. Қазірдің өзінде «Эйр Астана», «Қазком» сынды электронды сауда нарығында көшбасшылар да пайда болды», деді холдинг төрағасының орынбасары Б.Құрманғалиева. Брифингте салаға қатысты заң туралы да әңгіме болды. «Заңнамалық база әрбір саланың дамуы үшін негіз болатыны белгілі. Сол сияқты, электронды саудаға қатысты заң жобасы қазір толық дайын және алдағы уақытта Үкіметке жолданады. Заң жобасын әзірлеуге барлық интернет-қауымдастық қатысты деуге болады. Олар өздерінің мүдделері мен құқықтарын талап етіп, оның құжатта қарастырылуына қол жеткізді. Мысалы, электронды шот-фактураның енгізілуі де үлкен жетістік болып табылады», деді тиісті заңға қатысты сұраққа жауап берген басқарма төрағасы. Сөз қорытындысында холдинг жетекшісі электронды қызмет елімізде іркіліссіз дами беретінін айтып, қоғам игілігі үшін күн санап құзыретін кеңейте беретініне тоқталды. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».